Астанада EXPO-2017 көрмесінің жұмыстарын пысықтау үшін халықаралық конференция өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада EXPO-2017 көрмесінің жұмыстарын пысықтау үшін халықаралық конференция өтті

28.02.2016
Астанада EXPO-2017 көрмесінің жұмыстарын пысықтау үшін халықаралық конференция өтті
Әлемнің 100 елінен 200 делегат келіп, көрме нысандарымен танысты.

Енді тура 468 күннен кейін «Астана EXPO-2017» халықаралық көрмесінің жалауы көтеріледі. Бұл Елорда үшін ғана емес, тұтас ел үшін де ерекше шара болмақ. Себебі, халықаралық қауымдастық дәл осы шара арқылы біздің елдігімізді басқа қырынан тағы да таниды.

Астанаға жаһанның түкпір-түкпірінен туристер келеді. Ұйымдастырушылардың есебі бойынша шеттен 2 жарым миллион қонақ келеді.
Яғни, Астанада қосымша 24 қонақүй, 4 жатақхана салынады. Қазір қаладағы мейманханаларда жиыны 30 мың бөлме болса, 2017 жылға дейін тағы 5 мың орын қосу жоспарланған.

Қонақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде Шанхай мен Милан шаһарларының тәжірибесі қолданылады. Қосымша бейнекамералар орнатылып, «ақылды қала» жүйесі іске қосылады.

Осы аптада «Астана EXPO-2017» Ұлттық компаниясы халықаралық жиын өткізді. Бүгінге дейін атқарылған жұмыстарды айтып, жоспарды көрсетті.

2012 жыл. 22-қараша. Франция астанасы Париж. Халықаралық EXPO көрмелер бюросы Бас Ассамблеясының 152-ші сессиясы. Күн тәртібіндегі басты сұрақ: қай қала EXPO 2017 көрмесін өткізеді?

Таразы басында екі ел: Бельгия және Қазақстан. 161 мемлекет өкілі жасырын дауыс берді. Нәтижесінде, Белгияның Льеж қаласы 44 , Қазақстан Астанасы 103 дауыс жинап, EXPO-ны өткізу құқын жеңіп алды.

Қуанышты жаңалық жетісімен Қазақ елі ауқымды шараны абыроймен өткізуге кірісті. Таңдалған тақырып та өзекті. Болашақтың энергиясы. Идея көптің көңілінен шықты. Себебі, әлем елдері 21 ғасырда баламалы қуат көздеріне көшуге мүдделі.

EXPO-2015 көрмесін абыроймен атқарған Италия президенті Халықаралық комитет бюросының жалауын Қазақстан тарапына табыстап тұрып, Астанадағы көрменің ғаламдық маңызы барын айтты.

Серджо Маттарелло, Италия Президенті:
Тағы бір өзекті мәселе ол - энергия тапшылығы. Табиғи ресурстар сарқылуға жақын. Астанадағы көрме сәтті өтіп, Сіздер оған белсенді қатысады, деп сенемін.

«Астана EXPO-2017» көрмесінің басталуына 15 ай қалғанда қатысушы елдердің ресми өкілдері Қазақтың бас ордасына жиналды. Әр елден 4-5 кісіден бар. Ең үлкен делегация Жапониядан келіпті. 40 адам. Көрмеге күні бүгін 75 мемлекет ресми түрде қатысатындары туралы мәлімдеді. Іргедегі көршілеріміз Қытай мен Ресей ұжымдық келісімге қол қойды.

Нұрбек Ергешбаев, «Астана EXPO-2017» ҰК өкілі:

75 мемлекет растағаннан кейін, біз техникалық келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Соның ішінде келісімшарттарға қол қойылады. Одан кейін біз техникалық жағын талқылаймыз. Өздері ұсынады жобаларды. Сосын ұлттық компаниямен келісіліп, ары қарай ұсынылады.

Жиынға Үкімет басшысының орынбасары Дариға Назарбаева қатысты. Вице-премьер Қазақ елінде өтетін халықаралық көрме EXPO тарихында алтын әріппен жазылады деді. Себебі, мемлекет ауқымды шараға үлкен мән беріп отыр.

