Қазақ елі қазір сандық жүйе, цифрландыру дегенді қоғамның кез-келген секторына сіңіруге көшті. Бірер жыл бұрын ғана тілге тиек етіліп жүретін сандық технология мен цифрландыруды былтырдан бері қолға алып, жолға қоюды жеделдетті. Тіпті, Президент Жолдауының биыл «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» деп аталуының өзі тегін емес. Өйткені, өмірді өзгертіп, жұмысты жеңілдетіп, жұрттың тірлігіне тиімді қызмет көрсетудің маңызы артты. Осы аптада Алатау баурайында «Жаһандану дәуіріндегі цифрлық күн тәртібі» деген атпен алқалы форум өтті. Оған алыс-жақын шетелдерден жүздеген сарапшы барып, Еуразиялық Экономикалық Одаққа мүше елдердің үкімет басшылары арнайы қатысты. Айтылған мәселе осы кеңістіктің экономикалық дамуы мен барыс-келіс, алыс-берістегі кедергілерді сандық жүйеге енгізе отырып шешу.
Алмат ӘБДІРАМАН