Жолдау жүктеген міндеттер - өте жауапты. Ал, оны бұлжытпай орындау министрлер кабинеті үшін үлкен сын. Құжаттағы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қаратыла айтылған сын бүкіл Үкіметке жасалған ескерту. Сондықтан, салалық министрліктер Президент Жолдауындағы он міндеттің салмағын саналы түрде түсініп, ондағы тапсырмаларды тапжылтпай орындауы тиіс. Президенттің халыққа дәстүрлі Жолдауын уақытылы жүзеге асыру үшін заңнамалық базаларға да ішінара өзгертулер енгізіледі. Осыған орай Парламент партасында отырған депутаттардың жұмысы қауырт қызады. Оның сыртында Жолдау жолдаған аманатты сайлаушыларға түсіндіріп, халыққа жеткізу де солардың міндеті. Қысқасы, билік пен бұқараның арасын жалғайтын депутаттар да жаңа жылғы демалыстан кейін демдерін іштеріне тартып, іске кірісті.
Елбасының биылғы Жолдауы ел дамуының жаңа тарихи дәуіріне бастайды. Сондықтан, депутаттарға сессия соңына дейін Президент Жолдауын жүзеге асыруға қатысты маңызды заң жобаларын қабылдау міндеті тұр. Мәжілістің басты жұмысы - Мемлекет басшысының стратегиялық тапсырмаларын заңнамалық тұрғыда қолдау.
Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
- Президентіміз нақты белгілеп берген 10 бағыт біздің заманға сай болуымыз үшін жаңа мүмкіндіктерге, жаңа табыстарға жол ашатыны сөзсіз. Сондықтан, Елбасымыз жүктеген мақсаттарды сапалы заңдармен қамтамасыз ету - біз үшін өте үлкен жауапкершілік және абыройлы міндет.
Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдауында әлеуметтік салаға қашан да үлкен мән беріледі. Әрі оны тыңғылықты орындау атқарушы биліктің міндеті. Мәселен, мұғалімдердің табан ет, маңдай тері қалай өтелетінін үкімет үйлестіріп те үлгерді. Мәселен, биыл алдымен 1-ші, 2-ші, 5-ші және 7-ші сынып ұстаздарының лауазымдық жалақысы көбейеді. Ал, қыркүйек айынан бастап, 3-ші, 6-шы және 8-ші сынып мұғалімдерінің айлығы артады. Ал, келер жылдың қыркүйегінде 4-ші, 9-шы және 10-шы сынып мұғалімдерінің жалақысы көбейсе, 2020 жылы 11-сынып мұғалімдерінің еңбекақысы өседі. 15 жылдық еңбек өтілі бар 1-санаттағы қала мұғалімінің жалақысына 24 мың теңге, дәл осындай еңбек өтілі бар 1-санаттағы ауыл мұғалімінің жалақысына 25 860 теңге қосылады.
Бибігүл Асылова, ҚР Білім және ғылым вице-министрі:
- Жалпы алғанда 25 жыл еңбек өтілі бар жоғары санатты мұғалімнің қазіргі жалақысы 83 мың теңге болса, оған 25 мың теңге үстемеақы және жаңартылған білім беру бағдарламасы үшін тағы 24 мың теңге қосылады. Осылайша, еңбекақының жалпы сомасы 133 мың теңге болмақ. Сонымен қоса, жаңа жүйеге сәйкес, ұлттық біліктілік тестін тапсырып, өз деңгейлерін растау арқылы мұғалімдер жалақыларын 20-50 процентке дейін көтере алады. Мәселен, бір саты жоғарылаған 15 жылдық еңбек өтілі бар 1-санаттағы қала мұғалімінің еңбекақысына 28 мың теңге қосылса, ауыл мұғалімінің жалақысына 36 мың теңге қосылады.
Президент Жолдауының жетінші бағытында адами капитал - жаңғыру негізі екені айтылған. Яғни, педагогтарды оқыту және біліктілігін арттыру жолдарын қайта қарау міндеті қойылды. Себебі, кейінгі жылдары педагогтың қоғамдағы беделі төмендеп, олардың әлеуметтік жағдайы білім беру ісімен алаңсыз айналысуына кері әсер етіп отыр. Енді ұстаз мәртебесі артып, білім сапасы артпақ. Бұл әсіресе, оқытушылықты үйреніп жүрген шәкірттердің мамандығына деген сенімін арттырады.
