«МузТВ-2015. Гравитация» жүлдесін тапсыру шарасы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«МузТВ-2015. Гравитация» жүлдесін тапсыру шарасы өтті

07.06.2015
«МузТВ-2015. Гравитация» жүлдесін тапсыру шарасы өтті

Аты айтып тұрғандай, бұл «МузТВ» жобасы - музыка саласындағы жыл жаңалықтарын әйгілеп, құрметке бөлейді. Биыл биік марапаттың төрінен тек Ресей емес, қазақ әншілері мен бишілері де көрінді.

Роза Рымбаевның ән шырқауы, Қайрат Нұртастың тілек айтуы, айтулы Олимпиада чемпионы Серік Сәпиевтің жүлде тапсыруы біздің ғана емес, Ресей мен басқа елдер теле көрермендерінің көз алдынан өтті. Бұл мақтануға тұрарлық іс.

 «МузТВ сыйлығы» - шоу-бизнестегі маңызды, беделді оқиғалардың бірі. 100 миллиондаған көрермені бар, ауқымы кең, аудиториясы үлкен шара. Шоуды Ресейден 4, Қазақстаннан 2 адам жүргізді.

Биыл  жүлденің саны - 16. Жеңімпаздар екі кезең бойынша анықталды. 17 ақпанда сарапшылар номинанттарды жариялаған болатын. Ал, екінші кезеңде көрермендердің және академиктердің дауыс беруі арқылы жүзеге асты.

«Қазақстан мен Ресейдің музыка индустриясының дамуына қосқан үлесі үшін» аталымы әнші Батырхан Шүкеновке берілді. Жүлде әншінің ағасы Бауыржан Шүкеновке табысталды.

Бауыржан Шүкенов, Батырхан Шүкеновтың ағасы:

Құрметті достар! Бұл жүлде Батырдың арманы еді. Бүгін Сіздерді көргенде оның жүрегі қуанышқа толар еді. Қызылорданың қарапайым баласы осындай жетістікке жетіп, ұлтының ұлына айналды. Батыр бұл жүлдеге әбден лайық. Көп рахмет сіздерге.

Әншілер қазақтың жарқыраған жұлдызы Батырханның әндерін нақышына келтіріп орындады.

«Жылдың ең үздік әні» аталымын ресейлік әнші Нюша жеңіп алды. «Үздік хип-хоп» аталымы бойынша рэпер Джиган жеңімпаз атанды. Ал, Дима Биланның «Ален24» композициясы «Шет тіліндегі үздік ән» атанды. Сондай-ақ, әнші «Үздік концерттік шоу» аталымын жеңіп алды. «Үздік дуэт» аталымы бойынша «Мот» пен «Виа Гра», ал әнші Эмин «Үздік альбом» аталымы  брйынша жеңімпаз болды.

Жүлдегерлердің арасында Валерия, Ани Лорак, Анита Цой, Егор Крид, Филипп Киркоров бар.

Қазақстандағы музыкалық индустрияға қосқан үлесі үшін Роза Рымбаева лайық деп танылды. «Жыл серпіні» аталымын  «Астана балет» мемлекеттік театрының ұжымы, он жылдықтың үздік тобы «A'Studio» және «Қазақстанның ең үздік жыл әртісі» жүлдесі Қайрат Нұртасқа берілді.

Қайрат Нұртас, әнші:

Барлықтарыңызға бақыт тілеймін. Менің жеңісті алғаным сіздердің арқаларыңыз. Қазақ елі жасай берсін! Екі елдің мәдениетін қосқан «Муз-ТВ» арнасына рахмет.

Индира Бегайдар, тілші:

Бұл әлемдік масштабтағы шара. Осымен 13-рет өткізіліп отыр. Тұңғыш рет біздің елімізде өтті. Ол ең алдымен Қазақстан мен Ресейдің арасындағы мәдени байланысты арттырып, ынтымақты бекіте түседі, дейді мамандар.

 «Астана Аренада» 35 мыңнан астам адам тамашалады. Көрермен көңілінін шығыпты бұл шара.

Қала қонағы:

Мен Оралдан келдім. Біраз  уақыт бұрын осы шараға билет алып қойдық.

Қала тұрғыны:

Бұл шараның Астанада өтіп жатқанына қуаныштымыз. Керемет!

Сондай-ақ,  Мәскеуден  1 мыңнан астам мейман келген. Араш пен Елена да салтанатты кештің құрметті қонағы болды.

Араш, әнші:

Менің досым Арман премияның осы жылы өткізілетінін айтқанда қатты қуандым. Мені шақырғанында ойланбастан келістім. Себебі, маған Қазақстанның тұрғындары қатты ұнайды. Мен бірнеше рет келгенмін осыған дейін де. Бүгінгі шараның ұйымдастырылу деңгейіне келер болсақ, өте жоғары баға беремін.

Қазақстан мен Ресей. Үнемі барлық салада ықпалдастық бар бізде.  Көрші елдің қонақтары халқымыздың қонақжайлылығын айтып, Астанаға деген жылы лебіздерін білдірді.

Осылайша, «МузТВ-2015. Гравитация» жүлдесінің иегерлері анықталды. Осындай дәрежедегі шараның біздің елде өтуі Қазақстанның атақ-абыройын әлемдік аренада тағы бір асқақтатып тастады.

Индира БЕГАЙДАР

Хабарламаларға жазылу