Ауыл шаруашылығы саласына қолдау көрсетіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ауыл шаруашылығы саласына қолдау көрсетіледі

01.04.2020

Мемлекет басшысы осындай қысылтаяң кезде ауыл шаруашылығы саласына көрсетілетін қолдау туралы да айтты. Мәселен, көктемгі егіс жұмыстарына орай фермерлерге дизельдің бағасы 15 пайызға арзандатылмақ. Осы бағытта 390 мың тонна жанармай бөлінген. Ол 165 теңгемен сатылатынын айтты Мемлекет басшысы.

Жанармайды арзандатудан бөлек, шаруалар үшін субсидия көлемі де артады. Мәселен, оларға 5 пайыздық үстемемен несие беру үшін 70 миллиард теңге бөлінді. Сондай-ақ, «Қарапайым заттар экономикасы» аясында тағы 100 миллиард теңге қарастырылып отыр.

Елімізде 220 000-нан астам ірілі-ұсақты шаруа қожалығы мен агроқұрылымдар бар. Осы бөлінген қаражатты олардың барлығы да пайдалана алады.

Президенттің тағы бір тапсырмасы — отандық кәсіпорындардың өнімдерін кем дегенде 6 ай бойы кепілді сатып алу тәртібін жолға қою. Ол да шаруаларға тиімді болмақ. Өйткені, олар енді еңбегі еш кетпейтініне сенімді болады.

Амангелді СЕЙІТХАН


Хабарламаларға жазылу