Депутаттардың Үндеуі – қоғам талқысында - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Депутаттардың Үндеуі – қоғам талқысында

17.01.2016
Депутаттардың Үндеуі – қоғам талқысында
Қазақстанның әрбір қадамын қадағалап отыратын шетелдік сарапшылар да өздерінше ой түюде.

Мәжіліс депутаттардың бұл бастамасы соңғы бес күн бойы біздің қоғамда жан-жақты талқыланды. Саясаткерлер, саясаттанушылар, қоғам белсенділері, сарапшылар қарапайым азаматтар да бұл үндеуге пікір білдірді.

Әлеуметтік желілерде бүге-шігесіне дейін сарапталды. Қазақстандағы саяси-әлеуметтік оқиғаларға бей-жай қарамайтын шетелдегі түрлі деңгейдегі тұлғалар да ой-пікірлерін білдірді. Барлығын жиып-тергенде – депутаттар бастамасы дұрысқа саяды. Іріктеп-іріктеп бірнеше себепті айталық.

Жаһанның сипаты өзгерді қалайда. Геосаяси ойындар бұрын дипломатияға жүгініп, сыпайы мәлімдемелермен ғана шектелсе, енді қалау-ниет қаруға жүгіне отырып ашық айтылатын сипатқа өтті.

Бір қарағанда, араб әлеміндегі арпалыс, идеологиялық жойқын қаруға айналып үлгірген террор, украин жеріндегі қантөгіс, Еуропа киліккен миграциялық апат секілді одағай оқиғалардың бізге қатысы жоқ секілді.

Бірақ, біз мықтап тұрып ұғып алатын бір аксиома бар. Қазақстан – әлемнің бір бөлшегі. Яғни, әлемдегі оқиғалар теңіздегі толқын принціипімен бізге де әсер етеді. Тағы бір мәрте қайталайық, осыдан 5-6 жыл бұрын жаһандану деген жұт шықты, тілім мұң болады, дінім жым болады, дәстүрім талқан болады деп сары уайым соғып жүргенде аңғармаппыз.

Глоболизация дегеніміз – әлемдегі экономиканың кірігіп, жымдасып кетуінен екен. Сонымен дағдарыс бар. Ол «екі жерде екім - төрт», деген секілді айқын дүниеге айналды. Көрші жұрттар кім жазықты деген сауалдың төңірегін көп шиырлап жатыр.

Ал, Қазақстан бұл мезгілге стратегиялық жоспарымен кірді. Осындай шақта уақытты созып отырмай, Мәжіліс пен мәслихаттардың сайлауын өткізіп нақты істерге кіріскен абзал, дейді сарапшылар.

Бір есептен, Қазақстан секілді азаттығының ширек ғасырына енді өткен елге саяси интригалардан гөрі экономикалық шешімдер маңызды. Яғни, сайлауды мезгілінен бұрын өткізу бастамасы ұтымды жүріске баланып отыр.

Әлемдік тәртіптің түзілуі күрделеніп тұрған тұста жаһандық экономикалық дағдарыс жағаға жармасты. Сарапшылар «алдағы уақытта экономикалық жүйе толығымен мүлде басқа типке көшеді», дейді.

Мұндай қауіп-қатерлердің алдын алуға арналған Үндеуді қоғам дұрыс аңдады. Жаһандық өзгерістер алдында етек-жеңді ерте жиып, шұғыл қарекет қылған депутаттар бастамасын құптап отыр.

Сайын Борбасов, саясаттану ғылымдарының докторы:

Қазір Қазақстан әлемдік экономикалық дағдарыстың бір қиын кезеңіне келіп отыр. 2016 жылдың аяғында немесе 2017 жылда сайлау өткізетін болсақ, онда нағыз дағдарыстың ең төменгі шегіне дөп келеді. Ал, енді қазір қанша айтқанмен қоғамдағы саяси ахуал тұрақты, әлеуметтік ахуал тұрақты, қоғамдық келісім жақсы. Осындай жағдайда сайлау өткізу керек.

Андрей Чеботарёв, «Альтернатива» өзекті зерттеулер орталығының директоры:
Қазір іс жүзінде барлық партияларға өздерінің шама-шарқын байқауға, Қазақстандағы саяси, экономикалық реформаларға қатысты ойларын білдіруге мүмкіндік беріліп отыр.

Саяси аламан туралы әңгіме шығысымен партиялар да бұл бастамаға жедел үн қатты.

Әли Бектаев, «Ауыл» халықтық патриоттық партиясының төрағасы:

Парламенттің жасақталуы біздің мемлекетіміз үшін маңызды саяси, тарихи оқиға болады деп есептейміз. Қоғамдық-саяси партиялар мен бірлестіктерді Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауын өткізу туралы бастаманы қолдауға шақырамыз.

Төлеген Қуанышев, «Бірлік» саяси партиясы төрағасының орынбасары:

Дәл қазіргі сәтте ең алдымен, Парламенттен барлық күш пен ресурстарды біріктіру талап етіледі.

Мәжіліспен бірге мәслихаттар сайлауын бірге өткізу бюджет қаржысын үнемдеуге үлкен сеп. Саяси науқанды мерзімінен бұрын өткізуді аймақтардағы мәслихатшылар да мақұлдап отыр.

