Нұрсұлтан Назарбаев пен Реджеп Тайып Ердоған қоңыр салқын Елордадан жанға жайлы Түркістанға барды. Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне зиярат етті. Дәуірлер сынағанда, өзгелер билегенде, замандар илегенде кескіні сыр берсе де, кепиеті қашпаған еңселі кесене бұл. Жеті ғасыр бойы қазақтың қым-қиғаш тарихының куәгері.
«Не бар боламыз, я бордай тозамыз», деп тұрған қылкөпір кезеңдерде негізгі шешімдер қабылданған құнды мекен бұл. Онда Яссауи ғана емес, қазақтың 22 ханы, биі мен батыры, игі-жақсылары жерленген.
Президенттер қазақ хандарының шежіресін баяндайтын экспонаттарды да көрді. Жалпы аумағы 454 гектарға жайылған «Әзірет Сұлтан» мәдени-тарихи қорық мұражайына келетін туристер жылма-жыл көбейіп келеді. Былтыр 950 мың адам зиярат етіпті.
Екі ел Президенттерінің сапарына орай, Түркістанда жаңа мешіт ашылды. Бір мезгілде екі мың адам иық жанастыра намаз оқи алады. Қос Президент Алла үйінің ашылу салтанатына қатысып, Құран қайырды.
Еңселі мешіттің күмбезі жерден - 31 метр, мұнарасы - 33 метр. Бір байқағанымыз, негізгі бөлменің қапталындағы қос қабырға әйнектен. Әсері – кеңдікті сездіреді. Түркістан секілді климаты жұмсақ мекенге жарап-ақ тұр. Мешіт құрылысын түрік тарабы қаржыландырған, құны 12 миллион АҚШ долларына тең.
Түркістандағы Қ.Яссауи атындағы қазақ-түрік университеті түркітілдес мемлекеттер арасында халықаралық мәртебеге ие алғаш оқу орны. 8500 шәкірт білім алады. Қазақ, түрік, орыс, ағылшын тілдерінде.
Қос Президент естелік кітапқа тілек қалдырды. Сосын жастармен кездесті. Университет ұжымы Ердоғанға «Университеттің құрметті профессоры» атағын тапсырды.
Еркін ТАҢАТҚАНҰЛЫ