Осы аптада мемлекеттік қызметтегі саяси тұлғалардың бір парасы Ақордада ант берді. Дәстүрге айналған рәсім. Жоғары Сот Кеңесінің төрағасы Бектас Бекназаров, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің төрағасы Қозы-Көрпеш Жаңбыршин, Президент Күзеті қызметінің бастығы Әнуар Садықұлов, және өзге де Үкімет мүшелері мен облыс әкімдері салтанатты түрде ант берді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев берілген анттың әр сөзі зор жауапкершілік жүктейтінін атап өтті.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Айтылған анттың әр сөзінің үлкен жауапкершілігі бар. Бекерге жүргізіліп отырған рәсім емес. Ел алдында үлкен-үлкен мақсаттар тұр. Үлкен белестер тұр. Сондықтан, әрқайсың өз салаңда тапсырылған міндетті мейлінше жоғары дәрежеде орындауларың қажет.
Жайнагүл ТӨЛЕМІС