Мемлекет басшысы Жылқы жылында маңызы ерен кездесулер өткізді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы Жылқы жылында маңызы ерен кездесулер өткізді

28.12.2014
Мемлекет басшысы Жылқы жылында маңызы ерен кездесулер өткізді

Жылқы жылы да жорғалап, тарих сахнасынан жылыстап барады. Киелі жануар ғой, біздің мемлекеттің өткен жылға өкпесі жоқ шығар. Тақымы тисе қайраттанған қазақ сол арғымағымен мына кең даланы бізге аманат қалдырып еді.

Күлтегіннің Боз аты дейміз, Ер Тарғынның Тарланы, Алпамыстың Байшұбары, Қобыландының Тайбуырылы, Қамбардың Қарақасқасы, Қабанбайдың Қубасы, Ақанның Құлагері, Исатайдың Ақтабаны, қайсы бірін тізейік. Бұл сәйгүліктер- қашаннан қазақтың серігі болған.

Есейген баласын «ат жалын тартып мінді» десе, елге бас болған азаматты «атқамінер» дейді. Биліктің де биік шыңы біз үшін – аттың үсті. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев та өтіп бара жатқан жылқы жылын ат үстінде өткізді. Кейде апталап күндерін көк аспанда, ұшақта өткерді. Сыртқы, ішкі саясатта да ел үшін мән-маңызы ерен кездесулер өткізді.

180 миллиондық нарыққа жол ашар Еуразиялық экономикалық одақтың  құқықтық құжатын бекітті. «Нұрлы Жол» экономикалық саясатын жариялады. Қазақстан, Түркіменстан және Иран жұртын жалғаған теміржолды іске қосты.

Қазақстан астығын тиеген бұл жүк пойызы Түркіменстан арқылы Иран шекарасын кесіп өтті. Тағы бір елеулі оқиғалардың бірі- «Жезқазған-Бейнеу» және «Арқалық-Шұбаркөл» теміржол желілерінің ашылуы. Қазақтың қамы үшін шетелге сапарлады, шеттен қонақ күтті.

Астана.    2014 жыл, 29-шы мамыр. Еуразиялық экономикалық одақтың  құқықтық  құжаты бекіген күн.  Қазақстан, Ресей, Беларусь  президенттері келісімшартқа салтанатты түрде  қол қойды. Құжатты саясаткерлер дәуірлік мәнге ие келісімшартқа балады. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартты әзірлеу бойынша ауқымды жұмысты аяқтадық. Құжатқа қол қою Еуразиялық кеңістіктегі сапалы интеграциялық үдерістердің  жаңа кезеңі басталғанын  білдіреді. 

Шарт сауатты, теңгерімді, оған қатысушы мемлекеттердің барлығының мүдделерін  есепке ала отырып  түзілді.  Келіспеушіліктер де баршылық болғанымен, біз барлық тараптарды қанағаттандыратын  ортақ консенсусқа келіп отырмыз. 

Одақ келісімшартының ірі-ірі  4 бөлігі, 28 бөлімі,  118 бабы  және 32 қосымшасы бар. Әр бапты үш елдің сарапшы мамандары бірге дайындады. Шартты Президенттің сауатты түзілді  деуі де тегін емес. Бұл іске тәуелсіз сарапшылар, жүздеген маман  жұмылдырылды.   

Владимир Путин, Ресей Федерациясының Президенті:

Біздің бүгінгі кездесуіміз тарихи маңызға ие. Қазақстан, Ресей және Беларусь Еуразиялық  экономикалық одақ туралы шартқа қол қояды. Бұл құжат мемлекеттердің егемендігін сақтай отырып, біздің елдерді интеграцияның жаңа деңгейіне шығарады.

Құжатқа қол қою рәсімінің Қазақстан астанасында өтіп жатқаны – символдық мәнге ие. Себебі, Еуразиялық одақ идеясының басында Нұрсұлтан Назарбаевтың тұрғаны белгілі.

Одақтың орталығы Еуразиялық  экономикалық комиссия Мәскеуде, Минскіде Еуразиялық сот орналасады. Онда халықаралық ұйымның құқықтық мәселелері, даулар шешіледі. Ал, қаржылық құрылымы Алматыда  орналасады.

170 миллиондық  алып нарық жүйелі жұмыс істеген кезде, ішкі жалпы өнім көрсеткіші 2030 жылға қарай 25 пайызға артады. Ортақ  ішкі жалпы өнім 900  миллиард  доллар болады деген болжам бар.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біреулер мұны Тәуелсіздіктен айырылу, Кеңес одағының қайтадан құрылуы деп жатты. Бәрі бос сөз. Біз одан баяғыда өтіп кеттік. Ол кездерді мүлде білмейтін жаңа буын өсіп-жетілді.

Кеден одағына мүше елдер арасындағы сауда алғашқы жылдары 40 пайызға дейін өссе, енді ол саябырси бастайды, өйткені бұл – бүкіләлемдік үрдіс.

Соған қарамастан, бұл тек ақша мөлшеріне қатысты. Ал, шын мәнісінде тауар айналымы мен бірлескен кәсіпорындардың құрылуы бәрібір жандана түседі. 

Биыл Қазақстан Еуропа одағымен де ынтымақты мықтай түсті. Брюссельде жаңа құжат бекіді. Кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісім деп аталады.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз онымен 8 жыл бойы ұзақ уақыт жұмыс жүргіздік. Сондықтан, бұл – Қазақстан үшін елеулі жеңіс.

Біздің ел сонымен қатар, Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру жөніндегі келіссөздерді аяқтап қалды. Бұл маңызды оқиға, өйткені, біз осыған орай 15 жылдан астам уақыт жұмыс істедік.

ДСҰ-ға мүше барлық 160 мемлекетпен келісім жүргіздік. Мен өзім кірісіп,  АҚШ, Ресей, Үндістан, Еуроодақ елдері басшыларымен сөйлестім.

Еуроодақ – Қазақ елінің сыртқы саудасындағы ең ірі серіктесі. Екіжақты сауда құны 53,4 миллиард АҚШ долларын еркін еңсерген.

11-ші қараша. Астана. Қазақ Президенті «Нұрлы Жол» жаңа экономикалық саясатын жария етті. Бұл жаһанға жайылған жаңа дағдарыстың біздің экономикаға деген теріс әсеріне қарсы қам. Қазақстан әлемдік экономикаға кіріккен ел. Ендеше геосаяси егестен туған дағдарыс әсер етпей қоймайды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз теріс үдерістердің алдын алу үшін барлық ықтимал шараларды жедел қабылдауға тиіспіз. Менің тапсырмам бойынша, Үкімет белсенді жұмысқа кірісіп кетті.

Біз 2015 жылға арналған республикалық бюджеттің параметрлерін қайта қарадық. Бұл дұрыс, өйткені, біздің экспорттық шикізат ресурстарына бағаның құлдырауы бюджеттің кіріс бөлігіне қаржы түсуін төмендетуге алып келуде.

«Нұрлы Жол» Астана мен аймақтарды жалғайды. Өңірлер арасын жолмен өреді. Астанадан – Алматыға, Өскеменге,  Ақтөбе мен  Атырауға, одан әрі Ресейдің Астраханына,  Қарағанды мен Жезқазғанға – әрі асып, Қызылордаға дейін жол салынады. Үкімет  жыл сайын Ұлттық қордан  3 миллиард доллар  қаражат бөлмек. Тағы 9 миллиард  доллар халықаралық қаржы институтарынан тартылады.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Осы жылдардың бәрінде шикізат өндіру мен одан түскен табыстарды біз осы қорға салып келдік. 10 миллиард долларды біз 2007-2009 жылдардағы дағдарысқа қарсы күреске бағыттадық. 

Қалған қорды ішіп-жеп және жұмсап қойған жоқпыз, сақтадық,  көбейттік. Қазір біз осы резервтерді пайдалануға тиіспіз. Бұл қаржы қиын кезді еңсеріп, экономикамыздың өсімін ынталандыруға көмектесетін болады.

Қазақстан – экономикасын өңдеуші секторға енді бұрған мемлекет. Негізгі түсім шикізаттан. Бірақ 2009 жылда басталған индустриялық бағдарлама секілді, «Нұрлы Жол» да дағдарысқа мықты қалқан болмақ. Ең бастысы, елге жұмыс болады, Қазақ елінің транзиттік әлеуеті артады. Ал, транзит дегеніңіз – табыс.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бұрыннан ойлап келе жатқан, халыққа керек нәрсе. Мысалы, біздің жиған қорымыз болмаса, біз бұған бара алмас едік. Көлік инфрақұрылымы дегеніміз – жол. Кең байтақ Қазақстанның жерінде жол болмаса, адамдар бір-бірімен қатынаспайды.

Жолға ешқандай бизнес ақша бере алмайды, себебі бұл көп жылда қайтарылатын нәрселер. Бизнестің оған жағдайы жоқ. Тек қана мемлекет, күшті мемлекет, жағдайы бар мемлекет жол салады.

Біздің теміржолдарымыздың барлығы солтүстікке қарай, Ресейге қарай. Қазақстанның арасында жол жоқ. Біз Қостанайдан Ақтөбеге дейін 300 шақырым жол салдық. Себебі, Қостанайдан Ақтөбеге кіру үшін үш рет Ресейге кіру керек.

Екі рет шекарадағы тексерістен өту керек болады. Қанша қиын болғанымен, біз оны салдық. Жол бойынша қаншама мекеме бой көтеріп, тұрғындар жұмыспен қамтылды.

Жезқазған-Бейнеу, Арқалық-Шұбаркөл. Биыл осы екі бағытта 1200 шақырымдық теміржол төселді. Үлкен оқиға, маңызды шешім, батыл қадам.

Бұл жолдардың ашылу салтанатына Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев   өзі қатысты. Стратегиялық маңызы орасан теміржол Қазақстанның  төрт тарабынан жүк тасуды бір мың шақырымға дейін қысқарта түседі.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Ал енді кейінгі, мынау Қорғастан Жетігенге,  Арқалықтан Жезқазғанға, Жезқазғаннан Бейнеуге дейінгі теміржол желісінің құрылысын бітірдік. Сол арқылы Қазақстан теміржол желісімен толық қамтамасыз етілді.

Сондықтан, «Нұрлы Жол» айқындаған көлік мәселесі – басты нәрсе. Жол – экономиканың күре тамыры, адамдардың өзара қарым-қатынасы, өңірлердің орталықпен байланысы, облыстардың бір-бірімен қатысуы.

Қазақ үшін қасиетті   Ұлытау жерінде Елбасы  биыл мемлекетіміздегі ең маңызды қоғамдық тақырыптар   төңірегінде сұхбат берді. Ұлт тағдырына қатысты күрделі мәселелерді сөз етті. Мемлекеттің бүгіні   үшін құнды,  ертеңі үшін  маңызды пікірлерін ортаға салды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қай жерден біз тарихымызды іздеп табамыз десек, арғы ғұндар – біздің бабаларымыз. Одан бері қарай  келетін болсақ – Ұлы түркі қағанаты. Біздің жеріміз қай кезде де сол елдердің орталығы болды. Одан кейін – Алтын орда.

Осының өзін санайтын болсақ,  2000 жылдық тарихымыз шығады. Соның барлығынан өтіп келіп, тілімізді, дінімізді, ұлттығымызды сақтап қалған қандай керемет халық бұл қазақ деген? Ешқайсысымен қосылып кеткен жоқ.

Мына тұрған Қазақстан – бүкіл тарихтың түп-тамыры. Тарихқа келгенде, желісі, жолы осы. Біз жастарымызды осылай тәрбиелеуіміз керек.

Қалың  елді бір марқайтып  тастаған  тағы жаңалық – Қазақ хандығының 550 жылдығына қатысты шешім. Мақсат – мемлекеттіліктің беріктігін таныту ғана емес, жас буынның елге деген құрметін күшейту, сенімін орнату, танымын тереңдету.

Елбасы биыл  қырықтан астам елдің  көшбасшыларымен жолықты. Көлікпен, ұшақпен 120 мың шақырым  жол  жүріп өтті.  Бұл экватордың ұзындығымен бірдей қашықтық. Көкте ұшқан уақытын түгел жиып қосса, бір апта аспанда жүрген болып шығады.

Жайнагүл ТӨЛЕМІС

Хабарламаларға жазылу