Елбасы Ұлттық Ғылым академиясының мерейтойлық салтанатына қатысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елбасы Ұлттық Ғылым академиясының мерейтойлық салтанатына қатысты

26.02.2017
«Дүние де өзі, мал да өзі, ғылымға көңіл бөлсеңіз», депті Абай атам. Сан түрлі бұралаң жолға түскен сала қайсысы десек, сөз жоқ ғылым саласы. 25 жылда оған деген көзқарас қырық құбылды.

Ғылымға мемлекет араласа ма дегеннен бастап, бізге қандай ғылыми атақтар керектігіне дейін түпкілікті шешімін таппады. Әрбір министр қызметке кірісе сала, бұрынғы бағыттан бас тартты. Өз реформасын жасағысы келді.

Ғылымда бастысы – басқару ма, жоқ жаңалық ашу ма, соның өзі көпке түсініксіз болып кетті. Қаншама өзгеріс еңгізілгенмен, бірақ, саланы дамытатын тура жол табылмады. Ғылым тіпті барынан айрыла бастады.

Ал, Мемлекеттің басшысы әрдайым өндірістің тек ғылыми жетістіктер арқылы дамитынын айтып келеді. Әрі шенеуніктер өздері жаппай атақ қорғауға ұмтылғанша, шын ізденісте жүрген ғалымдарды қолдағаны, оларға жағдай жасағаны дұрыс деп те отырады.
Нұрсұлтан Назарбаевтың осы сөздерінен серпін алса, саланың самғап кеткені қане! Сылбырлық басым. Бірақ, біз қу шөппен ауыз сүртіп, құр қалдық деп байбалам салудан аулақпыз. Иә, бар бізде, жасалып жатыр, жаңалық ашылып жатыр. Бірақ, дамыған елдердегідей емес.

Сондықтан, соңғы уақытта ғылым мен білімді қос министрлік етіп бөлу қажеттігі айтылып жүр. Алайда, саны бар сапасы жоқ мекемелерден пайда бар ма өзі? Осы аптада Алматыдағы Ұлттық ғылым академиясының 70 жылдығына барған Президент бұл мәселеге нүкте қойды.

Шынар АСАНҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу