БҚО әкімі Алтай Көлгінов Президентке есеп берді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

БҚО әкімі Алтай Көлгінов Президентке есеп берді

04.03.2018

Осы апта Елбасына есеп берген Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгіновтің де арғымақтай арындап, ана тілінде мүдірмей сөйлегені әлеуметтік желінің де басты тақырыптарының біріне айналғандай. Сүйсінгендері де, «қазақтың қазақша сөйлегенінің несі жаңалық?» деп, өзінше түйсінгендері де болды. «Орысша сөйлесе, ортекедей орағытып, оттай жанып, ана тіліне келгенде аузын қипақтатып, оқтау жұтқандай міңгірлеп қалатын кей әріптестеріне үлгі болсын» деп сүйсінеді де жұрт. 40 жастағы әкім ана тілі мен ресми тілден бөлек, ағылшын мен түрік тіліне ағып тұр. Шетелде оқыған ұлтжанды шенеунік.

Былтыр Батыс Қазақстан облысында 2,2 трилллион теңгенің өнімі өндіріліпті. Өңір басшысының айтуынша, аймақта өнеркәсіп, қайта өңдеу секторы мен құрылыс салаларындағы көрсеткіштер артып келеді. Сондай-ақ, Алтай Көлгінов Президентке мемлекеттік және салалық бағдарламалардың облыста жүзеге асырылуын баяндады. Айтуынша, «Нұрлы жер» бағдарламасының аясында көптеген тұрғын баспанамен қамтамасыз етілген. Қабылдау соңында Нұрсұлтан Назарбаев аймақ басшысына бірқатар тапсырма берді. 

Хабарламаларға жазылу