Бүгін жерлесіміз Геннадий Головкин кезекті жеңісіне қол жеткізді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін жерлесіміз Геннадий Головкин кезекті жеңісіне қол жеткізді

24.04.2016
Бүгін жерлесіміз Геннадий Головкин кезекті жеңісіне қол жеткізді
Жекпе-жекті «Қазақстан» Ұлттық телеарнасы тікелей эфирде таратты.

Елі сенді, ері жеңді! Гена уақытты созбады. Доминикті ары-бері қозғады, қайта-қайта құлатты, соңында сұлатты. Бар болғаны екі-ақ раунд. Әрине, Геннадий Головкиннің жеңіске жетеріне жанкүйерлер сенді.

Бірақ, Лос-Анджелес төріндегі тартыс тым қысқа боларын ешкім бағамдамаған болар. Соның өзінде шаршы алаңдағы кездесу тартысты демесек те, тартымды әрі әсерлі болды.

Біздегі мәліметке сүйенсек, «Форум» аренасында 17 мың көрермен болған. Бос орын табылмағандықтан, жанкүйерлердің сұрауы бойынша қосымша билеттер шығарылыпты. Бұл - америкалықтың абыройы ма, біздің батырдың беделі ме? Ол жағын өзіңіз бағамдай беріңіз.

Тек, Лос-Анджелесте емес, елімізде де жекпе-жектің көрермені көп болды. Біздің арна, «Қазақстан» Ұлттық телеарнасы мұхиттың арғы жағынан тікелей трансляция таратты. Сөйтіп, бүгін таңсәрімен бүкіл қазақстандықтар боксқа зер салды, ләззат алды. Біз отырған «Қазмедиа орталығының» үлкен экранынан үлкен боксты тамашалап, үлкен әсерге бөленген жанкүйерлер де көп болды.

Әуелі Қарағандыдан бастайық. Қазаққа Геннадийді, бокстың баһадүрін сыйлаған өлке. Баласы бәйгеге түскенде қазыналы қаланың тұрғындары тақым қыспаған кезі болмаған. Бүгін де солай. Жұрт таң алагеуімнен бастап орталық алаңға жиналды. Былғары қолғап шеберінің туған жерінде де той. Жерлестері Ұлттық арнаға көз тігіп, Генаның әр соққына сүйсініп отырды.

Бурабайдағылардың да назарында бокс. «Оқжетпес» сауықтыру орталығының демалушылары бүгін теледидарға қарап демалып отыр. Олай етпегенде ше? Геннадий Головкин алғашқы сәттерден бастап-ақ айқын басымдылық танытты.

Алтай Райқұлов, жанкүйер:
Бүгін міне тамашаладық, таңғы дене шынықтырудан да қалып, таңғы астан да қалып, Гена бауырымыз, жерлесіміз бүгін тағы да бір өте тамаша өнер көрсетті. Қазақтың боксын дүниежүзіне танытып жүрген бауырымыз. Мың да бір рахмет. Өнеріне өте тәнті болдық. Біздің қазақтың Туын биіктен желбіртетіп жүрген жігітіміз.

Өнер мен спортты қос өрімдей қатар өріп, өрісті еткен алматылық ағайын да дүбірлі додаға ден қойды. Қарсыласына бет қаратпаған отандасымызға олар да оң бағасын беріп, мәз.

Ал, Астанадағы жанкүйерлер бұл күні ерімен бірге ерледі. «Қазмедиа орталығына» ертемен келіп, бір кісідей бір экранның алдына жиналды. Зал лық толы. Көрермендердің осы боксты тамашалауларына мүмкіндік берген «Қазақстан» Ұлттық телеарнасына алғысы шексіз.

Руслан Аманғазыұлы, студент:

Осындай жекпе-жекті тамашалауға мүмкіндік берген «Қазақстан» Ұлттық телеарнасына алғысымыз шексіз.


Көрермен кемінде 5 раундты қызықтауды жоспарлаған. Олардың да, Доминиктің де діттегені болмады. Геннадий Головкин екі таймда-ақ, қарсыласын тәйкесінен түсірді. Ол кезекті рет өзіне, еліне, жаһанға жеңімпаз екендігін дәлелдеді.

Геннадий Головкиннің келесі кездесуі мамырда өтеді деп жоспарлаған. Қарсылас Сауль Альварес пен Амир Ханның қай жеңгені. Жаңкүйерлер үшін Геннадийдің қарсыласы кім болары маңызды емес, себебі олар бір нәтижені көруге әбден үйренген.

Азамат НҰҒЫМАНОВ

Хабарламаларға жазылу