Елбасы биылғы Жолдауында Ұлттық банкке қаржы секторын қайта жаңғыртуды тапсырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елбасы биылғы Жолдауында Ұлттық банкке қаржы секторын қайта жаңғыртуды тапсырды

04.02.2018

Халықтың қамын қазына жасайды. Ал, қазынаға қаржы халықтың қалтасынан құйылады. Алайда, тұрақты салық төлеушілер мен жұмысқа қабілетті жұрттың табысымен бюджеттің бүйірін толтыру әсте мүмкін емес. Осыны ескерген Елбасы елдің есіл байлығынан түсетін табыстың бір бөлігін Ұлттық қор жасақтап, соған құйып отыруды ерте қолға алған. Көрегендік әрине, дағдарыстың дүлей дауылы біздің де іргемізді шайқаған кезде дәл осы қордағы қаржы қордаланған проблемаларды шешіп берді. Тіпті, жұртқа миллиардттап несие үлестіріп, оның үстінен пайда көретін біздегі банктердің өзі осы қордан триллиондап, бір емес, бірнеше рет көмек алғаны көптің есінде. Бір жағы экономиканың еңсесін түсірмей, оны несиелендіріп отырған да осы екінші деңгейлі банктер. Бірақ, қарапайым тұтынушыға келгенде қаржы секторының осы бөлігі халықты қанап отырмаса да, қалтасын қағып отырғаны рас. Бізде пайыздық үстемақы, яғни, өсім қымбат.

Есесіне елге үлестірілген түрлі несиелердің өтелуі қиындап, халық қиналып қалды. Әсіресе, ипотекалық несиеге ұрынып, тұрғын үйге үлескер болғандардың үміті ақталмады. Турасын айтқанда, олардың басында не үйі жоқ, не несиені төлейтін күйі жоқ. Міне, осындай қым-қуыт қырық проблеманы шешу үшін Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында Ұлттық банкке қаржы секторын қайта жаңғыртуды қадап тұрып тапсырды. Жолдауда айтылған банктердің мәселесі мен құжаттағы басқада салалар туралы Айбек Қобдабай тарқатады.

Айбек ҚОБДАБАЙ

Хабарламаларға жазылу