Кеден бекеттеріндегі көлеңкелі бизнестен Еуразиялық экономикалық одақ 100 млрд теңге жоғалтып отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Кеден бекеттеріндегі көлеңкелі бизнестен Еуразиялық экономикалық одақ 100 млрд теңге жоғалтып отыр

22.10.2017

Алатаудың арғы бетін жайлаған айыр қалпақты ағайындар ала шапқын болып жүріп, елдің бесінші бас ауылнайын сайлап алды. Жаңа Президент -  Сооронбай Жээнбеков. Осыдан тура бір жеті бұрын өткен саяси додада ол елдегі электораттың елу пайыздан астам дауысын жинады. Негізгі мамандығы мұғалім. Еңбек жолын мектептен бастаған Жээнбеков әр жылдары биліктің біраз тармақтарында қызмет істеген. Депутат, министр, Премьер-Министр болған. Енді Президенттік таққа да жетті. Жаңа қызметке сайлануына байланысты біздің елдің Президенті Жээнбековты құттықтап жедел хат жолдады.

Жеделхатта Нұрсұлтан Назарбаев Қырғызстанның Сооронбай Жээнбековтың басшылығымен өзінің даму жолында жаңа табыстарға жететініне сенім білдіріп, бауырлас қырғыз халқына бейбіт өмір мен бақ-береке тіледі.

Сөйтіп, негізгі қарсыласы Бабановты басып озған соң көңілі жайланған Жээнбеков ел тізгінін ұстаған тұста құдайы көршілерімен ынтымақты нығайтуға ынталы екенін де айтып үлгерді. Ал, әзірге қазақ-қырғыз қатынасына қатысты кейбір мәселенің басы ашық күйде қалып отыр. Әсіресе, шекара мен кедендегі келеңсіздіктердің кесірінен қазынаға түсетін пайданың орны ойсырап тұр. Қысқасы алыс-беріс пен барыс-келісте заңсыз әрекеттер көп. Бұған дейін аз-кем кемшіліктерге көңіл жықпастықпен қарап келген қазақ тарабы, ендігі жерде мұндайға көз жұма қарамайтындықтарын ашық айтып, нақты шаралар қолдануға көшті.

Айбек ҚОБДАБАЙ

Хабарламаларға жазылу