Осы жеті дүйім жұртты дүрліктірген суыт хабар қазақ сахарасынан тарады. Оңтүстіктен шығып, Ресейге жол тартқан жолаушылар автобусы оқыс шыққан отқа оранып, көлік ішінде 52 адам тірідей жанып кетті. Барлығы да Өзбекстан азаматтары. Ішкі істер министрінің орынбасары Ерлан Тұрғымбаевтың айтуынша, Ақтөбе облысындағы автобустың өртенуінің негізгі себебі өрт қауіпсіздігінің сақталмауынан болған. Автобустың ішінен дәнекерлейтін шам мен бес литр бензин құйылған пластмасса ыдыс табылған. Кешелі бері құзырлы орган қызметкерлері аман қалған азаматтардан жауап алып жатыр.
Отты салғырт пайдаланғаны туралы болжам солардың түсініктемелерімен расталып отыр. Автокөліктің қозғалтқышы өшіп қалып, көліктің іші суып кеткен. Сол кезде жолаушылар дәнекерлейтін шамды яғни, «паяльная лампаны» жылытқыш ретінде қолданған. Ол екі сағаттан астам жанып тұрған. Сол кезде бес литрлік ыдыстағы бензин төгіледі де, от лап етеді. Сөйтіп, аз уақытта автобус ішіндегі азаматтардың барлығы жанып кеткен. Қазір оқиға орнындағы жұмыстар аяқталды.
Қаза болғандардың мәйіттері Өзбекстанға жіберілді. Ол жақта бірқатар геномдық сараптамалар жүргізіліп, марқұмдардың денелері туыстарына беріледі. Сондай-ақ, жол-көлік оқиғасы немесе қандай да бір криминалдық жағдайдың болуы мүмкін деген болжамдар толық жоққа шығарылып отыр. Оқиға орнында аталған автокөліктен ешқандай суық қару, атыс қаруы, оқ-дәрі немесе сол оқ-дәрілердің қалдықтары табылмаған. Ал, аман қалған азаматтардың денсаулықтары бірқалыпты. Жазатайым мерт болғандардың рухтарына жұма күні еліміздегі барлық мешіттер де арнайы дұға бағышталса, Елбасы өзбекстандық әріптесі Шавкат Мирзиёевқа көңіл айтып, жеделхат жолдады.