«Атырау-Алматы» пойызының вагондары рельстен шығып кетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Атырау-Алматы» пойызының вагондары рельстен шығып кетті

20.04.2014
«Атырау-Алматы» пойызының вагондары рельстен шығып кетті
 
Атырау облысындағы теміржол апатына не себеп болғаны бір аптадан соң айтылады. Қазір зардап шеккен жолаушылардың өміріне еш қауіп жоқ. Атырау билігі осылай дейді.
 
Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, кеше кешқұрым Астана уақытымен кешкі сағат бес жарымдар шамасында Алматыдан Атырауға бағыт алған жолаушылар пойызы Мақат ауданының орталығынан 50 шақырым жердегі Кенбай және Жантерек станциялары аралығында рельстен шығып кеткен еді. Осының салдарынан пойызда келе жатқан 800-ге жуық жолаушының 60-тан астамы түрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілген.
 
Сина Гасанова, жолаушы:
Вагонның дәлізінде тұр едім. Кенеттен дәл біздің 15-вагон рельстен ауытқып, аударылды. Вагондағы жігіттер абдырамай, барлығын далаға шығара бастады. Содан кейін төтенше жағдайлар қызметінің мамандары мен бірнеше жедел жәрдем көлігі келді.
 
Гүлзи Нұғманова, жолаушы:
Стопкранды біреу басып қалды, дейді. Содан тарс-тарс ете қалды. Мен жер сілкінісі деп ойладым. Рахмет. Аман болсын. Көмектесті әйтеуір бәрі бір кісідей болып.
 
Төтенше жағдайдан кейін, құтқару қызметкерлері мен жедел жәрдем қызметі 44 жолаушыға медициналық көмек көрсеткен. Жалпы, пойызда 586 жолаушы болған, оның 35-і қызмет көрсетуші жұмыскерлер. Аударылып қалған вагондарда 210 жолаушы мен 12 жолсерік болған.
 
Апат болған жерге 69 құтқарушы, 12 арнайы техника, 2 тікұшақ және 2 қалпына келтіру пойызы жеткен. Сондай-ақ, 45 дәрігер мен 6 жедел-жәрдем бригадасы және 4 психолог жұмылдырылды. Мақат аудандық ауруханасында жиырмадан астам адамға амбулаториялық көмек көрсетілсе, облыстық ауруханаға 6 адам жеткізілген.
 
Бекболат Қуанышев, травматолог-дәрігер:
Әрбір науқасқа психологтар келіп, сөйлесіп, жүйкелерін тыныштандырып жатыр. Алғашқы көмектің барлығы көрсетіліп жатыр. Өмірлеріне қауіп жоқ.
 
Болғанай Үсенова, жолаушы:
Қолынан келгендерінің бәрін істеп жатыр. Рахмет. Барлығына мың да бір алғыс айтқым келеді. Мен бұлай болмаса, түсінбес едім. Шын мәнісінде, барлығы жүгіріп жүр, өзінің қызметін атқарып жатыр.
 
Айта кетейік, рельстен шығып кеткен бұл вагондар жаңа. 2006, 2007 жылдары шығарылған. Қытайдан әкелінген. Көлік және коммуникация министрлігінің өкілдері бүгін осындай ақпарат таратты. Қазір басқа пойыздардың жүрісі тоқтамас үшін бұзылған 325 метр теміржол бөлігі жөнделіп, қозғалыс қалпына келтірілді.
 
Әсет Асаубаев, ҚР Көлік және коммуникация министрлігі Көліктік бақылау комитетінің төрағасы:
Жол учаскесі жөндеуді қажет етпеген. Өйткені, күн сайын қызметкерлер тексеріп отырады. Ақау жолда ма, вагонда ма, әлде локомотив бригадасы кінәлі ме себеп оны мамандар жақын арада анықтайды.
 

Хабарламаларға жазылу