Түркияда жарылыстан қаза болғандардың саны 95-ке жетті (ВИДЕО) - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркияда жарылыстан қаза болғандардың саны 95-ке жетті (ВИДЕО)

11.10.2015
Түркияда жарылыстан қаза болғандардың саны 95-ке жетті (ВИДЕО)

Бауырлас түрік жұрты қара жамылды. Дүниедегі қорғанысы мықты, әскері мықты, қаруы сайлы елдердің де содырлар сойқанынан сап-сау отыра алмасы анық болды.

Кеше Анкарада терроризмге қарсы бейбіт шеру ұйымдастырылған. Ешкім күтпеген жарылыс 95 адамды мерт қылды. 200-ге тарта кісі ауруханада жатыр.

Мынау - жарылысқа бірнеше секунд қалғандағы кадрлер. Анкарада террорға қарсы бейбітшілік митингісіне шыққан халық сол террористер қолынан мерт болды. 

Алғашқы таратылған мәліметте 30 кісінің қаза тауып, 100-ге жуығының жараланғаны туралы айтылған. Араға сағат салып, Денсаулық сақтау министрі 86 адам жарылыс құрбаны болғанын  хабарлады.

Жараланған 200-ден аса адамның 28-інің халі мүшкіл еді. Кешке қарай тағы 9 кісі жан тапсырды. Сөйтіп, қаза болғандардың саны 95-ке жетті.

Қала тұрғыны:

Мен жарылыс болған уақытта бір көліктің жанында тұрғанмын. Дүмпудің күштілігі соншалық, мені бірнеше метрге лақтырып жіберді. Халықтың үрейі ұшып, жан-жаққа қаша бастады.

Жарылыстан соң, билік қауіпіздік кеңесінің шұғыл отырысын өткізді. Халықты сабырға шақырып, сағат сайын тікелей эфирде ақпарат берілді.

Ел президенті алдағы күндерге жоспарлаған бағдарламаларын кейінге қалдырды. Қарашаның бірінде өтетін Парламент сайлауының науқаны 3 күнге тоқтатылды. Отырыстан кейін үкімет басшысы Ахмет Дауітоғлу жаралағандардың жағдайын сұрап, аруханаларды аралады.

Бұл - Түркия тарихындағы ең ірі қанды оқиға. Күтпеген жерден щабуыл жасаған лаңкестер халықтың зәресін ұшырды.

Қазір қалада қауіпсіздік күшейтілген. Полицейлер 24 сағат бойы әуеден бақылау жүргізуде. Адамдар көп шоғырланған жерлерге тәртіп сақшылары жұмылдырылды.

Ахмет Дәуітоғлу, Түркия Республикасының Премьер-Министрі:

Бұл қандай да бір саяси партияға, топтарға және митингіге қатысушыларға қарсы жасалған жарылыс емес. Елдің тыныштығын бұзуына бағытталған әрекет. Алайда 78 миллион халқы бар Түркияның бірлігін ешкім, ешқашан айыра алмайды.

Баспасөз мәслихатында Ахмет Дауітоғлу бомбаны жанкештілер жарғанын ресми түрде растады. Террактіні ұйымдастыруы мүмкін деген ұйымдардың аттарын да айтты.

Ахмет Дәуітоғлу,  Түркияның Премьер-Министрі:

Бізде жарылысты ДАИШ ұйымы, күрд жұмысшылар партиясы немесе солшыл радикал тобы ұйымдастырды деген күдік туды. Кінәлілерді көп кешіктермей тауып, хабарлайтын боламыз. Полицейлер осы кезде вокзал маңында орнатылған бейнекамераларды зерттеп жатыр.

Қанды оқиғадан кейін ірі қалаларда наразылық акциялары басталды. Ызаға булыққан топ террордың көзі жойылсын деп ұрандатты.

Кемал Кылычдароғлу, Республикалық халық партиясының басшысы:

Бұл оқиға Түркия бірлігін бекемдей түсті. Халықты сабырға шақырамын. Жарылысты ұйымдастырғандар міндетті түрде жазаларын тартады.

Жараланғандарға жергілікті тұрғындар өз еріктерімен келіп, таң атқанша кезекте тұрып, қап тапсырды. Бүгіннен бастап, Түркияда 3 күн аза тұту жарияланды. Барлық мекемелерде тулар төмен түсіріліп, ойын-сауықтық шараларға шектеу қойылды.

Бақытжан Омар, тілші:

Біз қазір кеше алапат жарылыс болған жерде тұрмыз. Полицейлер вокзалдың маңын қоршауға алған. Осы кезге дейін жолаушыларға тұрақты қызмет етіп келген Анкара вокзалы аз ғана уақытқа жұмысын тоқтатты. Өмірі тоқтап көрмеген бас қаланың теміржол қақпасының тынымсыз тіршілігі бір мезет тыныштық  тапқанына көндігуге болар. Тек бұдан былай кешегідей тосын әрекеттер елдің тыныштығын бұзбағай деп тілейік.

Бақытжан ОМАР

Хабарламаларға жазылу