Мемлекет басшысы Куба Республикасына барды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы Куба Республикасына барды

03.04.2016
Мемлекет басшысы Куба Республикасына барды
Гаванада Нұрсұлтан Назарбаев Рауль Кастромен кездесіп, екіжақты ынтымақтың кейбір мәселелерін талқылады.

Саммиттен соң Мемлекет басшысы Куба Республикасына барды. Бұл мекен жұрты өздерін – «Бостандық аралы» деп атайды. Өйткені, көп жыл бойы АҚШ-тың ырқына көнбеді. Кезінде жаһанның үшінші соғысына себеп бола жаздаған жұрт.

Куба десең, біздің қазақ жігіттері ғана төтеп бере алған күрзі жұдырық қара маржандары еске түседі. Әкелеріміз бірден Фидел Кастроны есіне алады. Жылнамашылар кеңес кезіндегі үгіт пен насихаттың құралы болған үлкен газеттерді көзіне елестетер. Куба жиһанда қазір аз қалған социалистік жүйені әлі ұстанып отыр.

Гаванада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Рауль Кастромен кездесіп, екіжақты ынтымақтың кейбір мәселелерін талқылады. Мысалы, сауда-экономика, білім, мәдениет, спорт және ауыл шаруашылығы салаларындағы байланыстар пысықталды.

Куба билігі қазақтың астығы мен мұнайын алуға мүдделі. Айтпақшы, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Куба Республикасына алғаш рет барып отыр.

Армангүл Тоқтамұрат, тілші:
Бостандық аралына келген шетелдік мемлекет басшылары, ресми келіссөздерді бастамас бұрын ең алдымен, Хосе Марти ескерткішіне гүл шоқтарын қояды. Бұл – дәстүр.

Он шақты күн бұрын ғана дәл осы жерге 90 жыл ішінде АҚШ-ты тізгіндеген басшылардың ішінен алғашқы болып Барак Обама ат шалдырды. Іле-шала Қазақ басшысы келді. Бұл да – Нұрсұлтан Назарбаевтың Куба еліне алғашқы сапары.


Куба Қазақ елінің Тәуелсіздігін алғаш болып таныған елдердің бірі. Екіжақты достық қарым-қатынас 1992 жылдан басталады.

Елбасы ұлт қаһарманы – Хосе Мартидің музейін аралады. Естелік кітапшасына қолтаңбасын қалдырып, тілегін жазды. Бұдан соң қос елдің басшылары шағын құрамда кездесті. Нұрсұлтан Назарбаев пен Рауль Кастроның бұл алғашқы ресми кездесуі. Бұл – екі ел байланысын бұрынғыдан да жандандыра түспек.

Тарих беттерін парақтасақ, Куба революциямен әлемге әйгілі. Елде бір емес бірнеше мәрте төңкеріс болды. Елді Фидель Кастро тізгіндеген кез. 47 жыл басқарған ол, 2008 жылы билікті бауыры Рауль Кастроға тапсырды.

Осы кезеңнен бастап елде жаңа реформалар басталды. Бірақ, Куба қарыштап дамып кете алмады. Себебі, АҚШ салған санкция салдарынан жарты ғасырдан астам уақыт ел экономикасы жаһан нарығынан оқшау қалды. Сырт елдермен барыс-келіс, алыс-беріс тыйылды.

Арада 50 жылдан астам уақыт өткеннен кейін Америка Гаванаға қарсы жариялаған санкцияларының бір бөлігін алып тастады. Ұзақ уақыт тұралап қалған Куба үшін бұл – үзілген байланыстарды қайта жалғап, сауда-саттықты қыздыруға зор мүмкіндік болды.

Бір ғана мысал – Қазақстан мен Куба арасындағы сауда айналымы 2014 жылмен салыстырғанда 2015 жылы 45 пайызға төмендеген. Біздің елге қант, аз мөлшерде арақ-шарап және темекі өнімдерін импорттап келген Куба, енді инвестициялық жобаларға да қызығушылық танытып отыр. Әсіресе, әріптестіктің аясы мұнай-газ саласында айтарлықтай кеңейе түспек.

Қанат Бозымбаев, ҚР Энергетика министрі:

Бүгін біз Кубаның Энергетика және тау-кен өндірісі министрімен өзара ықпалдастық жөніндегі меморандумға қол қойдық. Бұл бірінші кезекте мұнай-газ өндірісіне қатысты.

Әсіресе, Қубаны қоршап жатқан кен орындарын айтып отырмын. Тіпті, Қазақстан мұнайын Кубаның мұнай өңдеу зауыттарына жеткізу мүмкіндіктері де қаралуда.

Әріптестік «жасыл» технологиялар саласын да қамтиды. Ел баламалы энергия көздерін дамытуға ден қойып отыр. Жеткен жетістіктері де жетерлік. Латын Америкасы елдерінен алғаш болып Астана төрінде өтетін EXPO-ға қатысатынын ресми мәлімдеген Гавананың көрмеде өз көрсететіні бар.

Ахметжан Есімов, «Астана EXPO-2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасы:
Көмір, мұнай-газ жоқтығынан үлкен іздену жұмыстары, ғылыми жұмыстар атқарып жатыр. Кейбір мемлекеттерде қазіргі кезде осындай энергияның үлесі 90 пайызға жетті. Кубада ол төмендеу , бірақ үлкен жоспарлар қойып отыр. Біздің көрмеге қызығушылықпен дайындалып жатыр екен.

Екі ел денсаулық сақтау, фармацевтика саласында да тәжірибе алмаспақ. Кубаның аталған салада технологиясы озық, жетістігі көп. 2012 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Куба медицинасын әлемдегі ең мықты медицина деп мәлімдеді. Ал, Бостандық аралы Қазақстаннан мұнайы мен мол астығын алуға мүдделі.

Армангүл ТОҚТАМҰРАТ

Хабарламаларға жазылу