Таулы Қарабақтағы қақтығыс: Қазақстан үшін экономикалық тәуекелдер

29.09.2020
Таулы Қарабақтағы қақтығыс: Қазақстан үшін экономикалық тәуекелдер

27 қыркүйек күні таңертең Армения мен Әзірбайжан шекарасында басталған қарулы қақтығыстың геосаяси аймаққа тигізетін экономикалық қауіптері туралы. 

ТҮГЕЛ БІР АЙМАҚ ИНВЕСТИЦИЯДАН ТҮСЕТІН ПАЙДАДАН ҚАҒЫЛУЫ МҮМКІН 

Бір ғасырға жуық уақыт Таулы Қарабаққа таласып келе жатқан екі елдің оқ атып, адам өлтіруі — аймақтағы елдердің саяси, экономикалық жағдайына тікелей ықпал етеді. Экономист Ғалымжан Айтқазин қақтығыстың қандай экономикалық тәуекелдері барын жазады. 

«Ең біріншіден, Армения мен Әзірбайжан арасындағы ықтимал соғыс жағдайы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының тарапынан реакция тудыруы мүмкін. Ал, Армения осы ұйымның мүшесі. Сондықтан, қақтығыс ең алдымен түгелдей ТМД-ның, жекелей Еуразиялық экономикалық одақ, Кавказ бен Орта Азия елдерінің инвестициялық тартымдылығын нашарлатады. Ал, инвестициялық тартымдылық төмендесе, Қазақстан да, аймақтағы басқа елдер де инвестициядан түсетін «сыйақыдан» қағылады. Қарапайым тілмен айтсақ, елге келетін сыртқы инвесторлар аймақтағы геосаяси тәуекелдерді алға тратып, жобаларынан түсетін кірістің көлемін арттырып жібереді. Қазақстан өз кезегінде сыртқы инвестициялардан өзіне тиесілі бөлігін ала алмай, ішкі активтердің жоғары кірісін қамтамасыз етуге жұмыс істейді», - деп түсіндіріп отыр экономист. 

ТҮРІК ЛИРАСЫНЫҢ «ТАҒДЫРЫ» ТЕҢГЕГЕ ДЕ ЫҚПАЛ ЕТЕДІ

Соғыс басталса, Түркия Әзірбайжанды қолдайды деген болжам бар.

«Егер Түркия Әзірбайжанға қолдау білдіретіні ашық айтылса, батыстан Түркия Республикасына санкция салынуы мүмкін. Себебі, батыс Армения мен Әзірбайжанға әскери әрекетті тоқтату керек деп үндеу жасаған. Ал, санкциялар Түркияның экономикасын іс жүзінде қатты құлдыратады, құлдырау түрік лирасының әлсіреуіне әкеп соғады. Ал, бұл дамушы елдердің, яғни, Қазақстанның да валютасын құнсыздандырып жібереді. Сондықтан, тәулік өтпей жатып, Таулы Қарабақтағы қақтығыс аймақтағы елдердің экономикасына тәуекел тудырып, инвестиция мен теңгеге кері әсерін тигізуі ықтимал», - деп жазады Ғалымжан Айтқазин.

Естеріңізге сала кеетйік, кеше, 28 қыркүйек күні кешке Түрік лирасы долларға шаққанда 2% әлсіреп, бір доллар үшін 7,8 лирамен сатылды. Қазақстан теңгесі де кеше 2 теңгеге дейін құнсызданып, бір доллар 428 теңгемен  сатылды. Теңгенің әлсіреуіне қатысты Ұлттық банктің түсініктемесін бұған дейін жариялағанбыз. Ұлттық банк теңгенің позициясын  АҚШ-тағы алдағы сайлаумен және коронавирустың ықтимал екінші толқынымен байланыстырып отыр. 

Хабарламаларға жазылу