Айдын Айымбетов Жерге оралды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Айдын Айымбетов Жерге оралды

13.09.2015
Айдын Айымбетов Жерге оралды

Бұл 43 жастағы Айдын Айымбетовтың ғарышқа сапар шекпес бұрын «Аptа.kz»-ке берген эксклюзивті сұхбатынан үзінді. «Ғарышқа ұшу - менің арманым», деді.

Талапсыз адам жалыны жоқ шоқтай емес пе, ал Айдынның сөзінен, көзінен зор құлшыныс, арманына деген адалдық анық аңғарылады. Сонымен, ғарышқа ғашық Айдын таудай талап пен тастай төзімнің арқасында арманына жетті. «Құсты қанат ұшырар, ерді талап ұшырар», деген осы.

Аспан әлеміндегі он күндік сапардан соң, Айдын Айымбетов кеше серіктерімен Жер бетіне оралды. Серіктері - ресейлік Геннадий Падалка және даниялық Андреас Могенсен. Үшеуін көтерген капсула Қарағанды облысының аумағына сәтті қонды. Ғарышкерлер Жезқазған қаласынан оңтүстік-шығыс бағытқа қарай 146 шақырым жерге түскен.

Аз-кем дамылдап, дәрігерлердің тексеруінен соң, үш ғарышкер тікұшақпен төтелей тартып, Астанаға келді. Үшеуін Елорда әуежайында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзі арнайы күтіп алды.

«Дүниежүзі елдерінің бірен-сараны ғана болмаса, барлығы бірдей ғарышкерлерін зеңгір көкке ұшыра алмай отыр. Мұндай бақ бізге бұйырған», деді Елбасы мақтанышпен. Сонымен, аспанға ұшқан 545-ші ғарышкер көкте қандай тапсырмаларды орындады. Жерге қалай қонды? Оның ендігі мақсаты қандай?

Қазақтың сары даласы. Жезқазған мен Торғайдың арасы. Әскерилер мен дәрігерлер таң бозынан төңірекке көз тастап, көкті шалды. Сағат жетіге жақын қарауытып, капсула көрінді. Ішінде ел күткен үш ғарышкер бар. Капсула байланған парашют төмендеп барып, жалп етті. Ізінше жалын лап етті.   

Жоғары қысым мен температура.  Орасан жылдамдық.  Жеті қат көктен жерге құлдилау жүректі суырып түсірердей болар, сеземіз. Мамандар ғарышкерлерді капсуладан біртіндеп алып шықты. Араларынан біздің Айдын көрінді. Бастапқыда әлсіреп жатса да, жүзі жадырап, елге езу тартты.

Айдын Айымбетов, ғарышкер:

Көңіл-күйім жақсы. Жүктелген барлық міндеттердің бәрін орындадым. Тағы бір рет ұшуға да дайынмын.

Табаны жерге тиісімен, ұшық тигендей ұшып түсетіндер бар. Сондықтан, астронавттарды дәрігерлер мұқият тексерді. Бірақ, үш ғарышкердің де қан қысымы қалыпты. Ыстықтай шай ішіп, апорттан дәм татты. Он күн өзге әлемде болған әкесін қамшыұстары Әмір күтіп алды.

Аспан бұлттанып, күн сіркіреп тұрғанмен, Елорда әуежайының алды жастарға толды. Көк туды желбіретіп, Айға кеткен Айдынды көрмекке келді.

Жәдігер Бекарыс, №50 «Қазғарыш» мектеп-лицейінің оқушысы:

Егеменді еліміздің көк байрағын ғарышта желбірету біздің де арманымыз. Айдын ағамыздың «Твиттердегі» жазбаларынан үш тілді меңгеріп, мықты болуды ұқтық. «Ғарышкер болу бала күнімдегі арманым» деп өзі айтып өткендей, ол кісінің өз арманы орындалды. Демек, біздің де арманымыз орындалар. 

12 қыркүйек. Үлкен оқиға. Тарихи сәт. Өйткені, Тоқтар мен Талғаттан кейін бұл күнді күллі қазақ 14 жыл күтті. Елбасы елінің беделін биіктеткен ерлерді ерен құрметтейді, қашанда. Нұрсұлтан Назарбаев кеше өзі арнайы күтіп алды. Құшаққа қысты. Қолтығынан демеді. Ішке өзі алып кірді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз ұшу барысын бақылап, әрқайсыңыз үшін алаңдап отырдық. Әрине, қазақстандықтар ел тарихындағы үшінші ғарышкер болған Айдын Айымбетовтің тілеуін тіледі. Оның әлемдегі алғашқы және ірі ғарыш айлағы – Байқоңыр құрылысының басталғанына 60 жыл толғанда ғарышқа ұшуы да айшықты оқиға.

