Президент Әсет Исекешев пен Қайрат Әбдірахмановты қабылдады

18.02.2018

Президент сұхбат берген күннің ертеңінде Ақорданың алдына Әсет Исекешев ат байлады. Әкім Елбасыға елорданың 20 жылдығын мерекелеуге дайындық жұмыстары қызу жүріп жатқанын баяндап шықты. Шаруаға ширақ басшының Елбасыға берген есебі де тәп-тәуір. Астананың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші былтырғы жылдың қорытындысы бойынша екі есеге артқан. Өнеркәсіп 7 пайызға өсіпті. Соңғы бес жыл ішінде 46 индустриалдық жоба бір триллион теңге кіріс әкелген. Рекордық көртсеткіш те бар. Өткен жылы 2,4 миллион шаршы метр тұрғын үй салынған. «Қазір жеке инвесторлар мен ұлттық компаниялар есебінен шаһардың барлық ауданында құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатырмыз», - деді Исекешев. Астана маңында жаңа жолдар салу жоспары да сөз болды. Президент елордада басқа өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп салынған бірқатар әлеуметтік нысанның құрылысына қатысты жұмыстарды оң бағалады. Астананың әкімі қаланың 20 жылдығына дайындықты баяндаса, Сыртқы істер министрі Елбасыға Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі мен Каспий маңы мемлекеттері басшыларының саммитіне Қазақстан тарапы қызу дайындалып жатқанын жеткізді. Бұл сәрсенбідегі кездесу. Ақордаға кіріп шыққан Қайрат Әбдірахманов Президентке ведомствоның  алдағы жоспарын тізіп шықты. Мемлекет басшысының министрдің алдына қойған үлкен бір міндет – шетел инвесторларын елімізге молынан тарту.

Хабарламаларға жазылу