Елбасы өткен айда 29 кездесу өткізген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елбасы өткен айда 29 кездесу өткізген

09.07.2017

Мемлекет басшысы Астана экономикалық форумына келген Нобель сыйлығының лауреаттары мен белгілі экономистерді қабылдады. Қазір жаһандық технология қарқынды дамып жатыр. Сондықтан, «ЭКСПО-2017» көрмесінің тақырыбы осы күні өзекті. Кездесуде Елбасы ілгерілеуге ықпал ететін халықаралық мәселелерге тоқталды.

Өткен айда Елбасы жалпы саны 29 кездесу өткізіпті. Оның 17-сі сыртқы саясат істері бойынша. Грузия Президенті Георгий Маргвелашвили елімізге ресми сапармен келді. Биыл қос ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына - 25 жыл. Ширек ғасыр ішінде Қазақстан Грузия экономикасының негізгі инвесторларының біріне айналды.

Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинмен де Елбасы шағын және кеңейтілген құрамда кездесулер өткізді. Астанаға ат суытып, Ақордаға кіріп шыққан Президенттердің арасында Беларусь, Түркменстан, Татарстан Президенттері мен бірге Испания королі де бар. Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына ықылас танытып мүше болған екі ел - Үндістан мен Пәкістанның премьер-министрлері де Елбасымен жүздесті. Президент ішкі саясатта да 12 кездесу өткізді.

Әрине, экономиканың өскені, тұрмыстың түзелгені кімге ұнамасын?! Бірақ, бір дүниені ескеру керек. Әлем экономикасы дамыған сайын энергия тапшылығы туындайды. Энергия көздерін үнемдеуіміз керек. Ол үшін энергетика секторына озық технологиялар қажет, қалаберді тұтас экономикаға шығыны аз, үнемді технологиялар тарту керек. Қазір бізде бұл салада жетістік некен-саяқ. Мысалы, бірдей тауарды шығару үшін АҚШ пен Жапония бізден 2,5-4 есе аз энергия жұмсайды. Дәл осы «Болашақтың энергиясы» тақырыбы Мемлекет басшысының қатысуымен өткен шетел инвесторларының 30-шы отырысында талқыланды. Жиында Елбасы шетелдік компанияларды Қазақстанда баламалы энергия саласын дамытуға атсалысуға шақырды.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев осымен оныншы рет өткен Астана экономикалық форумына қатысып, сөз сөйледі. Бұл жолғы жиынның атауы - «Жаңа энергия - жаңа экономика». «ЭКСПО» тақырыбымен үндес. Жаһанның 100-ге жуық елінен 4 мыңнан аса сарапшы келді.

Егемен ел болғанымызға жыл толмаған уақыт еді. Қоңыр күзде жер-жаһанның әр қиырынан 800-ден аса қазақты шақырып, тарихта тұңғыш рет дүниежүзі қазақтарының құрылтайы өтті. Шеттегі қандастарымыз артында арқа сүйер азат, іргелі елі барын таныды, түсінді. Өткен ширек ғасыр уақыт ішінде осындай бірнеше басқосу болды. Бесіншісі күні кеше Мемлекет басшысының қатысуымен өтті.

Мерекеге орай Мемлекет басшысы сәтті күні сәрсенбіде салтанатты жиында астаналықтарды құттықтады. Ақордада арнайы қабылдау өткізді. Жиналғандар жүзіктің жауһарындай жарқыраған елорданың жаңа келбетін көркем сөзбен кестеледі. Әлемде ядролық қарудан бас тартып, «Бейбітшілікті ту еткен тәуелсіз елдің жаңаруы – Астананың дамуымен тікелей байланысты»,- деді Елбасы. Елорда жылына ел бюджетіне триллион теңге құяды.

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен тағы бір беделді жиын - Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының саммиті. 2001 жылы құрылған ұйымның құрамында азиялық төрттік -  Қазақстан, Қырғыз, Өзбекстан мен Тәжікстан және екі ядролық алпуыт – Қытай мен Ресей бар еді. 2014 жылы өткен саммитте бақылаушы бес елдің құрамында болған Үндістан мен Пәкістан осы жолы ұйымға мүшелікке енді.

Астана мерекесінің мән-маңызы биыл жылдағыдан да салмақты. Халықаралық «ЭКСПО» көрмесімен тұспа-тұс келіп отыр. Шығыс Еуропа, қалаберді ТМД-да тұңғыш болып Қазақстан абыройлы шараны қолға алды. Маусымның басында Елбасының қатысуымен тек қазақтың емес, әлемнің тарихында қалатын көрменің жалауы көтерілді. Мерейлі мезетке 17 елдің мемлекет және үкімет басшылары куә болды.

Хабарламаларға жазылу