«Жақсы бағдарлама - жақсы рейтинг, ал, жақсы рейтинг - жақсы жарнама кепілі» деген тәмсіл бар масс-медиа ұғымында. Әлбетте, жақсы жарнама мол қаржының көзі екені сөзсіз. Сондықтан болар, отандық телеарналар рейтинг мәселесіне келгенде патша пейілді көрерменнің сын садағына ілініп жатады. Себеп не дейсіз ғой? Көбіне-көп сұмдық рейтинг беретін біздің дініміз бен ділімізге қарсы, арсыз, имансыз, тексіз телеөнімдер екені жасырын емес. Иә, бұл нарықтың қатыгез заңдылығы. Ал, біздің санамызда болса, ақпарат құралдары - ағарту мен тәлім-тәрбиенің бұлағы, халықтың көзі, тілі һәм құлағы. Мұны неге тілге тиек етіп отырмыз? Өйткені, осы апта «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Мирас» республикалық кеңесінің бейнеконференция түрінде өткен отырысында Ұлттық кодты қалыптастырудағы мемлекеттік телеарналардың рөлі терең талқыланды. Айтпақшы, кеңестің жаңа төрағасы - Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан болмақ. Өйткені, бұрынғы төраға Мәулен Әшімбаевтың «Нұр Отанның» өте жауапты қызметіне кеткені белгілі. Сонымен, алқалы кеңесте басылымдар, теле, кино өнімдер мен телебағдарламалар сапасының да заман талабы мен бәсекеге қаншалықты сәйкес екені жан-жақты сарапталды.
Ержан ҚАЛЫМБАЙҰЛЫ