Осы аптада еліміздің бірнеше өңірінде әкімдер ауысты. Президент Жарлығымен Қарағанды облысының әкімі болып Ерлан Қошанов тағайындалды. Облыс активіне жаңа басшыны Мемлекет басшысы өзі таныстырды. Ал, бұған дейін осы өңірді 3 жыл басқарған Нұрмұхамбет Әбдібеков Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы болды. Нұрсұлтан Назарбаев жаңадан тағайындалған облыс әкіміне бірқатар тапсырма жүктеді.
Қарағандыдан кейін Елбасы Ақмола облысына ат басын бұрды. Нұрсұлтан Назарбаев Конституциялық нормаларға сәйкес, облыс әкімі лауазымына бұған дейін Президенттің іс басқармасы басшысының орынбасары болған Мәлік Мырзалиннің кандидатурасын ұсынды. Мәслихат депутаттары оны бірауыздан мақұлдады.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысының Жарлығымен Ералы Тоғжанов Маңғыстау облысының, ал, Құмар Ақсақалов Солтүстік Қазақстан облысының әкімі болып тағайындалды.
Бақытжан ОМАР