Нақ осы Байқоңырдан алғаш рет ғарышқа адам ұшқан, содан бері Қазақстанның жерінен тартылыс күшін еңсеріп ұшқандардың бәрін отандастарымыз жақын дос ретінде қарсы алады.

Иә, бүкіл Қазақстан айбынды Айдынға тілекші болды. Он күн бойы көкке көз тігіп, мақтанды, марқайды бүкіл қазақ. Өйткені,  ғарышта халықтың абыройын асыру бұл Айдын үшін арманның асқағы еді. Ол бұл күнді ұзақ күтті. Ол бұл күнге талмай, тарылмай жетті. Ғарышқа маңызды тапсырмамен аттанып,  табысты оралды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Байқоңыр Қазақстанның жерінде болғандықтан, біз космостық мемлекеттердің  қатарына кіреміз. Оның үстіне аспанда жүрген 4 жерсерігіміз бар. Олар жұмыстарын істеп жатыр.

Айдын космосқа бекер барған жоқ. Ғылыми зерттеулер жұмысын жүргізді. Оның бізге деген үлкен пайдасы бар. Дүние жүзінде екі жүз мемлекет бар. Олардың барлығы бірдей аспанға ғарышкерлерін ұшырып жатқан жоқ. Бірден бірі ғана.  

Бала кезде біз аспанға қараймыз, жұлдызға қараймыз, аспанға талпынамыз. Бірақ адамның барлығы бірдей аспанға бара алмайды. Сондықтан, ғылыми жағынан да, техникалық жағынан да космоспен шұғылданған өте дұрыс.

Ресеймен бірлесіп, осы жұмысты әрі қарай жалғастыра беретін боламыз. Бұған шыққан шығын ғылыми зерттеулер мен  Қазақстанның атағы үшін қайтып келеді.

Он күн бойы Жерден миллиондаған қашықтықта қалқып жүру оңай дүние емес. Оның үстіне ғарыш.

Айдын Айымбетов, ғарышкер:

Президент мырза, маған артқан үлкен сенімізге рахмет айтамын. Және қолдау көрсеткен Қазақстан халқына алғысым зор. Жоспарлаған сынақтар сәтті орындалды. Нұрсұлтан Әбішұлы, сіздің жетекшілігіңізбен біздің еліміздің алға жылжығаны, ғарыш  саласының дамуы мені қуантады.

Енді Айдынның жанындағы серіктеріне аз-кем тоқталайық. Андреас Могенсен. Данияның тұңғыш ғарышкері. 38 жаста. Философия ғылымдарының докторы екен. Ол да Айдын секілді аспан әлеміне алғаш рет сапар шегіп келді.

Ал, Геннадий Падалка Ресей азаматы. Полковник. 57 жастағы ғарышкер аспанда наурыздан бері жүр екен. Сөйтсе, әлемдік рекорд орнатыпты. Ол бүгінге дейін ғарышта 878 күн болған. Нұрсұлтан Назарбаев көрші елдің ғарышкерін жаңа рекордымен құттықтауды ұмытпады.

Геннадий Падалка, Ресей ғарышкері:

Бүгін сіздер үшін үлкен мереке. Біздер үшін де. Жаңа есік алдында бізді күтіп тұрған жалынды жастарды көрдім. Бұл өте керемет. Олар енді Айдынға еліктейтін болады. Сіздерді тағы бір ғарышкерлеріңізбен құттықтаймын!

«Айдын ғарышқа ұшқанда, қатты қобалжыдым», дейді Аэроғарыш комитетінің төрағасы Талғат Мұсабаев. Қазақтан шыққан екінші ғарышкер Айдынның өзін сергек сезінуін жоғары бағалады. Аспан әлемінен түсе сала, аяққа тұрып кету – кез келген астронавтың қолынан келе бермейді.

Талғат Мұсабаев, ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Аэроғарыш комитетінің төрағасы:

Бүгін Қазақстанда тағы бір үлкен мереке. Тағы бір қазақ жігіті аспаннан оралды. Шын жүректен құттықтаймыз. Оған тек жақсылық, байлық тілейміз. Қазақстан халқын осы жетістікпен құттықтаймыз.

Кенже қызы Даяна мен үлкен қызы Диана бастап, бүгін әкелерін күтіп алуға Айдынның ұлы, жары да келді. Ең басты тілекші, әрине анасы.

Жұмакүл Сегізбайқызы, ғарышкердің анасы:

Ұшқанда да уайымдадым. Қайтып қонғанша, көзім көргенше уайымдадым. Барлық ана уайымдайды ғой.

