Нұрсұлтан Назарбаев: Цифрландырудың арқасында ел экономикасы 30 пайызға өсуі керек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Нұрсұлтан Назарбаев: Цифрландырудың арқасында ел экономикасы 30 пайызға өсуі керек

28.01.2018

Қазір трендтегі сөз – цифрландыру. Жұмыр жердің миллиардтаған тұрғыны, түрлі қауым, тұтас жұрт жыл санап емес, ай санап, тіпті, апта мен күн санап, цифрландыру дәуірінің сиқырлы әлеміне еніп барады. Осы бағдарламаның арқасында қазақтың экономикасы 30 пайызға немесе 2 триллион теңгеге ұлғаюы керек. Бейсенбіде Үкімет басшысының орынбасары Асқар Жұмағалиевті қабылдаған Президент осындай болжам айтты. Яғни, кездесу елде қабылданған цифрландыру бағдарламасы төңірегінде өрбіді. Оның пайдасы мен болашағы сөз болды. Бәрінің цифрландыруға ұмтылыстары болғанмен, қазір жиһандағы 15 мемлекет қана дәл осындай бағдарлама бекіткен. Нұрсұлтан Назарбаев цифрландыру саласындағы мемлекеттік тапсырыстарды жүзеге асыруға тысқары қалдырмай, отандық бизнесті де тарту керектігін нұсқады. Жақында «Жаһандану дәуіріндегі цифрлық күн тәртібі» атты халықаралық форум өтетіндіктен, Елбасы оған дайындықты пысықтап, Жұмағалиевке бірнеше тапсырма берді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Цифрландырудың арқасында Қазақстан экономикасы 30 пайызға өсуі керек, ол ақшаға шаққанда 2 триллион теңгеден асады.

Асқар Жұмағалиев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

- Сіздің тапсырмаңызбен біз бағдарламаны жүзеге асыруға кірістік. Негізгі бағдарламаға 17 ұсыныс кірді. Оның әрқайсысын әлемдік тәжірибеге сүйене отырып қарастырдық. Цифрландыруды енгізудің арқасында өндіруші өнеркәсіпте өнімнің өзіндік құны төмендеп, өндіріс көлемі ұлғаяды. Сондай-ақ, электронды коммерция саласында 200 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп отырмыз. Біздің есебіміз бойынша тек кеден және салық қызметтерін цифрландыру нәтижесінде мемлекет қазынасына 100 миллиард теңгеден астам қаржы түседі.

Хабарламаларға жазылу