«Апта» бағдарламасы қазақ баспасөзі көтерген мақалалардың рейтингін түзіп отыратын болады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Апта» бағдарламасы қазақ баспасөзі көтерген мақалалардың рейтингін түзіп отыратын болады

02.04.2017

Күнделікті өмірімізге интернет енгелі ақпарат легі тым көбейіп кетті. Ал, оның арасынан сіз бен бізге қажеттісін, оның ішінде  де тұшымдысын табу, қоғамдық  пікірталас тудырған мақала іздеудің өзі - бір шаруа. Соны ескере келе, бүгіннен бастап «Апта» бағдарламасы қазақ баспасөзі көтерген мақалалардың рейтингін түзіп отыруды өз міндетіне алмақ.

Осы орайда, апта сайын қандай басылымның, қай интернет-порталдың қайсы мақаласы көп оқылып, қоғамдық талқыға қаншалықты арқау болғанын көрермен назарына ұсынып отырамыз.

Осы аптада ең көп оқылып, талқыланған «qazaquni.kz» сайтында жарияланған «ҚР азаматтығын алғысы келгендер қазақ тілінен емтихан тапсырсын» атты мақала болды. 10 мыңға жуық рет оқылған. «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашевтің депутаттық сауалын арқау еткен мақалаға қатысты 87 оқырман  пікір білідіріпті. Ал, одан кейінгі көп оқылған «abai.kz» ақпараттық порталында жарияланған Қасым хан туралы фильм түсірілетіні жайлы ақпар. Бұл материал 3670 рет оқырман назарын аударған. Рейтинг бойынша үшінші орынды «ult.kz» тәуелсіз интернет-басылымының  жазушы Бексұлтан Нұржекеұлымен жасалған «Кітап оқымайтын ұрпақ елін де, жерін де сатады» атты сұхбаты алды. Бұл материалды да 3600-ден астам адам оқыған. Сонымен қатар, осы аптада көп оқылған «Жүз жыл ішінде алғаш рет берілген Алаштың асы» атты «qamshy.kz»-тің берген материалы. 2000-ға жуық адам оқып, 23 оқырман бөлісіпті.

Бұл дәстүрді біз алдағы уақытта да жалғастыратын боламыз. Оған қоса, «Апта» бағдарламасы» қоғамымыздың түрлі салаларына қатысты рейтингтік өлшемдер жасайтын болады.

Хабарламаларға жазылу