Қырылған киік саны 120 мыңнан асты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қырылған киік саны 120 мыңнан асты

31.05.2015
Қырылған киік саны 120 мыңнан асты

Киікқырылған! Соңғы 2 аптадағы ахуалды бір сөзбен осылай сипаттауға болады. Сағат сайын Ақмола, Торғай, Ақтөбеден қырылған киіктер саны бойынша үздіксіз  ақпарат келіп жатыр.

Екі  күн бұрын, яғни, 28 мамырда Ақтөбеде тағы да 505 киіктің өлексесі табылды. Қырылған киік саны бүгінгі күні 120 мыңнан асты. Осы апта арнайы жұмыс тобы құрылды.

Зерттеушілер өлген киіктен анализ алып, сараптамаға жібергендерін айтады. Киіктердің жаппай қырылуына себеп болған тырнақшамен айтқанда, бірнеше «версия» ұсынылды.

Әдеттегідей «пастереллез» ауруы деді. Алғаш рет 100 шақты киіктің өлексесі табылғанда браконьерлерден келген бәле ме дестік. Кейін «гептилді» кірістірдік. Қысқасы, арнайы құрылған жұмыс тобы мүшелері де бір мәмілеге келе алмай әуре.

Айнұр Омар, тілші:

2014 жылы жүргізілген санаққа сенсек, Қазақстанда 300 мыңнан астам киік бар. Болған деп айтқанымыз жөн шығар. Қазіргі қалғаны 180 мың бас. Өйткені, 120 мыңнан астамы қырылып қалды.

Әлем бойынша, киіктер Моңғолияда, Ресейдің Қалмықиясында, бірер мың бас Өзбекстан, Түркіменстан жерінде бар. 90 пайыздан астамы Қазақстанның Торғай,  Бетпақ дала, Қызылорда құмында арасы 2000 шақырымға созылған жазық далада мекендейді. 

Өкініштісі, қазір осы дала  қашса ұстатпаған, қуса жеткізбеген киелі киіктердің өлексесіне толып кетті.

Биылғы санақ сұмдық! Бірақ, 120 мың киіктің өлгені  шындық. Қазақтың кең даласын мекендеген киелі жануардың осыған дейін де қырылғаны туралы фактілер жетерлік.

Әділқасым Жақыпбаев, ветеринария ғылымдарының кандидаты:

 70 жылдары 2 миллионға жеткен. Осы Астананың шетінде мынау Оразақ деген, Мәншүк деген жерлерде соның бәрінде киік болды. Көптігінен егінге шауып дегендей, 2 миллион киік Қазақстанда болған.

Содан құрып-құрып барып 90 жылдары 29 мың ғана киік қалған. Қаулы қабылданды, «Қызыл кітапқа» енгіздік. Қорғау жұмыстарын жүргіздік. Сөйтіп, қазір 300 мыңға жеткізіп едік, бүгінгі күні 120 мыңнан астам киігі қырылып қалды.

Қазақстанда киіктің 3 популяциясы бар. Ең көбі Бетпақ дала-Арыс - 220 мың, Еділ-Жайық популяциясы - 30-40 мыңдай, Үстірт - 3-4 мың бас. 2010 жылы Оралдағы Жәнібек ауданында 12  мың бас, 2011 жылы осы өңірде 440 бас киік қырылды.  Ол кезде кесел пастереллезден келді.

Ерлан Нысанбаев, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі:

2010, 2011, 2013 жылдары киік қырылғандағы сыртқы сипаттамалар қазіргімен бірдей. Ұқсас, ол іші кебу, іші өту, аузынан көбік ағу, осы сияқты. Дәл сол 2011, 2012, 2013 жылдағы өлген киіктердің сыртқы сипаттары. Ол жолы да пастереллез деген диагноз қойылған.

Пастероллез – мал ұзақ уақыт айдауда жүрсе, қыстан көтерем шықса, жейтін шөбі келіспей иммунитет әлсірегенде қозатын ауру. Ол ауа арқылы адамға да жұғады.

Әділқасым Жақыпбаев, ветеринария ғылымдарының кандидаты:

 Ауа арқылы, аэрегенно дейді. Ауа арқылы болғанда пневмания, бронхопевмания, оған қосымша менингит, отит дейді.

Ондай жоқ. 500-600 адам жұмыс істеп жүр. Өлген киіктің өлексесін ұстап сүйреп жүр. Ауырған бір адам туралы естідіңіздер ме?

Жанар Қақанова, Амангелді аудандық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:

Төтенше жағдайдың бізде болып жатқанын білеміз. Бірақ, пастереллезбен ауырып түскен адамдар бізде жоқ.

«Пастереллез» деген дауасы жоқ диагнозға депутаттар да қарсы шықты. Ғалымдардан басқа себеп іздеуді талап етті. Өйткені, жұқпалы ауру болса, сол маңдағы басқа мал да қырылар еді. Қисын жоқ. Кейбірі қызды-қыздымен  киіктерге жыл сайын осы індетке қарсы вакцина жасауды ұсынды.

Бірақ, бұл мүмкін емес. Біріншіден, киік сағатына 70-80 шақырым жүгіреді. Оларды ұстау үшін спорттық мотоциклмен қуып, жабық қораға қамау керек. Екіншіден, түз жануары адамнан қорқады.

Дәрі екпек түгілі 5 миунттан артық қинап ұстаса, қанынан адреналин көп бөлініп, жүрегі жарылып өліп кетеді. Үшіншіден, 2000 шақырым жерде шауып жүретін 300 мың киікті қамайтын қора-жай қайда?

Штефан Цутер кеше ғана киік қырылған өлкеден келді. Әлі жолдорбасын да ашып үлгірмеген. Неміс жігіті 8 жылдан бері Қазақстандағы био-алуандылықты зерттеп жүр. Көрген картинасы жүрек ауыртады.

Штефан Цутер, Қазақстандағы биоалуандылықты қорғау ассоциациясының үйлестірушісі:

Бұл жолғы аурудың сипаты бөлек. Мұнша бастың қырылып қалуы да тегін емес. Киіктер әр жерде өліп жатыр, бірақ симптом бірдей. Жануардың ішкі ағзасы қатты бүлінген. Уланған сияқты. Ішкі ағзасына қан шауып кеткен.

Өлекседен алынған анализ кем дегенде 2-3 апта тексеріледі. Оған дейін, әрине, түрлі болжамдар айтыла берері сөзсіз. Алғашында 100-ден астам тушаны көргенде, бәле «браконьерден» келді дестік.

Қырылып жатқанның 90 пайызы аналық бас. Бірақ, киіктің аналығында мүйіз болмайды. Демек, бір күдік сейілді. Осы тұста айта кетейік, мүйіздің бір келісі Қытайда 700-800 доллар тұрады.

Бір келі мүйіз алу үшін кемінде 4 киікті құрбан ету керек. Мүйізден бағалы дәрі жасалады. Сонымен, пастереллез емес, браконьер емес, екі нұсқа қисынсыз.

Мәжіліс депутаттары зауал бір келсе, улы отынмен ұшатын зымыраннан  келді деп топшылады.  «Антигептил» қоғамдық қозғалысы да бұл болжамды растайды. 

Мақсат Ілиясұлы, «Антигептил» қоғамдық қозғалысының белсендісі:

Протонның ұшу траекториясын қараңыздар. Байқоңырдағы Төретам станциясынан Арқалық, Қостанай, Ақмоланың үстінен өтеді. Протон Алтайдан асып, Байкалға жеткенде орбитаға ілінеді. Ал, 70-80 шақырым жерде киіктер лақтайтын Үрпек деген жер бар. Зымыран сынығы сол киіктердің «перзентханасына» түскен. Содан уланды.

Расында, гептилден келген кесел болса, басқа да тірі организмге әсер етуі керек еді. Ондай сыбыс естілген жоқ. Әділқасым Жақыпбаев 8 жылдан бері  киіктерді зерттеп жүр. Жан-жануардың паталого-анатомы, яғни, өлген малды сойып, зерттейді.

Өкінішке қарай, киіктер қырылған жерге бара алмады, бірақ, ол жақтағы әріптестері үнемі байланыста. Ветеринария ғылымдарының кандидаты мынадай болжам жасап отыр. 

Әділқасым Жақыпбаев, ветеринария ғылымдарының кандидаты:

Уланған. Менің ойымша кененің уымен уланған. Әйтпесе, ол жерде басқа у жоқ. Завод жоқ, рудник жоқ. Мұнай мұнарасы, андай-мұндай жоқ. Оның белгілерін мен сізге айтайын, мал мазасызданады, көзі алайып, ентігеді, аузынан сілекей ағады, тышқақтайды, ең ақырғы кезде артқы аяғы жұмыс істемей қалады. Шоңқиып қалады, одан кейін алдыңғы аяғы жұмыс істемей қалады. Одан кейін мойын еттері тартылып, 3-5 күн ішінде өледі.

Киіктер күн суығанда жылы жаққа ауып, көктем шыға жайлы қоныс іздейді. Киіктің аталығы 10-15 күн бұрын кетеді. Ал, аналық бастары буазы бар, құралайын енді өргізгені бар, асықпай желе жайылып аталықтарын қуып жетеді.

Төлдеу мамырдың бірінші жартысында өтеді. Ал, ауру симптомдары 10 күн аралығында байқалады, дейді зерттеуші. Кененің уы ағзаға осы уақыт аралығында тарайды. Ауру сипаты келіп тұр.

Мына кадрдегі киік артқы аяғын әрең сүйреп барады. Енді ұзаса жарты күндік өмірі қалды. Ол да 120 мың өлексеге қосылып, мына шұңқырға көміледі. Ал, кене- көп аурулардың  қоздырғышын мыңдаған жыл сақтайтын жәндік. Кенеден бөлек, киіктің басқа  да жауы бар. Ол – қоңыз.

Әділқасым Жақыпбаев, ветеринария ғылымдарының кандидаты:

Торғай жақта, Атырау жақта, Маңғыстау жақта, Өзеннің көл бойында құрақ шөп, қамыс, басқа да шөптерде өмір сүретін мынандай қоңыз бар. Қазақ мұны алагүлік дейді.

Алагүлік деген өте улы қоңыз. Үлкен емес, 1-2 сантиметр ғана. Мұны өзі, қаны, нәжісі, жұмыртқасы бәрі улы. Өте улы. Бұл – түйенің жауы. Ата-бабаларымыз ойбай, алагүлік пайда болды, келді деп құмға көшіп кетеді екен.

Әйтпесе, түйе қырылып қалады. Осы болуы мүмкін. Өйткені, Торғай даласында ол бар.

Әрине, бұл да нақты диагноз емес. Пастереллез, гептил, браконьер! Тіпті ашқарақтық, арам шөп жеді деген де нұсқалар болды. 5 мың жыл Бетпақ далада мекендеген жануар не жеп, не жемеу керектігін Сіз бен бізден жақсы білетін шығар.

Не болса да, бұл сұлу жаратылыстың  жартысынан көбі қырылды. Ғалымдардың айтуынша, киіктер көбіне егізден туады, әрі аналығы 5 айлығында қашып, бір жылдан кейін лақтай бастайды. Демек, алдағы 5 жылда киіктерді қорғау жұмысын қолға алсақ, 300 мыңды қайтадан қалпына келтіре аламыз.

Айнұр ОМАР

Хабарламаларға жазылу