Ермек Келемсейіт, Алматы облыстық мәслихатының хатшысы:

Жаңа сайлау өткен сайын жаңа адамдар, жаңа түсініктер, жаңа ойлау жүйесімен адамдар келеді. Солардың көмегімен алда тұрған жақсы дүниелерді, Елбасының алға қойған межелерін іске асырсақ, түбінде Қазақ халқы жақсы нәтижелерге жетеді.

Нартай Ысқақов, Ақмола облыстық мәслихатының депутаты:

Ол біздің елімізге, біздің қоғамға жаңа серпіліс береді деп ойлаймын. Өздерінің патриоттық сезімі жоғары, қолдарынан іс келетін, халықтың жағдайын жақсартқан адамдар додаға қосылады. Өз пікір-ойларын ортаға салады. Сондықтан, бұл сайлаудың біздің елге тек пайдасы болады.

Парламент жасаған Үндеуге қарапайым халықтан бастап, түрлі кәсіп иелері мен қоғамдық бірлестіктер де өз ойларын білдірді. Олар үшін, бұл бастама реформалардың нақты кезеңі үшін қажетті шешім болды.

Хамит Тастанбеков, қала тұрғыны:
Елімізді алға бастыру жөнінде, экономикасын, мәдениетін арттыру жөнінде үлкен жұмыс басталайын деп отыр. Бұл үлкен жауапкершілік. Мұны бәріміз қатты сезініп жатырмыз. Сондықтан, депутаттар ұсыныс жасап жатыр сайлау өтсін деп. Бұл шешімді өте дұрыс деп есептейміз.

Қазақбай Қасымов, ҚХА мүшесі:

Парламент депутаттарының сайлауды мерзімінен бұрын жасаған ұсынысын дұрыс деп ойлаймын. Себебі, осы көктем басталмай тұрып, еліміздегі барлық жұмыстардың қарқыны басталмай тұрып өткізген жөн. Ал, сол қарқынды жұмыс басталғанда сол Парламенттің өзі де жаңа қарқынмен қызмет етіп серпілістер беретініне сенімдімін.

Дағдарыс әлем елдерін де әбігерге салып отыр. Жаһан экономикасының көшіне ерген Қазақстанға сыртқы ықпалдар қалай болғанда да әсер етеді. Шетелдік сарапшылар мен саясаттанушылар болса, «Мәжіліс депутаттарының ұсынысы болашақты бағдарлаған маңызды шешім», деп санайды.

Мехмет Сейфеддин Ерол, халықаралық стратегия және қауіпсіздікті зерттеу орталығының директоры:

Парламент Мәжілісінің сайлауын мерзімінен бұрын өткізудің бірнеше оң тұсы бар. Әлемдік экономикалық дағдарысқа қарсы бағдарламаларды Мәжіліс жаңа құраммен іске асыруға мүмкіндік алады. Елдің ішкі саяси бірлігі нығаяды.

Меніңше, 2016 жылдың соңына дейін күтудің еш қажеті жоқ. Оның үстіне Қазақстан биыл Тәуелсіздіктің 25 жылдығын тойлағалы жатыр. Яғни, Қазақ елі үшін жаңа кезең басталады деген сөз.


Ариель Коэн, Энергетика, табиғи ресурстар мен геосаясат орталығының директоры:

Әлемде жүріп жатқан дағдарыс ешкімге оңай тиіп тұрған жоқ. Мұнай мен табиғи байлықтардың бағасы құлдырап, тіпті Ресей, Австралия, Оңтүстік Африка, Канада мен Бразилия сияқты елдерге кесірін тигізіп жатыр. Сондықтан, Қазақстанның жаңа Парламент құрамын жасақтап, мерзімінен бұрын сайлау өткізу бастамасы нағыз қолдауға тұрарлық.

Олег Сосковец, Ресей тауар өндірушілер одағының президенті:
Қазақстан Президентінің елдің, Үкіметтің және заң шығарушы органның алдына қойған мақсатын депутаттар асқан жауапкершілікпен жақсы түсініп отыр. Сондықтан, Парламенттегі барлық партиялар ойлана келе, салмақты әрі дұрыс шешім қабылдады деп ойлаймын.

Нұрсұлтан Назарбаев белгілеп берген ауқымды жоспарды іске асыруға Парламенттің жаңа құрамы кірісуі керек.


Михаэла Васю, Еурокомиссияның ядролық проблемалар және сыртқы әрекеттер бөлімінің сарапшысы:

Мен Қазақстандағы жағдайға сараптама жасайтын болғандықтан, елдің даму қарқынына, экономикалық өсімге қызығып, әрі қуанып отырамын.

Еуропа елдерінде жұмыссыздық өршіп, аймақтағы елдер қиындықтан көз аша алмай отырғанда, Қазақ елінде керісінше, отандық өндіріс өркендеп, жұмыс орындары ашылып, инфрақұрылым жетілдірілуде. Енді, Парламенттің жаңа құрамы жасақталып, осы бағыттағы жұмыстарды жалғастырылуы тиіс.


Сайлауды мерзімінен бұрын өткізу – ішкі ресурстарды тиімді үйлестіре отырып халықты тонның ішкі бауындай біріктіріп, ортақ ұлттық стратегиялық мақсатқа жұмылдыру, дегенді білдіреді.

Тоқсан ауыз пікірдің тоқетері, дер кезінде қабылданған шешім заман жүктеп отырған жаңа міндеттерді, яғни, тың реформаларды соны серпінмен жүзеге асыруға жол ашады.

Ержан ҚАЛЫМБАЙҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу