Әбілғазы Құсайынов еліміздің Батыс өңірін аралап шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әбілғазы Құсайынов еліміздің Батыс өңірін аралап шықты

19.04.2015
Әбілғазы Құсайынов еліміздің Батыс өңірін аралап шықты

Президенттікке кандидат Әбілғазы Құсайынов та осы аптаны ат үстінде өткізді. Еліміздің Батыс өңірін аралап шықты. Ақтөбе және Атырау облыстарына барған үміткер жұртшылықпен дидарласып, сайлауалды тұғырнамасының түпкі мақсатын тәптіштеп, түсіндіріп берді.

«19-20 ғасырлардағы әлемдік өнеркәсіптік революция салдарынан жағымсыз экологиялық орта қалыптасты. 21 ғасыр адамдары сол жолды жалғастыратын болса, оның соңы үлкен техногендік апатқа ұшыратуы мүмкін» - деді ол.

Әбілғазы Құсайыновтың Батыс облыстарға сапары Ақтөбеден басталды. Жұртшылық сайлауалды Тұғырнаманың айтар ойына мән берді. «Климаттың өзгеруі, озон қабатының жұқаруы және жаһандық жылынуға өндірістік өсу себепші екенін мәлімдеді үміткер.

Аманкелді Қалабаев, ҚР Президенттігіне кандидат Ә.Құсайыновтың сенімді өкілі:

Адамзат қоршаған ортаны құртып бара жатқан іс-әрекетін тоқтатпаса, жағдай қиындауы мүмкін. Сол себепті, бүгінде экология ғылымына биологияның бір саласы деп қарамау керек.

Үміткер қоршаған ортаны қорғауға қатысты өз ойын білдірді. Экологиялық мәселелерді айқындап, шешуге негізделген сайлауалды бағдарламасын байыппен түсіндірді.

Тұғырнамасында «жасыл векторды» жалау еткен кандидатты жиылғандар мұқият тыңдады.

Айтпақшы, жиынға Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының өкілдері де қатысты.

Әбілғазы Құсайынов, ҚР Президенттігіне кандидат:

Экологиялық проблемалар табиғаттың құрылымы мен қызметін бұзатын теріс құбылыстардың салдарынан пайда болуда.

Ақтөбе қаласындағы  көлік, коммуникация және жаңа технологиялар колледжінің ұжымымен кездесуде үміткер жиылғандарды сайлауалды тұғырнамасының негізгі бағыттарымен таныстырды.

Айқиғаш Демекбаева, ҚР Президенттігіне кандидат Ә.Құсайыновтың сенімді өкілі:

Әбілғазы Құсайыновтың алға қойған міндетінің бірі – экологиямыздың қауіпсіздігі, ірі кәсіпорындардың қауіпсіздігі. Әрине, экологиялық білімге үлкен мән беріп отыр.   

Әбілғазы Құсайынов адамзатты азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесі де күрделі екендігін жеткізді. Сонымен бірге, көп елде жасыл технологияның өндіріске енгізілмей отырғаны да сөз болды.

Әбілғазы Құсайыновтың сайлауалды сапары мұнайлы аймақ – Атырауда жалғасты. Ол көпшілікті тұғырнама тарауларымен түгел таныстырды. Атыраулықтар да үміткер бағдарламасының неге үндейтініне назар салды.  

Шамар Есмұрзин,  ҚР Президенттігіне кандидат Ә.Құсайыновтың сенімді өкілі:

Біз қоғамда экология  туралы білім беру мен қауіпсіздік мәселелері жөнінде насихаттауымыз қажет. Табиғатқа ұқыпты қарап, кейінгі ұрпақ назарына салуымыз керек.

ҚР Президенттігіне кандидат Әбілғазы Құсайынов Қатира Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық колледжіне де атбасын бұрды. Тұғырнамадағы басты басымдықтарға шолу жасаған үміткер экология мәселесі әсіресе 21 ғасырда өте өзекті екенін айтты.

Әбілғазы Құсайынов, ҚР Президенттігіне кандидат:

Соңғы 100 жылда адамның тұрмыс-тіршілігінен туындаған жағымсыз экологиялық ахуал  зиянын тигізіп отыр.

Жиында кандидат шешімін күттірмейтін жаһандық экологиялық мәселелердің бірқатарын атап өтті. Басты проблема – Жердің және ауа кеңістігінің зардап шегуі. Топырақтың құнарлы қыртысының жыл сайын жұқаруы да атап өткен мәселемен тікелей байланысты. Әбілғазы Құсайынов осылай ой тарқатты.

Атыраудағы Достық үйіндегі басқосуда кандидат жұртшылыққа әлемдік экологиялық ахуалдың мәселесін жайып салды. Қоршаған ортаны кіршіксіз ұстауды тақырып еткен тұғырнама көпшілік қаперіне салынды.

«Табиғат өмірге әкелген адам оның өзге де тірі жандары тәрізді экожүйенің ажырамас бөлігі ретінде тәртібіне көніп, заңдарына бағынды»,  - деді Әбілғазы Құсайынов.

Сондай-ақ, экологиялық мәселеге тиісті деңгейде назар аударылмай жатқанына мән берді ол. Халықаралық жиындарда ғаламшардың табиғи қауіпсіздігіне қатысты амал-шаралар аз. Сайлауалды маңызды шараның өту барысын Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының бақылаушылары қадағалады.

Әбілғазы Құсайынов, ҚР Президенттігіне кандидат:

Бүгінде адамның кез келген өнеркәсіптік, ауылшаруашылық, рекреациялық әрекеті табиғатқа әсер етіп, оны өзгеріске ұшыратады.

Кандидаттың пікірінше, миллиондаған жылдар бойы адам ағзасы табиғи таза ортада өмір сүруге үйреніп қалған, сондықтан өз қоқыстарымен ластанған ортада тұру оған ауыр тиіп отыр.

Ә.Құсайынов қағидатының басты мақсаты – экологиялық түйткілдер мен өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелері назардан тыс қалмауы керек.

Айбек ҚОБДАБАЙ

Хабарламаларға жазылу