Әбілғазы Құсайыновтың үгіт-насихат науқаны аясындағы алғашқы сапары Алматыдан басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әбілғазы Құсайыновтың үгіт-насихат науқаны аясындағы алғашқы сапары Алматыдан басталды

29.03.2015
Әбілғазы Құсайыновтың үгіт-насихат науқаны аясындағы алғашқы сапары Алматыдан басталды

Ел тұрғындары таза ауамен тыныстап, таза ауызсу ішуі керек. Бұл Президенттікке кандидат Әбілғазы Құсайыновтың сайлауалды тұғырнамасындағы басты қағидалар.

Ол бағдарламасында осы өзекті мәселеге мән беріп, өнеркәсіп саласындағы техникалық талаптарды қатаң бақылауды қолға алу керек, дейді. Әбілғазы Құсайыновтың үгіт-насихат науқаны аясындағы алғашқы сапары Алматыдан басталды.

Астанадағы іскерлік орталықтардың бірінде орналасқан штаб ең негізгі қызметті атқарады. Кандидаттың өңірлердегі сенімді өкілдері тікелей осы орталықтың пәрмені бойынша жұмыс істейді. Ал, штабтың жетекшісі болып Рүстем Жоламан тағайындалды. 

Бұрын әртүрлі мемлекеттік лауазымда болған. Ал, қазір бизнесті қолдауға арналған ұйымды басқарады. Алайда, алдағы 1 ай ішінде ол жұмысын ысырып, Әбілғазы Құсайынов штабының басшысы қызметін атқармақ.

Рүстем Жоламан, ҚР Президенттігіне кандидат Ә.Құсайыновтың сайлауалды штабының жетекшісі:

Алдымызда біраз жұмыстарымыз бар. Жоспар бойынша бізде жер-жерге баруымыз керек. Яғни, әр сайлаушыға өз платформамызды жеткізуіміз қажет. Одан кейін үгіт-насихат жұмыстарымызды барлық бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жеткізуіміз керек. Менің ойымша, дұрыс нәтижеге жетеміз.

Әбілғазы Құсайынов сайлауалды үгіт-насихат науқаны аясындағы алғашқы сапарын Алматыдан бастады. Онда ол «ОБИС» компаниясының еңбек ұжымымен кездесті.

Іс-сапарды дәл осы минералды және ауызсу шығаратын кәсіпорыннан бастауы бекер емес. Өйткені, кандидаттың сайлауалды тұғырнамасында таза ауа, ауызсу мәселесі басты назарға алынған.

Әбілғазы Құсайынов, ҚР Президенттігіне үміткер:

Адам баласы табиғат пен оның заңдылықтарымен үйлесіп өмір сүруі қажет.  Бұл адамзат өміріндегі ең басты принциптердің бірі. Біз экологияны өз үйіміз деп қабылдап, оған қамқорлық танытып, сақтауымыз керек.

Ал болашақ ұрпаққа табиғатты аялау керектігін үйретіп, экология бойынша көп ақпарат беріп, оның қауіпсіздігіміз, тазалығымыз үшін қажеттілігін білдіруіміз керек.

Минералды және ауызсу шығаратын «ОБИС» компаниясындағы жиында өнеркәсіптегі қауіпсіздік мәселесі де айтылды. «Заңда өнім мен процестердің қауіпсіздігі туралы және көп деңгейлі стандарттар мен сертификациялар туралы ережелер анық жазылған. 

«Менің мақсатым - осы ережелердің ашық және дұрыс жүзеге асуына қол жеткізу», деді Әбілғазы Құсайынов.  Оның айтуынша, өнім мен процестердің қауіпсіздігі мақсатында кәсіпорын қызметтеріне жүйелі қоғамдық бақылау жүргізілуін қамтамасыз ету керек.

Үміткер сайлауалды бағдарламасын «Белкамит» кәсіпорыны мен қалалық №7 балалар ауруханасының ұжымына таныстырды. Онда да көпшілік назарын бүгінгі экологиядағы мәселелерге аударды.

Экологиядағы тепе-теңдікті сақтау үшін Жер сағаты акциясына қосылуға шақырды. Яғни, жыл сайын наурыздың 28 күні әлем 1 сағатқа энергия қуатын өшіріп, ол арқылы табиғатқа келтірілетін орасан зиян көлемін азайтады. Біз де бұл шараға қатысамыз - деді ол.

Айбек ҚОБДАБАЙ

Хабарламаларға жазылу