Студия қонағы – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Студия қонағы – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова

05.02.2017
Жолдау туралы керекті деректеріміз бар. Негізі, егемендік алғалы Елбасы осымен 21-ші рет халыққа Жолдау арнапты. 20 жыл бұрын, яғни, 1997 жылдың 10 қазанында Президент Алматыда Парламентте «Қазақстан-2030» стратегиясын жариялағаны есте. Жалпы, Елбасының халыққа әр жылғы Жолдауы жаһанның 15 тіліне аударылған. Жолдауға қатысты жалпы тиражы 70 миллион дана болатын 1,5 миллион материал жарияланған. Елбасы 1999 жылы небары 1436 сөзден тұратын ең қысқа Жолдауын жасаған. Ал, 2013 жылға арналған Жолдау керісінше, ең ауқымды – 15465 сөзден тұратыны мәлім болды. Президенттің бір жылда екі Жолдау жариялаған кездері де жұрт есінде. Мәселен, 2012 және 2014 жылдары Президент халыққа арнап бір жылда қатарынан Жолдау жасапты.

Енді Жолдау неге бұлай аталды дегенге тоқталайық. 25 жыл бұрын КСРО-ның қираған үйіндісінің астынан шығып, дербес әрі қуатты мемлекет құру құрғақ қиял сияқты дүниедей көрінетін. Алайда, біз арманымызды ақиқатқа айналдырдық. Бұл — Қазақстанның бірінші жаңғыруы болатын. Ал, екінші жаңғыруымыз — «Қазақстан-2030» стратегиясының қабылдануы мен және заманауи Астана салуымызбен басталды. Нәтижесі міне, халықаралық қауымдастықтан өз орнымызды алдық. Әлемдегі экономикасы бәсекеге қабілетті 50 мемлекеттің қатарына ендік. Енді Қазақстан үшінші жаңғыруға қадам баспақ. Биылғы Жолдаудың негізгі өзегі де - осы.

Мемлекетіміздің ең басты байлығы - азаматтары. Яғни, сіз бен біз. Сондықтан, Жолдаудың төртінші басымдығы түгел адами капитал сапасын жақсартуға арналған. Ең алдымен, білім беру жүйесінің реңі өзгеруге тиіс. Мектепте ғана емес, жоғары оқу орындарындағы білім беру сапасына ерекше мән берілу керек. Кәсіптік білім беру жүйесі де заманға сай дамып, экономикадағы жаңа өндірістер үшін мамандар дайындауға ден қоюы қажет. Бұл ретте денсаулық сақтау жүйесін де үлкен өзгерістер күтіп тұр. Жалпы, Жолдау сайын әлеуметтік салаға ерекше мән беріледі. Бұл сала биыл да қалтарыста қалған жоқ.

Хабарламаларға жазылу