Өткен жексенбідегі Ашхабадқа сапарынан кейін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Жамбыл облысына барды. Президент күзгі науқанды қашанда аймақтарды аралаудан бастайды. Шалғайдағы өңірлердің тыныс- тіршілігімен танысады.
Бірнеше нысанды аралаған Елбасы облыстағы біршама шешілмеген проблемаларды айтты. Әсіресе, шаруашылық жерлерді тиімді пайдалану ісінде олқылықтар бар екенін атап өтті.
Өңірде қазір жұмыссыздық деңгейі 5 пайызға жуықтайды. Бірақ, Мемлекет басшысына өзін-өзі жұмыспен қамтушылар санының 500 мыңнан асып жығылатыны ұнамады. Бұл тікелей салықтан жалтарудың амалы,- деді Елбасы. Ал, салықтан жалтару қылмыспен тең қашанда.
Тұтастай алғанда аймақтың экономикалық дамуында оң динамика байқалады. Мәселен, өңірлік өнім өткен жылдағыдан 5 пайызға артқан.
Индустриалды бесжылдықтың екінші кезеңінде аймақта 34 өндіріс ашылады. Бұл келешекте тағы 6 мың адам жұмысқа тұрады деген сөз. Демек, 6 мың шаңырақтың күнкөрісі жақсарып, қазынаға қосылар табыс та еселене түспек.
Шынар АСАНҚЫЗЫ