ТМД кеңесінің келесі отырысы 2016 жылы Қырғызстанда өтеді (ВИДЕО) - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ТМД кеңесінің келесі отырысы 2016 жылы Қырғызстанда өтеді (ВИДЕО)

18.10.2015
ТМД кеңесінің келесі отырысы 2016 жылы Қырғызстанда өтеді (ВИДЕО)

Біздің төңіректегі бұл аптаның үлкен саяси жиыны Бурабайда болды. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы деп аталатын ынтымақ ұйымының  мүшелері түгел жиылды. Сегіз елден Президент келді,  үш мемлекет арнайы өкілдерін жіберген.

ТМД - кезінде Кеңес өкіметі тарап кеткен тұста азат елдердің араласатын алаңы болып құрылған. Содан бері тәп-тәуір қызмет етіп келеді.

Бұл жолғы саммитте ұйым мүшелерінің 2020 жылға дейінгі әскери ынтымағы туралы келісім бекіді. Бұл келісімнің мәні - халықаралық тероризмге тойтарыс беру.

Соңғы айларда Ауғанстандағы ахуал жақсы болмай тұр. Содырлардың сойқанын дәл осы тараптан күтуге болады. Сондықтан мемлекеттер ашық-жарықта ортақ келісім түзген жөн деп санаған. Бұл саммитте жиыны 17 құжат бекіді.

Бүгінде әлемде ауқымды өзгерістер болып жатқаны ешкімге құпия емес. Әңгіме, ең алдымен, экономика және қауіпсіздік жөнінде болып отыр.

Болып жатқан жайттар біздің ұйымның да жаңа жағдайларға бейімделуін талап етеді. ТМД да өсіп, жаңа жағдайларға ыңғайлануы, жаңа қауіп-қатерлерге қарсы барынша тиімді әрекет ете алуы тиіс,  деді Президент Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстанның Швейцариясына баланатын Бурабайға апта соңында сегіз бірдей мемлекеттің президенттері келді. Соған сай күзет күшейтіліп, қауіпсіздік шаралары ең жоғары дейгейде ұйымдастырылды.

ТМД кеңесінің кезекті отырысына Армения, Беларусь Республикасы, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Әзірбайжан, Қазақстан басшылары қатысса, ал Украина, Молдова, Түрікменстан президенттері  өкілдерін жіберген.

ТМД кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев меймандарды рет-ретімен қарсы алып, әрқайсысына лайықты құрмет көрсетті. Кейін президенттер суретке түсті.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Мен сіздермен кездескеніме қуаныштымын. Әсіресе, Қазақстанның ең көрікті жерлерінің бірі - Бурабайда жолығу - ерекше қуантады. Бұл жер - біздің жаңа туристік орталығымыз. Курортты дамыту жұмысын одан әрі жалғастыра береміз.

Төраға кеңес жұмысын қырғыз халқын Парламент сайлауын табысты өткізумен құттықтап бастады. Сонымен қатар, жуырда ғана президент сайлауында айқын жеңіске жеткен Беларусь Республикасының лидері де әріптестерінің ыстық ықыласына бөленді. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Ең алдымен, Александр Лукашенконы кезекті президент сайлауында айқын жеңіске жетуімен құттықтағанымыз дұрыс деп санаймын. Беларусь  халқы дұрыс таңдау жасады деп сенемін. Осы жауапты қызметінде оған зор денсаулық пен табыс тілегім келеді.

ТМД-ға мүше мемлекеттер бір жылда бір тақырып қағидасымен жұмыс істеп келген.  Бірақ, бұл жолғы кеңестің күн тәртібі бір мәселемен шектелген жоқ.

Көкейкесті деген 17 сұраққа  президенттер бірлесе жауап іздеді. Жер шарының әр тұсында тұтанып жатқан соғыс, қантөгіс - достастыққа мүше елдерді де алаңдатып отыр.

Ауғанстандағы аласапыран, Таяу Шығыстағы тартыс, Сириядағы сергелдең секілді түйткілді мәселелер төңірегінде президенттер пікір алмасты. Кеңес мүшелері әлемде болып жатқан соңғы оқиғаларды ескере отырып, бірқатар құжаттарды бекітті.

