Таулы Қарабақтағы әскери қақтығыс қаупі әлі сейілген жоқ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Таулы Қарабақтағы әскери қақтығыс қаупі әлі сейілген жоқ

10.04.2016
Таулы Қарабақтағы әскери қақтығыс қаупі әлі сейілген жоқ
Жанжалды кең ауқымды соғысқа ұластырмау үшін осы аптада Баку мен Ереванға Ресей өкілдері барды.

Өткен аптаның соңында Таулы Қарабақта басталған әскери қақтығыс сейсенбі күні ымырамен аяқталған. Алайда, одан кейін Әзірбайжан мен Армения «бітімді бұзды» деп бір-бірін айыптады.

Соған қарағанда, аймақта қақтығыс қаупі әлі сейілген жоқ. Жанжалды кең ауқымды соғысқа ұластырмау үшін осы аптада Баку мен Ереванға Ресей өкілдері барды. Кімнің армиясы күшті және үш күндік соғыста кім қанша адам жоғалтты?

Бұл Талыш деген ауыл. Ол сәуірдің 2-не қараған түні басталған әскери жанжал барысында аз уақытқа әзірбайжандардың қолына өтті. Бірақ, көп кешікпей армян сарбаздары оны қайта басып алды.

Қазір мұнда оқ атылып жатқан жоқ. Көшенің шаңын көтерген танкілер, оқ тиген «Жигули», қираған үйлер, үрейленген халық. Шағын ғана елді мекеннің бүгінгі кейпі осындай.

Қанша жерден тыныштық орнаса да, жергілікті тұрғындар Талыштан кетуге асық. Өйткені, Баку мен Ереван сейсенбі күні жариялаған ымыра тағы бұзылады деген қауіп бар.

Эльмира Багирян, жергілікті тұрғын:
Біз тыныш өмір сүріп жаттық. Үлкен атыс басталғанда, өзімізді қоярға жер таппадық. Қызым сұрайды не болып жатыр деп. Білмеймін деймін. Қорыққанымыздан бұрышқа тығылдық. Айнала астаң-кестен. Терезе сынды. Қабырға тесілді. Жертөлеге қаштық.

Сәуірдің 7-де жарияланған мәліметке жүгінсек, Таулы Қарабақта үш күнге созылған қарулы қақтығыс барысында 64 адам қаза тапты. Құрбандардың үшеуі – бейбіт тұрғындар. Ымыраға дейін Әзірбайжанның 31 сарбазы мерт болды. Ал, армяндар жағынан 30 жауынгер өліп, тағы 28-і жоғалып кеткен.

Баку мен Ереван атысты тоқтатуға сәуірдің 5-де келісті. «Рейтер» агенттігінің хабарлауынша, екі жақтың лидерлері мұндай бітімге Ресей президентімен телефон арқылы сөйлескеннен кейін келді. Әзірбайжан Қорғаныс министрлігінің мәлімдеуінше, сәрсенбі күні Армения оқ атуды доғару келісімін 119 рет бұзып, 20-дан астам ауылды минометпен атқылаған.

Ильхам Әлиев, Әзірбайжан президенті:
Мен тағы айтамын: Әзірбайжан әскери әрекеттерді мынадай шарт орындалғанда ғана тоқтатады. Қарсы жақ атысты доғарып, позицияларында қалып, ешқайда жылжымауы керек.

Бірақ, Ереванға арқа сүйеген Таулы Қарабақтағы әкімшіліктің сөзіне сенсек, ымырадан кейін Әзірбайжан армиясы оқ атып, бір армян жауынгерін мерт қылды.

Ал, Армения президенті Серж Саргсян Берлинде канцлер Ангела Меркельмен кездесіп жатқанда, неміс үкіметі үйінің жанында шеру өтіп, онда демонстранттар «Қарабақты оккупациялауды доғар!» деген ұрандар көтерді.

