Инвесторлар форумы елдің ауыл шаруашылығы саласына арналды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Инвесторлар форумы елдің ауыл шаруашылығы саласына арналды

07.06.2015
Инвесторлар форумы елдің ауыл шаруашылығы саласына арналды

Күлтөбенің басында күнде кеңес. Қызыл сөзі мен рәсуа-ысырабы көп Астанадағы көп жиын-жиналыстардан маңыз қандай, пайда не деп кейде сөгіп те жатамыз. Алайда, осы аптадағы салмақты һәм сүбелі жиынға кейитіндей жөніміз жоқ.

Бұл қазақтың экономикасы үшін маңызы ерен – шетелдік инвесторлар форумы. Бейсенбіде Елордаға жер-жаһанның құрығы ұзын қалталылары, қаржылылары, бір сөзбен түйгенде, шабаданы көк ақшаға толы инвесторлар келіп кетті.

Рас. Экономиканы қазір инвестициясыз елестету әсте мүмкін емес. Қосымша қаражат жоқ па, тұтас мемлекеттің дамуы екіталай. Тіпті, инвесторлардың қандай да бір елге  бару жиілігіне  қарап,  сол экономиканың болашағын  болжау да қиын емес.

Күй талғайтын инвесторлар қандай елдерге барады, әрине оқ пен оттан аман, тұрақты, құқығы, мүлкі, зияткерлік меншігі толық қорғалатын  елге ғана барады, қалтасындағы қаражатын табысты еселеуге  кепілдік болған кезде ғана салады. Көз тимесін, Қазақтың мемлекеті жайлы болған соң, бізге инвесторлар да үйір.

Қазақстанға инвестиция құйған елдердің көш басында қазір Нидерланды, Қытай, Швейцария,  АҚШ, Франция тұр екен. Он мыңға жуық шетелдік компания жұмыс істесе, олар құны 8 миллиард доллар болатын 81 жобаны жүзеге асырған. 

Қазақстан бизнес жүргізуге қолайлы 188 елдің ішінде 49-шы орында. Соңғы 20 жыл ішінде елге келген инвестицияның 59 миллиард доллары геологиялық барлау ісіне салынған.

51 миллиарды пайдалы қазбаларды игеруге, 17 миллиарды өңдеуші салаға, 10 миллиарды саудаға, 9 миллиарды қаржы қызметіне, 3 миллиарды ақпарат, байланыс саласына, 1 миллиарды көлік саласына тартылған. Біле жүріңіз, артық етпес.

Биылғы форумға өзек – қазақтың ауыл шаруашылығы. Саланы көтеруге инвесторлар қандай ұсыныспен келді?

Бір кездері  одақ қорына 300 мың  тоннадан артық ет жіберген Қазақстанның  кешегі даңқы бүгінде  жоқ.  Қолдағы мал қоры азайды. Ет өзгеден бұрын өзімізге жетпей жатыр. Қазақтың ата кәсібі түлік бағу болса да,  фермерлер қара сиырды  алыстан тасиды. 

Енді міне, жер өңдеп, тұқым салу, мал өсіру деген мәселеде   өзгелер кеңес беріп жатыр.  Шетел инвесторларының биылғы 28-ші  кеңесі Қазақстандағы  «агробизнесті дамытудың»  келешегі тақырыбына арналды.

Алып компания қожайындары мен банкирлер  мемлекетке бизнесті жүргізуде, инвестиция тарту мәселесінде ақыл қосты. Инвесторлар – енді он бес жылдан кейін жаһанда азық-түлікті көп өндіретін мемлекеттердің дәурені басталады, дейді.   

Сума Чакрабарти, Еуропалық қайта құру және даму банкінің президенті:

Әсіресе, қазіргі кездегі геосаяси күйзеліс салдарынан халықаралық нарықтарда алшақтық туындаған кезде қазақстандық компаниялар батыл қадамдар жасай алады.

Ауылшаруашылығы саласындағы компаниялар өнімділігін арттыруға ерекше мән берілуі керек. Олар өнімділігін арттырып, халықаралық нарықтармен коммуникацияларды жақсартып, қажетті инфрақұрылымды құра  алса,  онда сауда көлемін ауқымды деңгейге жеткізе алады.

Өкінішке қарай,  бізде бұлайша алысқа шаба алатын  алып компаниялар жоқ.    Ал, саладағы ұсақ, ортаңқол шаруашылықтар бірігіп, кооперацияланудан қашқақтайды.  Дені мемлекет  бөлген субсидияға  қарап отыр.

Шетелдік сарапшылар салаға деген көзқарасты өзгертуге, фермерлерге қойылатын талапты күшейтуге, агроөндіріс пен ғылымды жақындастыруға  шақырады. 

Көк  өсіріп, бақша салуда да, түлік бағуда да инновация   керек, дейді. Сондықтан, әзірге мемлекет шетелдік  ірі компаниялардың тәжірибесіне  ғана сүйене алады. Елде бірлескен кәсіпорындар құруға мүдделі.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Барлық әлеуетті инвесторларды Қазақстанға, оның ішінде агробизнеске де инвестиция салу мүмкіншілігін барынша тыңғылықты зерделеуге шақырамын. Бүгін ғана маған жекелеген компаниялардың басшылары жоғары халықаралық стандарттарға сай сиыр еті өндірісін жолға қою туралы ұсыныс жасады. Мен Үкіметке бұл ұсынысты қолдауды және аталған компаниялармен келіссөздер жүргізуді тапсырдым.

Қалай болғанда да, дәл қазір қамданған кәсіпкердің   жолы болады.   Сондықтан, Италия мен Австралия  компаниясы Қазақстанда  ашылатын өндіріске  инвестиция салуға келісті. 

Жылына 7600 тонна ет өңдейтін кешен Шығыс Қазақстан облысының Аягөз қаласында орналасады. Бұл өндіріс 4,5 мың тонна етті  Таяу шығыс, Ресей  нарығына жөнелтпек. Ауылшаруашылығы министрлігі салада әзірге төрт  жобаның жүзеге асатынын  жария етті.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Инвесторларға салық заңнамасының тұрақтылығына кепілдік берілді. Сонымен бірге нысан пайдалануға берілгеннен кейін капиталды шығыстардың 30 пайызын  өтеу туралы арнайы шешімді мемлекет жасап отыр.

Инвесторлар жұмысы үшін осындай жағдайлардың жасалуы өзге елдерде жиі кездеспейтіні анық. Қазақстанда инвесторларға арналған барлық жеңілдіктер агроөнеркәсіптік секторға да таралады.

Мемлекет басшысы    Шетелдік инвесторлар кеңесі аясында Еуропалық қайта құру және даму  банкінің президенті Сума Чакрабартимен  де  жеке кездесті.  Бұл  ірі қаржы құрылымы ауыл шаруашылығы саласындағы, басқа да жобаларға   қатысқалы отыр.  

Халықаралық банк басшысы кездесуде   еліміздегі  шағын және орта бизнесті дамыту,  инфрақұрылымды, индустрия және инновацияларды қоса қамтитын түрлі бағыттарда жұмыс жүргізетінін айтты.

Жайнагүл ТӨЛЕМІС

Хабарламаларға жазылу