Бұрынғы «молдалар» дауласпайтын... «Апта» ұжымының әдеттегідей қазақтілді бұқаралық ақпарат құралдарында көп талқыланған мақалаларға шолуын «Abai.kz» порталында жарияланған осы мақаладан бастамақпыз. Автор Айсұлтан Жақыпов «баяғы шалдардың діни ұстанымы, оқып жүрген намазы жақсы-тын... Ол кісілер Имам Ағзам жайлы айтады. Басқа жағына тереңдемейтін. Ақида, Матруди деп дауласпайтын... Қазір діннің түбіне жете алмайсың (ешкімнің жетпесі анық)», деп бүгінгі күні 2-3 адамның басы қосылса талқыға түсе кететін дін тақырыбы жайлы ой қозғапты.
Бұрынғыны бүгінгімен салыстыруды «Qamshy.kz» сайтындағы Әсел Болатқызының мақаласынан да байқадық. «Бұрынғы қазақ бірін-бірі батыр дейтін, қазіргі қазақ бірін-бірі жұлып жейді» деген автор әлеуметтік желілердегі жел сөзге үйір жұрттың әрекетіне қынжылыс білдіреді. Ештеңенің байыбына бармай, көрінген пост астына пікір жазғыштарды ойын астарлап, көркемдеп жеткізуге шақырады. Орынды ұсыныс, әрине. Тек пернетақта алдында «өз аузым өзімдікі» деп өзеурегендер құлақ аса қойса, қәне...
«Қазақ үні» сайты Сәкен Майғазиаевтің Ninety one әншісінің ата-анасына берген жауабын жариялады. Бұған дейін әнші Данияр Құлымшиннің анасы Әлия Қадырова мен әкесі Ақылбай Құлымшин «орынсыз сын айтты» деп шағымданып, «МузАРТ» әншілеріне ашық хат жазған еді. Сәкен Майғазиев Баланың ата-анасына «...Жігіттердің өнерін бағалаймын. ...Түймедейді түйедей еткісі келіп аңдып отырғандар көп...», – деп жауап берген екен.
Геннадий Головкин Лос-Анджелесте ашық жаттығу өткізді деген сүйінші хабарды «Baq.kz» жариялаған екен. Оны көруге көрермен көп жиналыпты. Головкин мен Альварес арасындағы жекпе-жек АҚШ-тың Лас-Вегас қаласындағы 20 мың орындық T-Mobile аренасында 16 қыркүйек күні өтеді. Гена ол жерде WBC, WBA (Super), IBF және IBO титулдарын қорғайды.