Халықаралық автошеру басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Халықаралық автошеру басталды

07.06.2015
Халықаралық автошеру басталды

Шапқан тұлпардың тұяғы мүжілетін қазақ жерінің кеңдігіне шеттен келгендердің тамсанбайтыны кемде-кем. Бір облыстың аумағына ежелгі Еуропаның білдей бір мемлекеті еркін сыяды. Сондықтан, сайын даладағы елді мекендердің арасы қашық, барыс-келіске қиын. Тоз-тозы шыққан жолдар діңкені құртады.

Тек әзірге көңілге медеу - «Батыс Еуропа- Батыс Қытай» көлік дәлізі. Осы аптада ТМД елдері мен Қытай, Оңтүстік Корея, Германия, Молдова, Словакиядағы жол саласының білгірлері «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» транзиттік дәлізінің соңғы бөлігін тамашалады.

Олар қайдан жүр десеңіз былай. Үкіметаралық Жол қызметкерлері Кеңесі деген бар. Сол кеңес пен Қазақстан тарапы бірлесіп, осы аптаның басында Халықаралық автошеру ұйымдастырды.

Қытаймен шекарадағы Қорғас бекетінен бастау алған көліктер керуені Алматы - Бішкек - Жалал-Абад  - Душанбе - Қорған-Төбе қалаларын он күнде жүріп өтеді. Автошеру Тәжікстанның Тұрсынзада қаласында аяқталады.

Халықаралық автошерудің алғашқы салтанаты Қазақ-Қытай шекарасындағы Алтынкөл-Қорғас теміржол өткелінде басталды. Автошеруді бастау мотосапармен әлемді аралаған байкер Дмитрий Петрухинге берілсе, керуенге ел ақсақалдары бата беріп, ұзақ сапарға сәттілік тіледі.    

Ұлан Әліпов, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары:

Жылда өткізілетін шара. Былтыр Бресттен  «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» дәлізі бойынша жүріп өткен, биыл осы Харгостан-Турсунзаде таулы жолдары арқылы жүруде. Мемлекет басшысының «Нұрлы жол» бағдарламасында айтылғандай, еліміздің транзиттік потенциалын арттыруымыз керек. 

27 көліктен құралған керуен Ұлы Жібек жолының бір тармағын аралайды. Таулы аймақтардағы Қордай, Шахристан, Азноб асуларын бағындыратын топ 2000 шақырымдық  жолды басып өтеді. «Жол қадірін жортқан біледіні» ескеріп, «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» транзиттік дәліздің құрылысымен танысты.

Дәурен Дариябек, тілші:

Қазақтың Туын желбіреткен автошеру Қазақстан-Қытай шекарасында басталып, Тәжік-Ауған шекарасында аяқталады. Автокеруеннің 100-ден аса мүшесі жаңа жолдардың сапасын бақылап, сараптама жасайды. 

Мәселен, мына жол келесі жылы толық аяқталып бітетін болса, Алматы мен Қорғас бекеті арасындағы жолдың 60 шақырымы қысқаратын болады.

Торф батпақтарын елемей төтесінен салынған тиімді жолдың бойында 680 метрлік көпір салынуда. Аспалы көпірдің әр бөлігі 40 тонна жүкті көтереді. Демек, 80 тонна жүк артқан көлік еркін өте алады.

Әр біліктің қосарланған тұстары бұрынғыша бетонға отырғызылмайды, бақанға байланады. Сонда ұзаққа шыдайды.

Сауапты іс атқарған жолшылар транзиттік дәліздің Жамбыл облысы шекарасынан Шымкент қаласына қарай шорт үзілген тұсының да себебін түсіндіре кетті.

Сайранбек Бармақов, ҚР Инвестиция және даму министрлігі Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары:

Жоспар бойынша біз ол жолды аяқтаймыз. Шымкенттен Жамбыл облысы шекарасына дейін біздің екі учаскеміз бар. Екі учаскеміз жұмыс істеп жатыр. Ол жерде Қазақстанда тұңғыш рет үлкен туннель салынуда. Ұзындығы 860 метр.

Елімізде «Батыс Қытай – Батыс Еуропа»  автодәлізін салудағы басты мақсаттардың бірі – жол-көлік оқиғасын азайтып, экономикалық шығындарды қысқарту.

Құны 825 миллиард теңгені құрайтын жоба ел игілігіне жарайды. Дәліздің Қазақстанға тиесілі бөлігі 2787 шақырым. Қазақстанның бес бірдей облысын басып өтетін тасжолдың құрылысы келер жылы қараша айында аяқталады. 

Ахмет Будан, «СП Синемидас Строй» ЖШС бас директоры:

Біздің компания құрамында 2000-ға жуық жол маманы қызмет етуде. Күніне кемінде 1 шақырым жол жасауға міндеттіміз. Бірақ, біз тәулігіне 1600 метрге дейін сапалы жол төсеп,  Қазақстан бойынша рекорд жасап отырмыз. Бізге тиесілі аралыққа 110  құбыр салынды.

Қазақстанда 2020 жылға дейін ұзындығы 7500 шақырымдық тасжол жөңдеуден өтеді. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясындағы іске асатын бұл жобаның құны 2,4 триллион теңге. Бұл дерек жолшылар керуені Алматы қаласында ұйымдастырған конференцияда айтылды.

Бури Каримов, Үкіметаралық Жолшылар Кеңесінің басшысы:

Халықаралық автошеру құрамы үш қалада конференция өткіземіз. Жолдарға мониторинг жасап, сапасын ғана емес, инфрақұрылымдардың да сай болуын қадағалаймыз. Одан бөлек, шекарашылар мен кеденшілердің қызметі бақыланады. Жүк тасымалдайтын көліктер үшін кедергі болмауы керек.

Он күндік жорықтың мақсаты -  Еуразия кіндігінде орналасқан Қазақстан мен Орталық Азиядағы көліктік-транзит әлеуетін дамыту, тоғыз жолдың торабындағы елдердегі мүмкіндікті тиімді пайдалану, - дейді мамандар.

Дәурен ДАРИЯБЕК

Хабарламаларға жазылу