Парламент депутаттары еліміздің әр өңірін аралап, тұрғындармен кездесулер өткізіп жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Парламент депутаттары еліміздің әр өңірін аралап, тұрғындармен кездесулер өткізіп жүр

11.07.2022

Парламент депутаттары бүгінде еліміздің әр өңірінде ауыл-аймақты аралап, тұрғындармен кездесулер өткізіп жүр. Көптің көкейіндегі мәселелерді тыңдап, елдің тыныс-тіршілігімен танысады. Депутаттардың өңірлерге сапары жайында тілшіміз Әділбек Серікұлы баяндайды.

Сыр өңірінен сайланған Мәжіліс депутаты Балайым Кесебаева Қармақшы ауданын аралады. Бүгінде өлкеде жайылымдық жер тапшы. Малға жайлы шұрайлы аумақтар жеке шаруашылықтардың еншісіне өтіп кеткен. Ал ауылдағы ағайын төрт-түлігін қорада бағуға мәжбүр. Сондай-ақ, ата кәсіппен айналысатын шағын қожалықтар мемлекеттік бағдарламалардың игілігін сезіне алмай келеді. Депутатқа базынасын жеткізген жұртшылық көтерілген мәселелердің шешімі болады деген үмітте.

Балайым Кесебаева, ҚР Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары:

Оны Үкіметтің алдына, Ауыл шаруашылығы министрлігі алдына қойып, оны шешуге долдарын қарап көреміз. Оның ішінде, субссидия. Қазір әрине мемлекет тарапынан миллиардтаған субсидиялар беріліп жатыр ауыл шаруашылығына.

Ақтауда Мәжіліс депутаты Наталья Дементьева аймақтағы этно-мәдени бірлестіктердің өкілдерімен кездесті. Әлемде геосаяси шиеленіс ушығып тұрған кезеңде елдің бірлігі маңызды екені айтылды. Бұл ретте Маңғытаудағы әр ұлт пен ұлыс достықты ту етіп, өзгелерге үлгі көрсетіп келеді. Жалпы үш күндік сапары аясында халық қалаулысы облыстағы бірқатар нысандарды аралап, әскери бөлімге барып, әскерилердің жағдаймен таныспақшы.

Наталья Дементьева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Президентіміз айтты ғой қаңтар оқиғасынан кейін әсіресе әскери күштеріне ерекше назар салуымыз керек. Әскеріміз мызты болмаса, шекарамыз ешқашан мықты болмайды. Әскерміздің жағдайы қандай, материалдық-техникалық базасын көргім келеді.

Облыста 82 мектеп жөндеуден өтпек

Кереку өңірінде депутаттар Ақсу қаласына табан тіреп, күрделі жөндеуден өтіп жатқан №4 мектептің құрылыс барысымен танысты. 55 жыл бұрын іргесі қаланған білім ордасын жаңғыртуға «Заманауи мектеп» жобасы аясында қаржы бөлінген. Айгүл Нұркина, Анатолий Бойчин мен Кера Ким бастаған мәжілісмендер ғимараттың өрт қауіпсізідігіне баса мән беру керектігін айтты. 2025 жылға дейін облыста мемлекеттік бағдарламамен 82 мектеп жөндеуден өтеді деп жоспарланған.

Әділбек Серікұлы


Хабарламаларға жазылу