Алып аумақты алып жатқан ТМД-ға мүше елдердің шекарасындағы қауіпсіздікті реттеу - кезек күттірмейтін шаруа. Бұл орайда 2020 жылға дейінгі достастыққа мүше елдердің әскери-қорғаныс саласында көпжақты байланыстарды дамыту концепциясы қабылданды.

Жалпы, бұдан бөлек қауіпсіздікке қатысты ұзын саны 10-нан астам құжат бекіді. Құжаттардың мән-мазмұны жалпыға жария етілген жоқ.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Күн тәртібінде 17 сұрақ қарастыру жоспарланған. Осы сұрақтардың едәуір бөлігі өңірдегі қауіпсіздік пен құқық саласына қатысты. Бірқатар халықаралық келісімдерге қол қою қарастырылған. Сондай-ақ, ТМД басшыларының БҰҰ-ның 70 жылдығы аясында халықаралық терроризмге қарсы күрес тақырыбы бойынша бірлескен мәлімдемеге қол қоямыз. Бүгін ұсынылып отырған құжаттардың маңызы зор. Бұл құжаттарды бекіту, оны іске асыру - біздің елдер арасындағы интеграцияның тереңдей түсуіне ықпал етпек.

Енді Бурабай кеңесінің басты жаңалығы. Алдымен шағын құрамда, кейінірек кеңейтілген отырыста бас қосқан президенттер Қазақ лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың БҰҰ-ның мінберінен терроризмге қарсы халықаралық желі құру ұсынысын талқылады. Қазақ басшысының бастамасын президенттер бірауыздан құптап, біріккен мәлімдеме бекітті.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз шағын құрамдағы кездесуде ТМД-ның бүгіні мен болашағын қалай дамытамыз деген сұрақты кеңірек талқыладық. Соңғы кезде әлем түбегейлі өзгерістерге тап болғанын бәріміз жақсы білеміз. Бұл өзгерістер, ең алдымен, экономика мен қауіпсіздік мәселелеріне тікелей қатысты болып тұр. Қалыптасқан ахуал біздің қауымдастыққа да өз әсерін тигізді. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы осы өзгерістерге дер кезінде икемделіп, кез келген қиындықтарға тас-түйін дайын болуы тиіс.

Жалпы, жер жүзінде ешқандай ел жападан-жалғыз жүріп, жол тапқан емес. Әсіресе, қазіргі қоғамда ешкіммен араласпай, «өз күнімді өзім көремін» деудің өзі әбестік.

Себебі әлем елдері түрлі қауымдастық пен одақтардың аясында бас қосуды әуелден әдетке айналдырған. ТМД тұрақты ұйым болса да, оған ешкім тәуелді емес.

Президенттер қазіргі тәуелсіз мемлекеттердің басты міндеті - бұрынғы посткеңестік кеңістіктің мүмкіндіктерін тиімді пайдалану екенін тағы бір мәрте тілге тиек етті.

Сондықтан ұйымға мүше елдерді «ТМД-ның қажеті бар ма, жоқ па?» деген мәселе емес, «төңіректі қалай тұрақты дамытамыз?» деген ой мазалауы тиіс. Кеңес соңында Александр Лукашенко  Нұрсұлтан Назарбаевқа  «Халықтар достығы» орденін табыс етті.   

Александр Лукашенко, Беларусь Республикасының Президенті:

Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының құрылуына әсер етті. Ол кісінің бастамасымен Еуразиялық экономикалық одақ құрылды. Бұл кісіні мен интегратор деп атар едім.  Тек қана мемлекеттер арасындағы достықтың нығая түсуіне көп еңбек етті. Сонымен қатар, мемлекеттеріміздегі  тұрғындардың тұрмысының жақсара түсуіне де өлшеусіз үлес қосты.

ТМД құрылғалы оған мүше мемлекеттер арасындағы барыс-келіс пен алыс-берістің көкжиегі көп кеңіді. Бүгінгі таңда қауымдастық аясында қабылданған келісімдердің негізінде түрлі әкімшілік кедергілердің жолы кесілді.

Биылғы жиынды жабық деп жариялаған Нұрсұлтан Назарбаев төрағалық тізгінін Алмазбек Атамбаевқа табыстады. Кеңестің келесі отырысы 2016 жылы Қырғыз Республикасында өтеді.

Ғабит БӨКЕНБАЙ

Хабарламаларға жазылу