Қазақстандық өнер жұлдыздары қандай партияға мүше? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстандық өнер жұлдыздары қандай партияға мүше?

28.05.2017

«Партияңызда белгілі жұлдыздар бар ма?» деген сауалмен саяси партияларға хабарластық. «Ауыл» мен «Қазақстан коммунистік халық партиясы» өз мүшелерін құпия ұстайтын сияқты. Танымал мүшелері туралы сұрағанымызда, партия атына ресми хат жолдауымызды өтінді. Әрі нақты жауабын 3 күннен кейін ғана бере алатындарын айтты.

«Ақжол» нақты жауап берді. Бұл партия шоудан саналы түрде бас тартқан. Әнші әнін айтсын, спортшы спортымен айналыссын, жазушы кітабын жазсын деген принцип бар. Ал, негізінде партия тарихшы-жазушылар мен алаштанушы ғалымдарға үнемі қолдау көрсетеді. Бірақ, ешбірін партия мүшесі болуға үгіттемеген. Екі сайлауда да ешбір жұлдыздың көмегіне жүгінбеген.

Саясатқа жұлдыздарды араластыруды посткеңестік елдер ішінде алғаш Борис Ельцин бастады. Ол халықты сайлауға тартудың тәсілі ретінде шарасыздан осы амалға жүгінді. Пугачева, Киркоров, Гурченко, Аллегрова бастаған жұлдыздар тобын жасақтап ел аралады.

Голливуд жұлдыздарын сайлауалды науқандарға тарту өткен ғасырдың 20-жылдарынан бері бар. 2008 жылы Барак Обаманы қолдап, әйгілі Мадоннаның өзі концерт берді. Қолдағаны соншалық, әнші беліне Обама деп жазып сахнаға шығады.

Былтыр сайлауға түскен Хиллори Клинтон Голливудтың күллі жұлдызын сайлауалды кампаниясына тартты. Әнші Шер, Леди Гага, Бритни Спирс, Джей Ло, Бейонсе де Хиллариге жақтасты. Ал, Леонардо Ди Каприо Клинтонның науқанына қаржы жинап бермек мақсатпен танымал адамдарға «бір шәугім» шай беріп те жіберді. Бірақ, шайдың құны 35 мың доллар шамасында болды. Ал Хиилари Клинтонның қарсыласы Дональд Трамп «ешқандай музыканттарды тартпаймын», деп кесіп айтты. Бақ шапты ма, бап шапты ма, Голливудтың күллі жұлдызы алашапқын болса да, Хиллари сайлауда жеңіліп қалды.

Қарапайым қисынға салсақ, саяси науқанға жұлдыз тарту бір сәттік пиар ғана. Ал, Димаш «Нұр Отанға» былтыр мүше болып алған. Ол кезде қазіргідей дүрілдеп тұрған атағы болмаған соң, елеусіз ғана партия куәлігіне ие болды.

 

Айнұр ОМАР

Хабарламаларға жазылу