Бүркітші Айшолпан Нұрғайыпқызын өз көзімен көру үшін Баян-Өлгейге 31 мемлекеттен турист барған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүркітші Айшолпан Нұрғайыпқызын өз көзімен көру үшін Баян-Өлгейге 31 мемлекеттен турист барған

14.01.2018

Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында тұратын қандасымыз небәрі 13 жасында жарқ етіп жаһанға танылды. «Google»-дің мәліметі бойынша, XXI ғасырда қазақты әлемге әйгілеген 5 адам болса, соның бірі осы бүркітші қыз -  Айшолпан Нұрғайыпқызы екен.  Бүгінде қолына қыранын қондырып, тұлпарын тақымдаған қазақ қызының бейнесі шартарапты шарлап кетті. Айшолпанның арқасында әлем қазақ деген есалаң «Борат» емес, дәстүрін дәріптеп салтын сақтаған өршіл-ойшыл халық екеніне көз жеткізді. Ал, егер қаршадай қызға жиһанның үздік университеттері грант ұсынып, «бізге келші», «бізде оқышы» - деп таласып жатса, әрине, ол мойындатқаны.

Биыл Айшолпанды өз көзімен көру үшін Баян-Өлгейге 31 мемлекеттен турист барған. Міне, бренд деген осы! Міне, қыруар қаржы шашпай-ақ, осындай қызықты, қылықты тұлғалар арқылы елдің имиджін жасап, атағын аспандатуға болады. Мысалы, «Бүркітші қыз» туралы фильм әлемнің беделді кинотеатрларында көрсетілді. Айшолпанға әсіресе, америкалықтар ерекше ынтық. Олар бүгінде бүркітші қыз туралы кітап жазып жатыр. Туындының тұсауы осы жылдың соңында Лос-Анджелесте кесілмек.

Жалпы, Айшолпанның мысалы, болмысы «заманға сай болмасаң, көштен қаласың» деп көкитіндердің көмейіне қорғасын құйғандай болды. Батысқа ессіз еліктемеген ерке қыз қазаққа тән қасиетімен мыңдаған апа-сіңлілерінің мәртебесін биіктетті. Сонымен, саятшы бапшыл болса, бүркіттің бағы. Сол бапшыл қызды көру үшін Ғабит Бөкенбай Баян-Өлгейге барып келді.

Ғабит БӨКЕНБАЙ

Хабарламаларға жазылу