Рашит Сейітов Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде Аймақтану мамандығы бойынша магистратурада оқып жүр. Былтыр Литвада тағылымдамадан өтіп, ол жақтағы білім беру методикасымен танысып, тәжірибе жинаған. Мұғалімнің еңбекақысы көтеріледі дегенді естіген жас ғалым қуанышын жасырмады. Өйткені, ол болашақта шәкірт тәрбиелеп, оқушының білімін жетілдіруге күш салмақ.
Рашит Сейітов, магистрант:
- Қазіргі таңда педагог статусына үлкен мән берілуде. Еліміздің барлық мұғалімдеріне, педагог мамандарына Елбасы Жолдауында нақты қолдау көрсетудің нақты жолдары көрсетілген. Сондықтан да, бүгінгі таңда педагог болушы жастарға, жас білімгерлерге бұл педагог болу, ұстаз болу үлкен бір ынта-жігерін арттырып, болашақта ел жастарын тәрбиелеуде үлкен бір қолқабыс ететініне және де ең үздік педагог болуына ұмтылысын ашады деген сенімдемін.
Ұстазы мықтының ұстамы мықты. Мектептің түп қазығы - ұстаз. Сондықтан, адами капиталды дамытуды орта мектептен бастап университет қабырғасында жалғастыру маңызды. Ол үшін педагог мамандарды даярлаудың Елбасы Жолдауындағы талаптарын ескерген жөн.
Такир Балықбаев, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры:
- Егер қоғамның алдында барлық жағдайда ұстаздардың мәртебесі жоғары болып тұрса, ертең жастардың өздері де оған талпынып «мен ұстаз болғым келеді», дейді. Әрине, оған ұстаздың да біліктілігі және жастармен жұмыс істей білу мүмкіндігі де керек. Менің ойымша, білім беру жүйесіндегі бүгінгі істеп жатқан істеріміз, жаңалықтарымыздың барлығының негізі ұстаздың айналасынан басталу керек.
Білім мен ғылымды дамытып қана қоймай, оны өндіріспен ұштастырып, өркендету қажет. Жолдауда ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігін 2,5 есеге арттыру жүктелген. Демек, бұл саладағы ғылыми жұмыстар тәжірибеде сыналып қана қоймай, нақты жүзеге асуы тиіс. Мәселен, аграрлы ел бола тұра, бізде өндірілетін өнім көлемі аумағы Қазақстаннан 66 есе кіші Голландиядан 50 есе аз. Ал, ауа райы Қазақстанның солтүстік облыстарына ұқсас Канадада еңбек өнімділігі 14 есеге көп. Сондықтан, Президент тапсырмасына сай алдағы 5 жыл ішінде агроөнеркәсіп кешеніндегі өнімділік пен экспорт көлемі еселеп артуы қажет.
Әбілда Дәуренбек, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің бас сарапшысы:
- Қойылған міндеттерді жүзеге асыру мақсатында агроөнеркәсіп субъектілерін қаржыландыруға қолжетімділікті арттыру мәселесі халыққа көрсетілетін қызмет түрлерін жетілдіру, автоматтандыру, әсіресе цифрландыру мәселесін осы жыл жүзеге асыру, агрономия саласын реформалау бағыттарында министрлікпен жұмыстар атқарылатын болады.
Президент Агротехникалық университеттердің рөлін қайта қарауды тапсырды. Біздегі оқу орындары тек диплом берумен ғана айналыспай, ауыл шаруашылығы кешенінде нақты жұмыс істейтін немесе ғылыммен айналысатын мамандарды дайындауы тиіс. Ол үшін бірінші кезекте оқу бағдарламаларын жаңартуы қажет.
Саяхат Оразұлы, С.Сейфуллин атындағы Қазақ Агротехникалық университеті, Техникалық факультетінің деканы:
- Біздің университет бұған дайын. Біз былтыр қазақ-герман дән егіншілік орталығын аштық. Оқу бағдарламаларына жаңа оқу курстары енгізіліп, «ақылды» технологияларды оқыту мәселесін көтеріп жатырмыз. Әртүрлі деңгейдегі бакалавр, магистрант, доктаранттарға жеке-жеке курстар ашылды.
Жылдағы дәстүрмен Жолдау жолданды. Ал, оны орындауды жауапты мекемелер бірден қолға алды. Елдің агро секторы мен білім беру саласына осы бағыттағы ғылым мен өндірісті қатар дамытып, өнім сапасын артыру қолдан келетін іс. Тек мемлекет тарапынан көрсетілетін көмекке қолымыз уақытылы жетсе, кез келген тапсырманы орындау онша қиынға түспейді деп отыр олар.
Айбек ҚОБДАБАЙ