Дариға Назарбаева, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:

EXPO-2017. Адамзаттың жасыл экономикадағы жеткен жетістіктерін паш ететін, үлкен алаңға айналмақ. Қазақстан да әлемдік үрдістен кеш қалмайды. Энергияның балама көздерін пайдалануға көшіп жатыр. 14 жоба жұмысын бастап кетті. Соның арқасында баламалы энергиядан алынатын қуат көзі, 700 миллион сағат килоВатқа жетті.

Делегаттар EXPO алаңындағы құрылыс барысымен де танысты. Жер ғаламшарын білдіретін шар тәрізді нысанның алдына келіп, суретке түсіп жатыр. Кейбіреулері құрылыс нысандарын дүрбімен қарап, таңданыстарын жасырмады.

Барлық халықаралық көрмелер осы шардың айналасына топтастырылады. Павильон аумағы - 162 000 шаршы метр аумақты алып жатыр. Әр елге 1000 шаршы метрден бөлінеді. Әрі қарай 750, 500, 350 болып кете береді.

Кейбір мемлекеттердің өз алдына павильон салуға шамасы келмейтіндігі де ескеріліп, бірлескен қалашық салуды EXPO тарапы ұсынып отыр. Ол Кариб теңізінің, Латын Америкасының, Азия-Тынық мұхитының және Африка елдерінің аймақтары.

Ең үлкен павильондардың бірін ағылшындар алыпты. Ғылыми университет, бизнес орталықтарын ашуды жоспарлайды. Дайындықты көріп, көңілдері толған.

Чарльз Хендри, EXPO-2017 халықаралық көрмесінің комиссары:

Біздің ғылыми-тәжірибелік университет баламалы энергия көздерін зерттейтін болады. Жел, Күн сәулесінен басқа да жолдарын қарастырамыз. Жаңалық ашуды көздейміз. Себебі, EXPO көрмесі үлкен мүмкіндік. Ұйымдастырушылар ауқымды жұмыстар атқарған екен.

Көрме кезінде туристерге 350 автобус қызмет көрсетеді. Қосымша тағы 600-і жұмылдырылмақ. Қытай, Литва, Ресей елдері өздерінің мәдени апталықтарын өткізуді жоспарлап отыр. Бас-аяғы 3517 мәдени іс-шара ұйымдастырылады.

Қонақтарға жазғы лагерь де қарастырылған. Жақын болашақта, EXPO-ның арнайы веб-сайты іске қосылады. Туристерге бағдарламамен танысып, алдын-ала билет сатып алуға мүмкіндік жасалады.

EXPO-ға еріктілер де тартылып жатыр. Сәуір айынан бастап қосымша волонтерларды жұмылдыру жоспарда бар. Қазір олардың саны 3 мыңға жеткен. Солардың бірі - Айымжан Өтегенова. Қызылордалық бойжеткен, еріктілерді EXPO-ға жинап жатыр дегенді естіп, ойланбастан конкурсқа қатысыпты.

Айымжан Өтегенова, волонтер:
Менің ойымша, EXPO-2017 үлкен іс-шара. Бұл маған үлкен тәжірибе береді. Тіл жағынан да, адамдармен араласқанда да. Және кішкене болса да үлес қосқаныма қуаныштымын.

Еріктілер бірнеше бағыт бойынша жұмыс істейді. Оларға арнайы мамандар дәріс оқып, қонақтардің тілін табудың қыр-сырына үйретеді. Еріктіге қойылатын басты міндет - шет тілін жетік меңгеріп, сапалы қызмет көрсету.

Нұргүл Әлібинова, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК менеджері:

Барлық қазақстандық азаматтарға айтарымыз, EXPO көрмесінен тыс қалмай, ерікті болуға шақырамыз. Ерікті болу үшін ең алдымен анкета толтырып, жіберуге болады. Кез келген адам 18 бен 70 жас аралығындағы адамдар қабылданады.

Астанадағы EXPO көрмесі, 2015 жылы Миланда өткен көрмеден асып түспесе, кем болмайды. Италиялықтар алмалы-салмалы павильондар орнатты. 6 айдан кейін бұзып тастады. Ал, Қазақ елі болашақтың қаласын салып жатыр,- дейді шетелдік комиссарлар.

Дулат ЖЕКСЕНБАЙҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу