«Нұр Отанның» қатары толықты

30.11.2014
«Нұр Отанның» қатары толықты

Қазір барлық өңірде партияның сайлауалды тұғырнамасының орындалуына қатысты есеп беру жиындары өтуде.

Сондай есеп беру конференциясының Қарағандыда өткен жиынына Мәжіліс төрағасының орынбасары, Парламенттегі «Нұр Отан» фракциясының жетекшісі Дариға Назарбаева қатысты.

Онда 2013-2014 жылдар аралығында өңірде партияның сайлауалды тұғырнамасын іске асыруда жүктелген міндеттердің орындалу барысы талқыланды.

Жалпы, халықтың әлеуметтік ахуалы партияның жіті назарында. Облыста жұмыссыздық деңгейі 5 пайыз шамасында.

Конференция барысында партияның жаңадан қабылданған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасы түсіндірілді.

Жолдау негізінде Ұлттық қордан бөлінетін қаражаттың ысырапсыз жұмсалуын қатаң қадағалау - «Нұр Отан» партиясының басты міндеті.

Ал, «Нұр Отан» партиясының Шығыстағы филиалының саяси кеңесі жаңа құраммен толықты.

Партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің қатысуымен Өскеменде өткен кезекті есеп беру сайлау-конференциясында филиалдың жетекшісі болып облыстың жаңа әкімі Даниал Ахметов сайланды.

Жиын кезінде Бауыржан Байбек Жолдауда айтылған  жаңа экономикалық саясаттың маңызына тоқталды. Бұл тұрғыда ол Жолдау жүктеген міндеттердің мүлтіксіз орындалуы партия мүшелеріне қосымша жауапкершілік жүктейтінін айтты.

Дариға Назарбаева, ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары, «Нұр Отан» партиясы фракциясының жетекшісі: 

Мемлекет басшысының «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» Жолдауы «Нұр Отан» партиясының Саяси кеңесі отырысында жарияланды. Бұл ең алдымен партияға деген жоғарғы сенімнің көрсеткіші әрі партияның Елбасының стратегиялық бағытын жүргізуші ретіндегі маңызды рөлін тан,у деп есептеймін. Бірақ, ең бастысы бұл біздің әрбірімізге жүктелген орасан зор жауапкершілік.

«Нұротандықтар» өздеріне артылған жауапкершілікті сезіне отырып, сыбайлас жемқорлықты жою тұрғысындағы шараларды күшейтеді.

Бұл мәселе «Нұр Отан» партиясы Қызылорда облыстық филиалының есептік конференциясында сөз болды.

Жиында сөз алғандар стратегиялық құжат халықтың әл-ауқатын одан әрі жақсартуға бағытталған нақты біртұтас жоспар екендігіне тоқталды.

Қазір жұртшылықтың еліміздегі жетекші партияға деген сенімі зор. Мұң-мұқтажын партияға келіп айтады, көмек сұрайды.

Сондықтан да, Жолдаудағы әрбір мәселені негізге ала отырып, партия мүшелері ел игілігі жолында еңбек ете бермек.

Соңғы екі айда «нұротандықтар» ел аймақтарында барлығы 241 есеп-беру конференцияларын өткізсе, оған 800 мыңнан астам партия мүшесі қатысқан.

Ал, биыл жыл бойы «Нұр Отан» пратиясы 20 678 қоғамдық қабылдау өткізіп, оған 560 мың адам хабарласқан.

Сол қабылдаулардың 325-ін депутаттар, 62-ін министрлер, 2000-ға жуығын барлық деңгейдегі әкімдер өткізген.

Қуаныш Сұлтанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» партиясы саяси кеңесі бюросының мүшесі:

Тәуелсіздіктің арқасында, дұрыс жүргізілген саясаттың арқасында қазір бізді әлем мойындап отыр, қазақ деген ұлтты мойындап отыр. Сол қазақ мемлекетін мойындатып  отырған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке тұлғасы, ақыл-ойы, орынды айтқан сөзі, халық игілігіне атқарып жүрген қызметі.

Сонымен қатар, Президент күні қарсаңында «Нұр Отан» партиясының қатары жаңа мүшелермен толықты.

Күні кеше ғана саяси партияға еліміз бойынша 1 мың адам мүше болды. Олардың қатарына зиялы қауым өкілдері, спорттағы саңылақтар, өнер жұлдыздары мен қатар қарапайым еңбек адамдары бар.

Солардың бір тобына партия билеттерін Партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің өзі табыстады.

 

Мейіржан ӘЛІБЕКҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу