Елбасы Алтай Көлгіновті қабылдады

19.11.2020

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновті қабылдады. Елбасы пандемия кезінде әлеуметтік әлсіз топтар мен бизнес өкілдерін қорғауға назар аударды. Қала басшысы тұрғындарға арналған қолжетімді баспана құрылысына тоқталды.   

Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасын қабылдады. Кездесуде Абылай Мырзахметов отандық бизнесті қолдауға қатысты шараларға тоқталды. Дәрі-дәрмек пен медицина бұйымдарын шығаратын отандық өндірушілердің жұмысы туралы айтып берді. Сонымен қатар, халықты жұмыспен қамту, карантин шектеулерінен зардап шеккендерді демеу мәселелері талқыланды.

Бүгін Нұрсұлтан Назарбаевтың қабылдауында Президент көмекшісі – Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Әсет Исекешев те болды. Жүздесуде эпидемия мен әлемдік дағдарыс кезінде ұлттық қауіпсіздік мәселелері талқыланды. Әсіресе, ақпараттық, әскери, экономикалық қауіпсіздік маңызды. Елде қылмыс деңгейін азайту шаралары қаралды. Кездесу соңында Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев Әсет Исекешевке бірқатар тапсырма жүктеді.

Фариза Мұсақызы 


Елбасы Алтай Көлгінов

Хабарламаларға жазылу