«Қайсар-2016» оқу-жаттығу жиыны өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Қайсар-2016» оқу-жаттығу жиыны өтті

01.05.2016
«Қайсар-2016» оқу-жаттығу жиыны өтті

Арнайы мақсаттағы жасақтың оқу-жаттығуына Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты.

Жаһан қас пен көздің арасында сан құбылып, қауіпсіздік үлкен мәселеге айналды. Әсіресе, лаңкестер мен қарулы топтар әлемді жиі әбігер қылды. Осындай кезеңде көп жұрт өзін-өзі қорғау, әзірлігін пысықтау шаруаларына ұмтыла бастады.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев осы жұмада арнайы мақсаттағы жасақтың оқу-жаттығуына қатысты. «Қайсар-2016» Қазақстандағы арнайы жасақ жауынгерлерінің күшін-қуатын сынап, шыңдауға бағытталған шара. Білекті, жүректі, епті жігіттер әскери оқу-жаттығу кезінде кез келген қауіп қатерге сақадай сай екендерін көрсетті.

Қуат елді мекенін содырлар шабуылдап, тұрғындар тұтқынға түсті. Әп-сәтте лаңкестерге қарсы шабуыл басталып, оқ атылып, айналаны қою түтін басты. Жоспар бойынша, жауынгерлер әуеден де, құрлықтан да тап бермек. Аз уақытта арнайы жасақ жаудың көзін жойып, кепілдегілерді құтқарды. Бұл операция «Қайсар-2016» оқу-жаттығу жиынының бір ғана эпизоды.

Мыңға жуық жауынгер, жүздеген арнайы техника және әуе күштері. 5 ай бойы «Сұңқар», «Бүркіт», «Арыстан», «Арлан», «Қалқан» және Бас барлау басқармасының арнайы жасағы бірге дайындалды. Әскери жаттығудың қаншалықты нәтижелі болғанын Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшы өзі мәлімдеді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Баршаңызды алда келе жатқан Отан қорғаушылар күнімен құттықтаймын! Бұл да біздің Тәуелсіздігіміздің үлкен белгісі болып саналады. Ел іргесі аман болсын, оны қорғайтын Сіздер аман болыңыздар. Біздің Қарулы Күштеріміз жұмыс істеуі үшін мемлекет барлық жағдайды жасап жатыр. Әлеуметтік, әскери, қару-жарақпен қамтамасыз ету жағына мемлекет әрқашан көмектесетін болады.


«Жау жоқ деме, жар астында». Қазір, экстремистік, террористік топтар қай елде болмасын жасырын, жымысқы жұмыс жүргізіп жатыр. Лаңкестер біздің елде жоқ. Десе де, бұл кеселдің сап етіп келмесіне кім кепіл? Қандықол қарақшыларға қарсы қояр басты қару – ол арнайы жасақ. Сайдың тасындай іріктелген жауынгерлердің бәрі мықты, бәрі шебер.

Өткен жылдың желтоқсанында өтуге тиіс антитеррорлық оқу-жиын түрлі себептермен шегеріліп келді. Терроризм - алдында шебі, артында тылы жоқ майдан. Бейбіт халыққа шабуыл жасау - лаңкестердің қолынан ғана келетін лаң. Ал, кез келген жағдайда жол табу, әскери тілмен айтсақ, «міндетті мінсіз атқару» бұл құпия қызметтің басты мұраты.

Нұрлан Ермекбаев, ҚР Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы:
Былтыр желтоқсанда «Арыстан» қазметі барысында өткен жиналыстың шешімдері мен тапсырмаларына сәйкес, Отан қорғаушылар күні қарсаңында ҚР ІІМ жауынгерлік-әдістемелік орталығында ұйымдастырылған.


Арнайы жасақ - қару ұстаған құрылымдардың элитасы. Отқа салса жанбайды, суға салса батпайды. Алайда, көзсіз батыр болғанымен, ол да ет пен сүйектен жаралған жан. Ол да біреудің жары, біреудің ұлы. Демек, оның дүниелік қажеттіліктері де бар. Батырларға баспана кілтін табыстаған Президент – «мемлекет адал қызмет еткенге қашанда қамқор екенін» жеткізді.

ҚР ІІМ «Сұңқар» арнайы мақсаттағы жасағының топ жетекшісі:
Барша қазақстандықтарға, бізге қойылған кез келген тапсырмаларды орындауға дайынбыз. Бүгінгі күнде біздің Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы маған өз қолымен жаңа пәтердің кілтін табыстады. Менің айтар алғысым шексіз.

200 гектардан астам аумақты алып жатқан полигонда қарулы жасақтың жаттығып, шынығуы үшін бәрі бар. Осы нысанға балама Орталық Азия тұрмақ, ТМД төңірегінде жоқ. 70-ке жуық әскери жаттығу нысандары тұрғызылды. Шынайы өмірге максималды түрде ұқсастырылған тренажерлер кез келген әскеридің арманы. Мұндай құрал әзірге Иордания мен АҚШ-та ғана бар.

Мұхаметқали Сәтов, ҚР «Ұлттық ұланы» Бас қолбасшысының орынбасары:
Қорғаныс, Ішкі істер министрліктері, Ұлттық ұлан, Ұлттық Қауіпсіздік комитеті арнайы мақсаттағы жауынгерлері Жоғарғы Бас Қолбасшы Нұрсұлтан Назарбаевқа шеберліктерін паш етті. Экстремизм, терроризм дейміз. Соған дайындығымызды Елбасымызға көрсеттік.

Қамданған қапы қалмайды. Басқосудың басты мақсаты - жауынгерлер дайындығын пысықтау. Өйткені, Қазақстанның жан-жағындағы елдердегі әскери-саяси ахуал тым күрделі.

Өткен жылы Жер жүзінде мыңдаған адам террорлық актілердің құрбаны болды. Олардың тең жартысы Ауғанстан, Сирия, Ирак, Нигерия елдерінде қаза тапқан. Ал, кесапаттан келген экономикалық шығын 70 миллиард долларға таяу.

ҚР Бас барлау басқармасының офицері:
Мен үшін өз Отаныма қызмет ету үлкен абырой. Елімді-жерімді қорғау үшін осы мамандыққа келдім.

Сөзден гөрі, нақты іске жаны құмар жандардың микрофонға келгенде тосылып қалатыны тағы бар. Бұл енді нағыз сарбаздың қызметі емес.

«Бүркіт» арнайы мамандандырылған жасағының жауынгері:
Бүгін Елбасының қолынан пәтер кілтін алып отырмын.

Жаттығудан соң, жауынгерлер Қазақстан Қарулы күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшы алдында сап түзеді. Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық ұлан мен Бас барлау басқармасының офицерлеріне Жауынгерлік туын табыс етті.

«Бейбіт күннің батырлары». Бұл - арнайы жасақ шеберлігіне Жоғары Бас қолбасшының берген бағасы. Үндемей жүріп, үлкен іс тындыратын құпия қызмет - Мемлекеттік қауіпсіздіктің алдыңғы шебі екендігінде шүбә жоқ. Ал, бүгінгі жиын сол шептің, берік қамал екенін көрсетті.

Дулат АБИБУЛЛАЕВ
Ғабит БӨКЕНБАЙ

Хабарламаларға жазылу