Таулы Қарабақ - ресми түрде Әзірбайжанның жері. Бірақ, оның 150 мыңдай тұрғынының басым бөлігі – армяндар. Саргсянның ойынша, оларға тәуелсіздік керек.

Серж Саргсян, Армения президенті:
Таулы Қарабақ халқы соғысты емес, отарланған барлық ұлттар тәрізді өз болашағын өзі жасауды қалайды. Олардың ұрпақтарына бейбітшілік пен бақытты өмір ғана керек.

Соңғы 22 жылда Қарабақтағы жанжал мұнша шиеленіскен жоқ. Бірақ, сарапшылардың ойынша, оның кең ауқымды соғысқа ұласуы екіталай. Дегенмен, үлкен қауіптің бар екені дау тудырмайды.

Әзірбайжан армиясының әскери қуаты Армения қарулы күштерінен бір жарым есеге жоғары.

Мәселен, Әзірбайжан әскерінің сабында 66 мың, Арменияда 45 мың жауынгер бар. Біріншісінің резервінде 300 мың, екіншісінікінде 200 мың адам тұр. 2014 жылғы дерек бойынша, Баку қорғанысқа елдің жалпы ішкі өнімінің 5 пайыздан астамын, Ереван 4 жарым пайызға жуығын жұмсаған.

Ал, Әзірбайжан танкілерінің саны 750-ге жетсе, Арменияда мұндай техника 166 ғана. Әзірбайжанда брондалған машина саны мың жарым болса, Арменияда 636. Бірақ, кейбір мәліметтерге қарағанда, Таулы Қарабақта 370-ке дейін танкі, 320-ға дейін БТР шоғырланған болуы мүмкін.
Президент Ильхам Әлиев мәлімдегендей, оның елі қорғанысты енді тіпті нығайтпақ.

Ильхам Әлиев, Әзірбайжан президенті:

Біз өз позициямызды өзгертпейміз. Сөйте тұра ымыраның орындалуын қадағалап, жанжалды бейбіт жолмен тоқтатуға тырысамыз. Ал, армиямыз күшейе береді.

Қысқасы, әлемдік нарыққа мұнай мен газ жеткізетін дәліз қызметін атқарып отырған аймақта кең ауқымды соғыстың басталу қаупі әлі сейілген жоқ. Оған жол бермеу үшін Ресей мен Иран Сыртқы істер министрлері осы аптада Бакуге, Ресей үкіметінің басшысы Ереванға барды.

Мәскеу Әзірбайжанмен де, Армениямен де достық қатынасты әрі қарай жалғастыруға мүдделі. Ал, кейбір бақылаушылардың пікірінше, Иран Сыртқы істер министрінің Бакуге сапары – санкциялардан тұралаған экономиканы жақсарту жолында көрші елдермен байланысты нығайтуға үлкен мүмкіндік.
Әзірбайжан-Армения жанжалы Түркия-Ресей қатынастарына тіпті шиеленістіре ме деген де қауіп бар. Армения – Мәскеудің әскери одақтасы, ал Анкара үшін Әзірбайжан қашаннан бауырлас мемлекет.

Ахмет Давутоғлы, Түркия премьер- министрі:

Мен атыс кезінде президент Ильхам Әлиевке Әділдік және даму партиясы мен Түрік Республикасының атынан хабарластым. Бүгін оған тағы да үндеу жолдағым келеді. Тұтас әлем білуі керек: Түркия өмір тоқтап қалғанша Әзірбайжан жағында болады.

Большевиктік революциядан кейін автономия жариялаған Таулы Қарабақта жанжал оты 1988 жылы тұтанды. Қақтығыстың басталуына армяндардың Әзірбайжан Кеңестік Социалистік Республикасынан бөлінетінін жариялауы себепші.

Алты жылға созылған соғыста 30 мыңнан астам адам қаза тапты. 1994 жылы тараптар атысты тоқтату туралы мәмілеге келді. Бірақ, ол құжат бұл аймақтың мәртебесін анықтап бере алмады.

Арыстан РЫСБЕК

Хабарламаларға жазылу