Кеше қазақ руханияты ауыр қазаға ұшырады. 62 жасқа қараған шағында қабырғалы қаламгер, ойлы драмтург, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Рахымжан Отарбаев дүние салды. «Рахымжан, дархан дарыным, Атыраудай ерке арыным. Бірге өскен асау жылдарда рухының күшін таныдым», деп Мұхтар Шаханов бастап, Шыңғыс Айтматов қостап: «Рахымжан – интеллектуалды қазақ прозасының XXI ғасырдағы озық ойлы өкілі», деген екен уағында. Ал, Дулат Исабеков: «Рахымжанның шығармаларында қаншама кейіпкер болса – соншама қайталанбас ғажайып образ бар», деп бағалаған. Әбдіжәміл Нұрпейісов те «Рахымжанның әр жазғаны жүрекке шабар шындық», деп тәнті болған. Рақымжан Отарбаев 1956 жылы Атырау облысында дүниеге келген. «Орал өңірі» газетінде, Қазақ телерадио комитетінде, «Қазақ әдебиеті» газетінде, «Жалын» журналында жұмыс істеген. Қазақстанның Қырғызстандағы елшілігінің атташесі қызметін атқарған. Әр жылдарда Маңғыстау облыстық радиотелевидение компаниясын, Атырау облыстық драма театрын, Астанадағы Қазақстан ұлттық академиялық кітапханасын басқарды. Жазушының «Шер», «Жұлдыздар құлаған жер», «Жайық жыры», «Қараша қаздар қайтқанда», «Дауысыңды естідім» атты кітаптары жарық көрген. Жекелеген шығармалары түрік, араб, ағылшын тілдерінде басылып, «Бейбарыс сұлтан», «Бас», «Нашақор жайлы новелла», «Нұржауған-ғұмыр», «Сырым батыр», «Мұстафа Шоқай» сынды пьесалары республикалық және шетел театрларында сахналанған.