Геннадий Головкин қарсылас шыдатпай келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Геннадий Головкин қарсылас шыдатпай келеді

02.02.2014
Геннадий Головкин қарсылас шыдатпай келеді

Тағы бір жуан жұдырықты жігіт Генаның жойқын соққыларына төтеп бере алмады. Кәсіпқой бокстан Әлем чемпионы Геннадий Головкин кезекті 29-шы жеңісіне қол жеткізді.
 
 Ұлттық арнадан көрген шығарсыз, Африканың белді боксшыларының бірі - Осуману Адамамен жұдырықтасқан біздің жігіт қарсыласын 7-ші раундта техникалық нокаутпен жеңді.
 
 Осылайша, Головкин WBA тұжырымдамасы бойынша чемпиондық белбеуін оныншы рет, IBO тұжырымдамасы бойынша чемпиондық белбеуін жетінші рет қорғап шықты.
 
 Алғашқы раундта қарсыласын бір сұлатып салған Геннадий алтыншы және жетінші раундтарда Адаманы тағы екі рет нокдаунға жіберді. Ал, төртінші нокдауннан кейін ганалық боксшы тіптен титықтап қалды. Сөйтіп, Головкиннің есебіне техникалық нокаут жазылды.
 
 31 жастағы жерлесіміз осымен 29-шы рет шаршы алаңға шығып, оның барлығында да жеңіске жетті. Оның келесі отызыншы жекпе-жегі сәуірде өтуі мүмкін.
 
Мейіржан ӘЛІБЕКҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу