Қазақтың өнімдері Мәскеуде саудалануда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақтың өнімдері Мәскеуде саудалануда

28.09.2014
Қазақтың өнімдері Мәскеуде саудалануда

Қазақ кәсіпкерлері Ресейдің кең нарығын ұтымды пайдалануы тиіс. Бұл пікір қазір шоқтай қызып, біздің қоғамда жиі айтыла бастады.

Ресейдің Еуропа жұртымен, АҚШ-пен арадағы дүрдараздығы, бір-біріне кергуі, килігуі,  өзара санкциялардың көбеюі  осындай ойға тірегені анық.

Ал, қимыл бар ма шын мәнінде? Негізі Қазақстан мен Ресей және Беларусь арасындағы сауда-саттық бұған дейін де жүйеленген. Құр қағаз жүзінде емес.

Экономикалық одақ құруға ұмтылып отырған үш елдің мүддесі үлкен. Ал, былтыр Қазақстанның Кедендік одақ шеңберіндегі сауда-саттығы 24,2 миллиард АҚШ долларына тең келіпті. Біз Ресейге не сатып отырмыз,  көрші елге бет алған кәсіпкерлердің өнім саудалау мүмкіндігі қалай?

Нұртас Солтанұлы, тілші:

Қазақтың ұлттық тағамы бауырсақты Подолськ қаласының тұрғындары жақсы біледі. Себебі, қалада «Бауырсақ» атты дүкен бар. Бұл жерге келген сатып алушыларға тек қана азық-түлік сатылып қана қоймай, сонымен қатар, қазақтың салт-дәстүрі, ұлттық тағамдары насихатталады.

Дүкеннің ашылғанына жарты жыл ғана болды. Қазір қаланың екінші бөлігінен арнайы іздеп келетіндер де бар.

Светлана Ваулина, Подольск қаласының тұрғыны:

Бұл дүкеннің қызмет көрсетуі де, сатылатын тауары да керемет. Үйдегі қант-кәмпит бітіп қалса, бірден осы жерге келемін. Себебі, қазақтың өнімі сапалы екен.

Қазақтың қамзолын киген сатушы, ұлттық нақыштағы сувенирлер, ең бастысы, дүкендегі барлық тауар біздің елде шығарылған. Сондықтан, бұл жерге Подольск қаласына Қазақстаннан көшіп барған орыстар да жиі келіп, қазақша қауқылдасып, өзара қалжыңдасып тұрады.

Дүкенде 100-ге тарта өнім бар. Олардың басым бөлігі - кондитерлік заттар. Бұдан бөлек, шай, кеспе, консерві, тіпті ұн дейсіз бе, қысқасы, айына 10 тонна тауар сатылады.

Елена Кандакова, кәсіпкер:

Мен бұрын Қазақстанда, Павлодарда тұрғанмын. Сондықтан, туыстарыма барған сайын аздаған кондитерлік өнімдерді әкеліп сата бастадым. Сосын 2-3 жылдың ішінде кеңейтіп, міне, дүкен аштым. Мұның барлығы - Кедендік одақтың арқасы. Себебі, бұрынғыдай тексеру жоқ, тауарды тасымалдағанда қосымша шығын шықпайды әрі оны Қазақстаннан Ресейге тез арада әкелуге болады. 

Елена Кандакова енді дүкеннің заты атына сай болсын, деп, бауырсақ пісіріп сатқалы отыр. Әзірге таңсық өнімді таныстырып, келген жұртқа дәм ауыз тигізуде.

Ольга Жунку, Подольск қаласының тұрғыны:

Мен бұрын бауырсақ дегеннің не екенін білмейтінмін. Енді міне, ауыз тиіп көріп едім, өте дәмді екен. Сондықтан, алдағы уақытта  келіп алып тұратын боламын. Тек қана бауырсақ емес, басқа да Қазақстанда шығарылған азық-түлік заттарын сатып аламын.  

Кәсіпкер келешекте бауырсақты танымал брендке айналдырғысы келеді. Алдағы меже - Мәскеуден де дәл осындай тек қана қазақстандық тауарлар сатылатын дүкендер желісін ашу.

Әзірге Ресей астанасында қазақстандық заттар көптеп сатылатын жалғыз орталық бар. Елена  Кандакова «Бауырсақ» дүкенінде сатылатын тауарларды осы жерден алып жүр.

Зеленоградтық Александр Гулягин да бұл қоймадан ай сайын 20 тоннаның саудасын жасайды. Осылайша, бүкіл Мәскеу өңіріне қазақтың азық-түлігі тарап жатыр.

Александр Гулягин, кәсіпкер:

Қазіргі таңда қазақтың қант-кәмпитіне тең келер өнім жоқ, деп есептеймін. Біз Беларусьтің өнімін де сатып көргенбіз, халыққа ұнамады. Ресейде жақсы тауарлар бар, бірақ, оны жақсылап таңдау керек. Себебі,  бір өндірушінің өзі бір тауарды әр кезде әртүрлі шығарады. Ал, қазақстандық тауарларды қай уақытта алсаң да ұялмай сатасың. Сондықтан, қазір қазақстандық азық-түлік Ресейде кеңінен танылып келеді. 

Бұл көтерме және бөлшек сату орталығын да біздің жерлесіміз, бұрынғы Балқаштың тұрғыны Алите Кротова 2011 жылы ашқан.

Оның айтуынша, қазақстандық азық-түліктің сапасы жақсы, дәмі тіл үйіреді, ең бастысы, химиялық зиянды қоспа жоқ. Сол себепті күн сайын 40 мың тонннаға дейін азық-түлік тұтынатын бір ғана Мәскеу қаласының өзі біздің өнімді талап әкетіп жатыр.

Алите Кротова, кәсіпкер:

Мәскеу қаласынан бөлек, бізге облыстардан да келетін 200-ге тарта тұрақты сатып алушыларымыз бар. Әр айда сауданың көлемі әрқалай. Алайда, бізден бірінші рет келгенде 10 мың рубльға тауар алған адам 1 аптадан соң қайта оралып, 100 мың рубльға сауда жасап кетеді. Себебі, сапалы өнімге сұраныс күшті. Шамамен ай сайын 400-500 тоннаға дейін қазақстандық азық-түлікті сатамыз.  

Мұндай тұрақты сауда орындарынан бөлек, соңғы кездері Мәскеудегі уақытша ұйымдастырылатын жәрмеңкелерде де қазақтың азық-түлігі көптеп сатыла бастады.

Нұртас Солтанұлы, тілші:

 Бұл күндері Мәскеу қаласында ауылшаруашылық өнімдерінің 70-ке тарта жәрмеңкесі өтіп жатыр. Оған қазақ кәсіпкерлері де белсене қатысуда. Мәселен, мына менің артымда тұрған үлкен шатырдың іші Қазақстанда өсірілген, өндірілген тауарларға толып тұр.

Оңтүстікқазақстандық Виктор Пономаренко - шағын ғана қожалықтың иесі. Шаруа Кедендік одақтың арқасында өз өнімін Мәскеуге кедергісіз әкелді.

Енді міне, бірнеше күннің ішінде ол 2 тонна балдың біразын сатып үлгерген.   

Виктор Пономаренко, шаруа қожалығының басшысы:

Бұл жерге келіп сауда жасау - бізге тиімді. Мәскеу қалай дегенмен қымбат қала ғой, сондықтан,  тауарды да жақсы бағаға өткізуге болады. Соның арқасында жолға, қонақүйге кеткен шығынымыз ақталып, тіпті пайда көріп отырмыз. Шақыратын болса, мұндай жәрмеңкеге тағы да келемін.

Сөреге күнделікті дастарханға керекті алуан түрлі өнім қойылған. Қыркүйекте басталған бұл жәрмеңке келер айдың ортасына дейін ұласады.

Сондықтан, өнімін өткізген кәсіпкер елге оралып, оның орнына басқасы келіп жатыр.

Гүлжан Бодукова, ҚР-ның РФ-дағы Сауда өкілінің орынбасары:

Осы қаланың тұрғындары, қонақтары біздің тауарды жақсы алып жатыр. Бір келгендері қайтадан келіп жатыр. 2-3 күннің  ішінде жәрмеңкеге 2 миллиондай адам келді.

Осылайша, Қазақстанның азық-түлігі Мәскеуде емін-еркін саудаланып жатса, ал, жеңілөнеркәсіп өнімдері нарыққа енді-енді кіргелі отыр.  

 Нұртас Солтанұлы, тілші:

 Бұл күндері Қазақстанда шығарылған тауарлар Түркияның немесе Қытайдың өнімдерімен бәсекелесетіндей деңгейге жетіп қалды. Мәселен, мына  костюмнің материалы жақсы әрі  денеге де ыңғайлы. Сондықтан, отандық өндірушілерді қолдаймын десеңіз, Қазақстанда жасалған киімді сатып алыңыз.

Серік Ахметовтің Шымкент қаласында шұлық өнімдерін шығаратын шағын фабрикасы бар. Ол 2009 жылдан бері осы  кәсіптен нәсіп тауып жүр. Әзірге бизнесменнің тауары тек Қазақстанда ғана сатылып жатыр. Сондықтан, ол Ресей нарығына шығатын жолдарды іздестіріп, Мәскеудегі киім-кешек көрмесіне арнайы келген. Еңбегі зая кетпеді. 

Серік Ахметов, кәсіпкер:

Көрмеге келушілер біздің өнімімізге ерекше назар аударды. Өйткені, біз шығаратын киімдердің бағасы арзан, ал, сапасы жақсы. Біз сапаға мән беру арқылы өз әріптестерімізге Қазақстанда жасалған тауардың әлемдік брендтерден еш кем емес екенін дәлелдегіміз келеді. Бұл көрме өзімізді әлемге таныстыру үшін жақсы мүмкіндік берді.

Көрмеге елімізден барлығы 7 компания келді. Шығарған өнімдері кез келген нарықтың бәсекесіне төтеп береді.

Мәскеуде олар 20-дан аса нақты келісімшартқа қол қойды. Осылайша, қазақ кәсіпкерлері елімізден тысқары жерлерде де нарықтың һәм халықтың сеніміне ие бола бастады. 

Дана Досқажанова «Kaznex Invest» АҚ менеджері: 

«Kaznex Invest» экспортты қолдау үшін отандық өндірушілерді тұрақты түрде өзге елдің нарығына шығарумен айналысады. Мәселен, біз қазақстандық кәсіпорындарды ірі халықаралық көрмелерге қатыстырамыз, сауда белгілерін таныстырып, жарнамалауға көмектесеміз. Осы жүйелі жұмыстың арқасында экспорт көлемі ұлғайып келеді.

 Бұл - Мәскеу қаласы мен облысында сатылып жатқан тауарлардың кейбіріне қысқаша шолу. Әйтпесе, екі ел арасындағы сауданың көрігін қыздыратын негізінен  - өңірлер. Яғни, Қостанай мен Челябинск, Ақтөбе мен Орынбор сынды қоңсы қонған облыстар.

Әзірге ресми деректер Қазақстанның Ресейге бағытталған экспорты биылғы жылдың қаңтары мен шілде айы аралығында 3 миллиард долларға жуықтағанын көрсетіп отыр.

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

 

Хабарламаларға жазылу