Қытай парламенті – Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Си Цзиньпинді екінші бес жылдық мерзімге төраға етіп сайлады. Қытай коммунистік партиясы ұсынған оның кандидатурасын жасырын жолмен дауыс беруге қатысқан 2970 делегаттың бәрі қолдаған. Сонымен бірге, Си Цзиньпинді Қытай Орталық әскери кеңесінің төрағасы қызметіне де қайта сайлаған. Нұрсұлтан Назарбаев Си Цзиньпинді ҚХР Төрағасы қызметіне қайта сайлануымен құттықтады. Елбасы бұл оқиғаны елдің ұлттық мүддесін ілгерілету ісіне зор үлес қосқан Си Цзиньпинге Қытай халқының жоғары бағасы ретінде атап өтті. «Қытай Сіздің басшылығыңызбен орташа ауқатты қоғам құру жолында бұдан да биік шыңдарды бағындыратынына сенімдімін. Келешекте Қазақстан мен Қытайдың түрлі салалардағы стратегиялық әріптестігі қарқынды дами беретініне және халықтарымыздың достығы одан әрі нығая түсетініне еш күмәнім жоқ. Осыған орай өзара сенім мен түсіністікке негізделген біздің жеке достығымыздың маңызы ерекше. Арамыздағы қарым-қатынастарымыз бен бірлескен жұмысымыз келешекте Астана мен Пекиннің жемісті ынтымақтастығының берік тірегі болатынына кәміл сенемін», - делінген жеделхатта. 64 жастағы Си Цзиньпин Қытайды 2013 жылдан бері басқарып отыр.