Ұлттық арна «Халықтың сүйіктісі» жүлдесіне ие болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлттық арна «Халықтың сүйіктісі» жүлдесіне ие болды

04.02.2018

Астанада дәстүрлі «Халықтың сүйіктісі» ұлттық сыйлығының иегерлері марапатталды. 7-ші мәрте ұйымдастырылған байқауда жеңімпаздар жылдағыдай әлеуметтік желіде дауыс беру арқылы таңдалған. Ғаламтор қолданушылары жылдың үздік спортшылары деп былғары қолғап шеберлері Қанат Ислам мен Фируза Шарипованы таныды. Ал, балаларға арналған ән байқауында талантымен талайды таңдай қақтырған Данэлия Төлешова «Жыл құрметтісі» марапатына ие болды. Кеңес Одағының батыры Сағадат Нұрмағамбетов атындағы қайырымдылық қорының президенті Махмұт Нәлібаев «Жыл меценаты» атанса, ақын Шөмішбай Сариевке «Алтын дәуір» сыйлығы берілді. 60 жыл бойы үздіксіз хабар таратып келе жатқан Ұлттық арна үшін де биылғы байқау табысты болды. Ребрендинг саясатын сәтті өткізген «Қазақстан» телерадиокорпарациясын көпшілік «Жыл жаңалығы» сыйлығына лайық деп баға берді. Ал, белгілі журналист, қазақ телевизиясында дара қолтаңбасы бар Дана Нұржігіт «Үздік тележүргізуші» атанды.

Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу