2020 жылы нөлінші сынып оқуды бірден латын қарпімен бастайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

2020 жылы нөлінші сынып оқуды бірден латын қарпімен бастайды

18.02.2018

Бізде өзі жаңа министр келсе болды, ерғашты болған қой торыдай қайқаң ете қалатын екі сала бар. Бірі медицина, екіншісі білім. Министр ауысқан сайын саланың миы да өзгереді, түрлі реформаны көз көреді. Сағадиевтің осы саланың тізгінін ұстағанына ақпанда екі жыл болды. Келгелі тыңнан түрен салмаққа талпынып жатыр, нәтижесін уақыт көрсетер. Осы аптада бұл министрлік те алқа мәжілісін өткізді. Шәкіртінің бақытын аялаймын деп, өзінің уақытын аямайтын ұстаздар үшін жақсы жаңалық бар. Жалақы өседі. Бірақ, барлығына бірдей емес. Жаңартылған мазмұн бойынша сабақ беретін мұғалімдердің жүктемесі артқандықтан, лауазымдық жалақысын көбейту қарастырылған. Біздегі ұстаздардың ұстамы мықты ғой, жалпы. Көнбіс. Жандары сірі. Бірақ, еңбектері еленбейді, лайықты төленбейді. Мәселен, кабинетті меңгеру, сыныпқа жетекшілік етуге қосылатын төлемдер 5 мың теңгеден аспайды. Мектепте күніне 15 сағаттан, демалыссыз жүреді. Педагогикалық жұмыспен қатар, қағаз толтыру сияқты түрлі бюрократиялық жұмыстар тағы бар. Сондықтан, мұғалімдіктің қадірі кетіп, ұстаз боламын дейтін ұрпақ азайып барады. 2011 жылы елдегі университеттерде 118 мың жас мұғалім мамандығында оқыса, бүгінге дейін бұл көрсеткіш екі-ақ мыңға өскен. Министр Сағадиев айтқан бір жаңалық -  екі жылдан соң, демек, 2020 жылы елімізде нөлінші сынып пайда болады. Олар кириллицаның не екенін білместен, бірден латын қарпімен оқиды. Тақпақ жаттаған оқушыдай дайындалып келген министр алқа мәжілісінде тағы не айтты? Индира Бекайдардың сюжетінде.

Хабарламаларға жазылу