Лилия Айымбетова, ғарышкердің жұбайы:

Біз әкеміз аман-есен келгеніне отбасымызбен өте қуанып тұрмыз. Бақыттымыз. Ең бастысы, ол Жерде. Келгенше, әр минутты санадық. Ол бізге күнде хабарласып тұрды. Дауысын естіп, амандығын біліп отырдық.

Әмір Айымбетов, ғарышкердің ұлы:

Оны капсуладан алып шыққанда, «Әке» деп айқайладым. Қатты қуандым.

Көңілі алып-ұшқан, кеудесін мақтаныш кернеген Әмір де әкесі секілді аспанға ғашық. Бірақ, ғарышкер емес, ұшқыш болсам деп армандайды.

Ал, енді «Айдын аспанда не тындырды?», дегенге келейік. Ол ғарышта 4 бағыт бойынша ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізді. Мысалы,  физика саласы бойынша зерттеулері нәтиже бере бастады.

Ғарышкер әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің ғалымдары жүктеген   жерүсті жағдайында алуға келмейтін кристалдарды сынақтан өткізді.  Ғалымдар 8 күн бойы Мәскеудегі ХҒС-мен тікелей байланыста болып, нәтижесінде Кулонов кристалдары атты жаңа құрылымға қол жеткізді. Қазір бұл жаңалық Германияда таныстырылып жатыр. «Болашақта осы плазмалық кристалдың пайдасы зор болады», дейді ғалымдар.

Екінші бағыт. Биомедицина саласы. Бұл бағытта Адам және жануарлар физиологиясы институтының ғалымдары  ғарышкердің операторлық жұмыс қабілеті, күйзеліс жағдайындағы мидың жұмысына бақылау жүргізді.

Бұл Тоқтар Әубәкіровтің ғарыштық сапарынан кейінгі екінші тәжірибе. Ғалымдар ұшар алдында ғарышкерден қан сынамасын алған еді. Алғашқы қан қазір мұздатылып тұр. Енді ғалымдар Айдынның қанына талдау жасайды. Өйткені, құрамында өзгерістер болуы мүмкін. Сосын жетінші күні тағы талдау жасамақ.

Себебі, Тоқтар Әубәкіров ұшқанда глюкоза үш есеге көп болған. Бұл жолы Айымбетов ағзасындағы Е иммуноглубилин құрамы зерттеледі. Сондай-ақ, Қазақ тағамтану академиясының да Айдынның зерттеулерінен үміті зор. Олар алғаш рет ұлттық тағамдардан жасалған қоспалардың ғарышта адам ағзасына сіңірілуін сынап отыр.

Оның Каспий теңізіне мұнайдың құйылуы, Арал өңіріндегі шаң-дауылдарды зерттеуі де экологиялық ахуалды жақсарту үшін аса қажет. Қысқасы, Айымбетовтың ғарыштағы он күні ғылымға үлкен олжа салмақ. «Оны қалай құрметтесек те жарасады», дейді тілекші жұрт.

Табыл Құлияс, жазушы, Қазақстанның мәдениет қайраткері:

Президентіміз әлемге Қазақ елін таныстырғаны белгілі, енді бүгін түркі дүниесіне Айдын ініміз ғарышқа барып келіп, халықты қуантып жатыр. Түркі әлемін қуантып жатыр.

Қуанышымыз одан әрі жалғаса берсін. Біздің қазақтың киелі даласына, мынау Байқоңыр жер кіндігі деп аталады. Сол жер кіндігінен әлі талай біздің ұлдарымыз бен қыздарымыз ұша берсін, деген тілектеміз.

Қамажан Жұмақасова, «Ұлағат» мәдениет және даму қорының жетекшісі:

Белгілі себептерге байланысты ғарышқа ұшу сапары кейінге қалдырылғанда да сағы сынбады Айдынның. Қолын қусырып отырмады. Өзінің соншалықты терең білімін, көрген тәжірибесін, барлығын, жас жеткіншектерді тәрбиелеуге, ғарыш ғылымының сырын ұғынуға бағыштады.

Бақытжан Тобаяқов, ақын:

Ақиық қыран самғаған жердің төсінен,

Қадари халқы қалмаған ұлы көшінен,

Үшінші болып ұшқанда ұлттың ұланы

Мәңгілік енді кетпейді жұрттың есінен.

Аспан әлеміне өз ғарышкерін ұшыру кез-келген елдің басына бұйырмайтын бақ. Ал, бұл бақыт Айдынның маңдайына жазылған екен. Кереметі көп алып кеңістікті шарлап, жұмбағын барлап келді. Жілікті жұмысы елдің игілігіне жарар. Қазақ хандығының 550 жылдығымен тұспа-тұс келген бұл күн тарихта мәңгі қалары хақ.

Мейіржан ӘЛІБЕКҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу