Нұрсұлтан Назарбаевқа «Өмiрге қосқан үлесi үшiн» сыйлығы тапсырылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Нұрсұлтан Назарбаевқа «Өмiрге қосқан үлесi үшiн» сыйлығы тапсырылды

07.06.2015
Нұрсұлтан Назарбаевқа «Өмiрге қосқан үлесi үшiн» сыйлығы тапсырылды

Осы аптаның басты мәдени жаңалығы – миллиондар көз тіккен «МузТВ-2015. Гравитация» жүлдесі. Ән әлемі мен сахна саңлақтарының сәйгүлігін даралайтын бұл дода он жылдың көлемінде абырой жиып, беделін бедерлеп үлгерді.

2003 жылдан бері Ресей жерінде өтетін. Жоба биыл Қазақ елінде, бас қалада, Астанада дүркіреп өтті. Күн де күркіреп өтті. Жауын да себеледі. Бірақ, қазақ десе құшағы кең, көңілі ыстық, Ресейдегі патриот қазақ Арман Давлетьяровтың жобасы жоғары деңгейде, сәтті ұйымдастырылды.

Әрине, көрші орыстың танымал шоу бизнес өкілдерінің тайлы-таяғын қалдырмай Астана төрінде әкелу де оңай емес. Ұйымдастырушылар да, демеушілер де, тікелей эфирден берушілер де тағы бір шеберлік мектебінен өткені анық. Бұл жобаны қолдап, қуаттап, өнер де шекара болмайтынын, бұл жобаның қазақтың имиджін аспандатқанын айтып, қолдау білдірген елде есеп жоқ.

Сәнді сахна, озық техника, мықты режиссура. Бәрі бір-бірімен ұштасып, көрерменге зор көңіл-күй сыйлады. Осы тұста  айта кетелік, «МузТВ-2015. Гравитация» жүлдесін арнайы көрмекке Мемлекет басшысының өзі барды.

Мәдени байланыс пен зор тәжірибеге негіз болар ауқымды жобаға тілекші екенін білдірді. Осы кеште Нұрсұлтан Назарбаевқа «За вклад в жизнь» яғни, «Өмірге қосқан үлесі үшін» аталымы бойынша үлкен марапат ұсынылды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Мен үшін бұл жүлде халықтың болашағы үшін еңбектеніп қана қоймай, өнерді де сүю керек дегенді білдіреді. Қазақстан XX мен XXI ғасырдың тоғысында қала салған жалғыз мемлекет. Астана – осындай сұлу қалаға айналған жалғыз қала. Сондықтан, өнер жасай берсін. Өнерсіз адамзат өмір сүре алмайды. Қазақстандағы өнерді дамыту үшін бар күшімді саламын. Қазақстан мен Ресей арасындағы достық жасай берсін!

Мейіржан ӘЛІБЕКҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу