«Нұр Отан» партиясының Саяси кеңесі өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Нұр Отан» партиясының Саяси кеңесі өтті

16.11.2014
«Нұр Отан» партиясының Саяси кеңесі өтті

Он бірінші айдың он бірі. Ырымдап жоспарладық па, әлде жай сәйкестік пе, әдемі ұқсас сандарға құрылған бұл күн – екі бірдей елеулі оқиғамен есте қалды. Алғашқысы – билік партиясы «Нұр Отанның» саяси кеңесі.

Президенттің өзі қатысатын кеңейтілген отырыс. Сондықтан, биліктің биік шыңында жүргендер сейсенбіде бірі қалмай, Елбасы кітапханасына ағылды, сағат 10.00 болмай, сол жерден табылды.

Қазақстанда қазір тоғыз партия. Бастары піспей, пікір келіспей қақ бөлінгені бар, сайлаушыларымен бірге тауардай сатылып-саудаланғаны бар. Кезінде қайраттары тайған соң, күш жинайық деп біріккендері де жоқ емес, заттары өзгермесе де, аттары өзгергендері де бар араларында.

Бірақ, осы алғы шепте жүрген бірді-екілі партиядан басқасының бар-жоғы білінбейді. Қармағы қапқанда селк етіп оянар балықшыдай сайлау кезінде ғана өре түрегеледі. Былайғы уақытта тым-тырыс.

Ал, «Нұр Отанның» белсенділігін ел білер. Сайлаушылар алдындағы уәдеге келсек, бұл партия сайлау алдындағы міндеттерінің 70 пайызын орындаған. Тұрақты экономикалық даму, жұртты жұмыспен қамту, әлеуметтік саладағы игіліктер, жаңа бағыттағы өндірістер ашу.

«Нұр Отан» мойнына алған міндеттер осындай еді. Енді қараңыз. Жан басына шаққандағы ақшалай табыстар 3 жыл ішінде 22 пайызға, жалақы 21 пайызға өсіпті. 2011-ден бүгінге дейін 400 мыңнан астам ел тұрғыны жұмыспен қамтылған.

36 500 ауыл тұрғынына шағын несиеден көмек берілсе, олардың 25 мыңнан астамы кәсіп ашып, тұрмыс түзеген. Заң шығару саласындағы партияның белсенділігін ерекше ескерсек, 5-ші сайланған мәжілістің 3 жылға жуық жұмысы кезінде нұротандықтар 240-тан астам заңның күшіне енуіне ықпал еткен.

Қарапайым сайлаушымен тіке кездесуде де билік партиясы алда. Биыл 1-ші жартыжылдықтың өзінде түрлі лауазым иелері 9 мың қоғамдық қабылдау өткізсе, өтініштердің 70 пайызы қанағаттандырылған.

Бұл жолғы саяси жиынның сүбелі тұсы - сыбайлас жемқорлыққа қарсы 2025 жылға дейінгі іс-қимыл бағдарламасы қабылданды. Көптің талқысынан өтіп, әбден сұрыпталған құжатта қоғамдық кеселді жою жолдары жан-жақты қарастырылған.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы:

Мәселен, партия 2017 жылға қарай кедейшілік деңгейін 6,1 пайызға дейін төмендетуді мақсат еткен еді. Бүгіннің өзінде бұл көрсеткіш екі есе төмен – 3 пайыз. Біз жұмыссыздық 5 жылда 5,4 пайызға дейін қысқарады деп жоспарладық.

Қазірдің өзінде 5 пайыздық деңгейге жетіп отырмыз. Бүгінде Қазақстанның экономикалық қуаты Орталық Азияның барлық елдері экономикаларының жиынтық көлемінен 2 есеге асып түседі.

ІЖӨ адам басына шаққанда 13,5 мың доллардан асты, бұл Шығыс Еуропаның көптеген елдерімен, Түркиямен, Малайзиямен, Бразилиямен деңгейлес.

Еркін ТАҢАТҚАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу